27.03.2025, 17:00
Оқылды: 278

Шыңғырлауда жолдарды тегістеу жұмыстары жалғасуда

Биыл көптен күткен көктем әп-сәтте келіп қалғандай. Соңғы үдете жауған қар да лезде еріп кетті. Жер дегдігеннен-ақ Шыңғырлауда ауылішілік және ауданмен қатынастыратын жолдардың  жүргіншілерге ыңғайсыздық тудыратындай күйде екендігі көзге шалынды.

486283846_1422448375801849_7138170164271133329_n

Дереу осы бағыттағы жұмыстарды қолға алу қажеттігі туындаған сәттен ауыл-аймақтарда тегістеу, жолдарды қыру жұмыстары басталып кетті. Қызылкөл-Ардақ-Ақтау бағытындағы жұмыстарды қолға алған «Умарғалиев» ЖК аталмыш жұмыстарды сапалы жүргізуді басты міндет етті. Әлденеше рет техникаларымен жолдарды кедір-бұдырларынан тегістеп, жол жүру сапасына көңіл бөлді. Осындай жұмыстар Ащысай ауылында да қолға алынып, округке қарасты Амангелді, Мырзағара, Жіңішке елді мекендері бағытында жолдарды қыру жұмыстары аяқталды. Әсіресе Жіңішке ауылында судан кейінгі орын алған жыраларды өз техникасымен бітеу жұмыстарына ат салысқан ауыл азаматы Орынбасар Кушевке жұртшылық дән риза.

Ақтау ауылдық округінде де ауылішілік жолдарды тегістеу жұмыстарын жүргізу үшін сенбілік ұйымдастырылды.  Бүгінде өткелдер толық қалыпқа келтіріліп, жолдарды тегістеу жұмыстары мәреге жетті. Ауыл тазалығын одан әрмен сақтау бағытындағы сенбіліктер әлі де жалғасын табады дейді ауыл әкімшілігі.

Басқа да округтерде дәл осындай жұмыстар ұйымдастырылып, жер қатып кетпей тұрып, жұмысты аяқтау көзделуде.

Аудан орталығында, әсіресе тұйық көшелер бағытында ауыр техникалар өткеннен кейін шұңқыр болып жатқан бұрылыс жолдары бар. Осы жәйтті де естен шығармай тегістеу жұмыстары жүргізілсе деп күтіп отырған тұрғындар назы да назардан қалмаса екен.

                                                                                  Гүлшат Ботанова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале