Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінде «Туған жер – әр адамның түп қазығы» атты аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевтің аудан жастарымен кездесуі өтті.
Ауданның түрлі саласында еңбек етіп жатқан жастары, студенттер мен оқушылар аудан басшысының, бірқатар бөлім басшыларының, кәсіпкерлердің ақыл-кеңестерін тыңдап, сұрақтарын қойған ашық сұхбаттасу форматында өткен кездесу болды. Еліміздің түпкір-түпкірінде білім алып, ауылға келіп жұмыс жасап жатқан азаматтар туған жерге қызмет етудің маңыздылығын, қажеттілігін айтып, жастарды еңбекке, елжандылыққа шақырды.
Кездесу барысында еліміздің әр өңірінде оқып жүрген аудан мектептерінің түлектерінің жетістіктері айтылып, аудан орталығында қызмет етіп жүрген жас мамандар туралы бейнебаяндар көрсетілді.
Сондай-ақ «Жылдың үздік қоғам белсендісі» республикалық номинациясының иегері Бекболат Файзуллин, «21 LIVE» облыстық рухани даму медиа жобасының жеңімпазы Әділхан Наурызбай аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Басты мақсат туған жерге қызмет етуді насихаттау, ауыл әлеуетін қолдау және дамытуға шақыру, білікті мамандарды ауылға тарту, түрлі салада қызмет етіп жатырған және білім алушы аудан жастарының басын қосып, ой-пікірлері мен ұсыныстарын білу болып табылады. Дәл осы бағыттағы жұмыстар көптеп атқарыла берсе, еңбектің қадірін, туған жердің құндылығын түсінетін жалынды жастар көп болары сөзсіз.
Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы