Қалада қалуға барлық мүмкіндік бола тұра, алыс ауылды таңдап, ел игілігі үшін адал еңбек етіп жүрген жас мамандар аз емес. Солардың қатарында Қарағаш ауылдық округіне қарасты Ақсуат ауылында еңбек етіп жүрген жас спорт мамандары – Құсайын Ерболатов пен Мақпал Ерболатова бар.

Құсайын Ерболатов 2001 жылы Сырым ауданы Тамды ауылында дүниеге келген. Жосалы ауылындағы Аблолла Жұмағалиев атындағы мектептің түлегі. 2018–2022 жылдары Алматы қаласындағы Қазақтың спорт және туризм академиясында спорт саласы бойынша жоғары білім алып шықты. Еңбек жолын Шыңғырлау спорт клубында бастап, кейін №22 және №31 мектептерде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды. Қазіргі таңда Ақсуат ауылында дзюдо күресінен жаттықтырушы болып, ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығын арттыруға үлес қосып жүр.
Жолдасы Мақпал Ерболатова да – спорт саласының білікті маманы. Ол 2001 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Каркен Ахметов атындағы республикалық мамандандырылған спорт мектеп-интернатының түлегі. 2019–2023 жылдары Қазақтың спорт және туризм академиясын тәмамдап, еңбек жолын Орал қаласында волейбол жаттықтырушысы ретінде бастаған. Бүгінде Ақсуат негізгі орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.

Жас мамандардың айтуынша, ауылға келудегі басты мақсаттары – балалардың спортқа деген талабын шыңдау,салауатты өмір салтын қалыптастыру және туған елге нақты пайдасын тигізу.
«Қалада жұмыс істеуге мүмкіндік болды. Бірақ ауыл балаларына сапалы білім мен спорттық тәрбие беру үшін ауылға келіп, өз үлесімізді қосқымыз келді», – дейді Құсайын Ерболатов.
Ал жұбайы Мақпал Ерболатова:
"Ауылда еңбек ету – үлкен жауапкершілік. Мұндағы әрбір бала – сенің еңбегіңнің айнасы. Соның нәтижесін көргенде шаршағаның ұмытылады. Бүгінде ауыл әкімі де, мектеп басшылығы да жас буын өкілдерінен құралған. Бұл – ауылдың болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік береді,"– дейді.
Биыл Ақсуат ауылында жаңа мәдени-спорт кешенінің пайдалануға берілуі де жас мамандардың жұмысын жандандыра түсті. Заманауи спорт нысаны ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, түрлі спорт түрлерімен жүйелі айналысуына үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Ақсуат негізгі орта мектебінің директоры Ұлболсын Бахитова жас мамандардың ауылға келуін оң бағалап, олардың жұмысына ризашылығын білдірді:
«Ерболат пен Мақпал – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, ізденімпаз жас мамандар. Ауыл үшін мұндай кадрлар аса қажет. Жастардың алыс ауылды таңдап, осында тұрақтап қалуы – үлкен үлгі.Тұрғын үймен қамтамасыз етілді», – деді ол.
Бір қыз тәрбиелеп отырған жас отбасы бүгінде Ақсуат ауылында тұрақты өмір сүріп, ауыл спортының дамуына үлес қосуда. Осындай жігерлі жастар барда ауылдың да, елдің де болашағы жарқын болары сөзсіз. Қызмет барысындағы жауапкершілік әрдайым табысқа бастайтыны анық. Бұл тұрғыда Құсайын жаттықтыратын Ақсуат негізгі мектебінің 5-сынып оқушылары Мақсот Нұреділ мен Серік Арсен Сырым ауданында дзюдо күресінен өткен біріншілікке қатысып, жүлделі III орынға ие болғанын атап өтуге болады.

Бұл жетістік-тынымсыз еңбектің, жаттығу мен жігердің нәтижесі. Жас спортшыларымыз жарыс барысында табандылық пен қайсарлық танытып, өздерінің шеберліктерін көрсете білді.
Оқушыларымыздың бапкері Құсайын үнемі ізденіс үстінде жүретін,шәкірттерін жеңіске жігерлендіре білетін азамат.
Көзі ашық, көкірегі ояу Құсайын мен Мақпалдай жастарымыздың кішкентай ауылда үлкен сеніммен жұмыс істеймін, еңбек етемін деп келуінің өзі қуантады. Жастардың мәдени дамуы, азаматтық белсенділігін арттыру – мемлекетіміздің тұрақты дамуына әсер ететін маңызды факторлар болып саналады.
Светлана Байтенова,
Шыңғырлау ауданы