Шыңғырлау ауданында Мемлекеттік қызметшілер күніне орай спорт клубының ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілер арасында волейболдан жарыс өтті. Оған 4 команда қатысты.
Мемлекеттік қызметте жүрсе де, спортты ұмытпай, физикалық қабілеттерін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған шара қызметкерлердің көңілінен шықты.
Тартысты өткен ойын соңында аудан әкімі Ә.Мұханбетжанова барлық қатысушыларды құттықтап, арнайы дипломдар мен медальдар табыс етті.
Нәтижесінде І орынды аудан әкімінің аппараты иеленсе, ІІ орынды округ әкімдері командасы қанжығасына байлады. Ал ІІІ орын Шыңғырлау ауылдық округіне бұйырды.
Сонымен қатар, Т.Сағынгереев «Үздік шабуылшы», М.Сатыбалдиев «Үздік ойыншы», А.Курмангужиева «Үздік байланыстырушы» аталымдарына ие болып, арнайы дипломдармен марапатталды.
А.Лекерова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz