Шыңғырлау ауданының Ащысай ауылында жаңа пәтерлер қолданысқа берілді. Осы жылы аталған округ бойынша қоспәтерлі 7 үйдің құрылысы бой көтерді. Жуырда округке қарасты Амангелді ауылында 4 пәтердің кілті иелеріне тапсырылған еді, енді міне Ащысай ауылында да жаңа қоныстойлар қуанышы жалғасып жатыр.
Жаңа пәтерлер кілтін табыстау рәсімінде сөз сөйлеген облыс басшысының орынбасары Бақытжан Нарымбетов:
– Ауылдағы пәтерлер құрылысы – ауылдардың еңсесін көтеру, ауыл тұрғындарына қолдау көрсету, халықты ауылға қоныстандару, елді-мекендердегі тұрғындар санын көбейтіп ауылшаруашылығын алға тарту мақсатында жүзеге асуда. Осынау тұста ел азаматтарының ауыл халқының ауызбіршілігі көңіл тоғайтады. Келе жатқан Тәуелсіздік күні құтты болсын, ер-азаматтар ынтымақты болғай, жаңа қоныстарыңыз құтты болсын, балалар аман өссін, ұрпақ өсіріп, әрқашан аман жүріңіздер, - деген тілегін жеткізді.
– Ауылымызға жағымды жаңалық болып тұр бұл пәтерлер, ауылымыздың әлеуметтік- демографиялық өсіміне де әсер етері сөзсіз. Осыны ұйымдастырып, ауылға көңіл бөліп отырған мемлекетімізге, облыс, аудан басшылығы, өзіміздің жергілікті әкімімізге алғыс көп, - дейді ауыл қариясы Уахит Сұлтанов.
Қоспәтерлі 5 үйдің құрылысын жүргізген кәсіпкер Әлібек Талдыбаев Орал қаласынан арнайы құрылыс тобымен жұмыстанған. Жергілікті азаматтар да құрылыс жұмыстарына тартылған.
– Үйлердің әдемі қоршаулары, электр желісіне қосу, газ отынын жалғау жұмыстарын жергілікті жігіттер, тиісті мекемелер тындырды. Жаңа пәтер иелеріне құтты қоныс болсын, - дейді мердігер азамат.
Жаңа пәтерлер Орал қаласынан қоныс аударған Жансая Ғалиева, Ақтөбе қаласынан көшіп келген Гүлназ Есбекова, ауыл тұрғындары Шыңғыс Рахым, Диана Шалабаева, Сандуғаш Шинасилова, Фарида Жұмағазиева, Гүлмира Мансурова, Әсемгүл Елемесоваларға бұйырды.
Қаршыға Елемесов
Шыңғырлау ауданы