3.07.2024, 18:00
Оқылды: 99

Шыңғырлаудағы ілгері басқан істер көз қуантады

Шыңғырлау ауданының басшысы Мұрат Өмірәлиев Ащысай ауылдық округінде болып, бірқатар нысанды аралады.

D786BE29-578A-46E8-A79A-1EE1C15D31EE

Сапар барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алып, құс шаруашылығын өрбіткен «Інжу» жеке кәсіпкерлігінде болды.  Округ тұрғыны Әйгерім Бисенғалиева аталмыш бағдарлама аясында Башқұрт елінен «Ланда» тұқымды ет бағытындағы қаз жұмыртқаларын алдырған. Сол жұмыртқалардан инкубациялық жолмен 1 000-ға тарта құс өсіріп, бағып жатыр.

Балапандар бір айда қарақанаттанып, өсіп қапты. Кәсіпкер қолдан көл жасап, балапандардың жақсы өсуіне жағдай жасап қойған. Су жер асты суларынан ұңғыма арқылы алынып тұр.

Балапандар күтім талабына сәйкес уақ, орташа және ірі жем жейтін кезеңдерден өтіп, бірыңғай жалпы жемдеу түріне көшкен. Шаруашылық иесі қыркүйек айына дейін жартысына жуығын жем-шөп шығынына жұмсап, күзге 500 бас қалдырмақшы. Аудан басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасының бір кезеңдік емес екенін ескерте өтіп, бұл шаруашылықтың алдағы жылдарда барша ауданды құс етімен қамти алатын әлеуетке ие болуы керек екенін атап айтты.

Шаруашылық алдағы жылдарда құс санын көбейтіп, қазды 3 мың, үйректі 1 мың басқа жеткізуді жоспарлап отыр, сондай-ақ тауық шаруашылығын жолға қою да жоспарда бар.

1E2A3B5B-6975-4A35-8846-3C85508B2358

Бұдан әрі Ащысай елді-мекені бойынша құрылыс нысандарын аралады. Бүгінгі таңда жергілікті әкімшілік өз күшімен жаңа ғимаратының құрылысын жүргізуде, қабырғасы тұрғызылып, шатыры жабылған жаңа ғимараттың құрылыс материалының дені ағаштан екен. Осы себепті аудан басшысы өрт қауіпсіздігінің сақталуын, электр сымдарын жүргізуде дұрыс маман таңдалып, ағаш материалдардың өртке қарсы арнайы сұйықтықпен өңделуін қатаң тапсырды.

Жаңадан салынбақ ауылдық фельдшерлік-амбулаториялық нысанның орыны да қаралып, ғимараттың дұрыс орналасуы, айналасының абаттандырылуы басынан дұрыс ойластырылуы тұрғысында қатаң тапсырмалар берілді.

Бұдан басқа ауылдың шеткі көшесінде қос пәтерлі 5 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мердігер – жергілікті кәсіпкер Ә.Талдыбаев. Бүгінгі таңда 2 үйдің іргетасы толық құйылыпты. Қарқынды жүріп жатқан жұмыс көз қуантады.

Қаршыға Елемесов

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале