Бүгін Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиев халыққа есеп беру кездесу жиынын өткізді. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов пен бірқатар облыстық сала басшылары қатысты.
Жиын басталмас бұрын аудан кəсіпкерлерінің өнімдерінің көрмесін тамашалаған облыс басшысы оларға мемлекет тарапынан барлық көмектің болатынын айтты. Елбасының Жолдауы аясында ауылшаруашылық саласын арттыруға барлық мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Кездесу барысында аудан әкімі өткен жылғы атқарылған игі істер мен алда тұрған міндеттерге тоқталып өтті. Есепті кездесуді қорытындылаған өңір басшысы ағымдағы жыл атқарылуға тиісті бірқатар істерді айтып өтті.
-Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойымен ерекшеленген жыл біздің өңір үшінде табысты болды. Жаңа ғимараттар мен тұрғын үйлер бой көтеріп, жолдар жөнделді. Әр аудандағы білім беру, денсаулық сақтау нысандары мен мәдениет ошақтары күрделі жөндеуден өтті.
Халық игілігі үшін жасалған бұл істер Елбасы мен елдегі саясаттың арқасында атқарылуда. Осы бағыттағы жұмыстар осы жылы да өз жалғасын табатын болады.
Шыңғырлау ауданы бойынша атап айтар болсақ, Тасмола және Лубенка ауылдарының су құбырларын қалпына келтіруге 352 млн. теңге қаржы қарастырылды. Биыл басталатын су құбырын қалпына келтіру жұмыстары келесі жылы да жалғасады.
Тасмоланың фельдшерлік-акушерлік пунктін күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 32 млн. теңге қаржы бөлінді. Биыл Алмазный елді мекенінде ауылдық Мәдениет үйіне жасалып жатқан күрделі жөндеу аяқталады. Сондай-ақ осы ауылдың фельдшерлік-акушерлік пункті күрделі жөндеуден өтеді. Алмазный ауылының осы екі әлеуметтік нысаны үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден 100 млн. теңгеге жуық қаржы қарастырылған.
Сондай-ақ Шыңғырлау аулының ішкі көшелерін жасауға облыстық бюджеттен 252 млн. теңге қаржы бөлінбек,-деді сөйлеген сөзінде облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Жиында сөз алған шыңғырлаулық ағайын халықтың жақсы өмір сүруі үшін атқарылған істерге алғыс айтып, аудан әкімінің жұмысына оң баға берді.
Нұрбек Оразаев