Бүгін күрделі жөндеуден өткен Шыңғырлау аудандық балалар мен жасөспірімдер мектебінің ашылу салтанаты өтті.
Жарты ғасырлық тарихы бар балалар спорт мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджеттен 96 млн. 627 мың теңге қаражат бөлінген. 2022 жылдың мамыр айында басталған күрделі жөндеу жұмыстарын мердігер «Батыс Котло Монтаж» ЖШС-і жүргізді. 1972 жылы салынған және жалпы аумағы 770,3 шаршы метр болатын спорт нысанында үлкен спорт залы, жаттығу залы, күрес залы мен жаттықтырушылар бөлмесі, спортшыларға арналған жуынатын бөлмелері, сонымен қатар ғимарат сыртында жаттығатын спорт алаңы балаларға қызмет етпек.
Жөндеуден өткен ғимараттың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова аудан тұрғындарын заман талабына сай қайта жөндеуден өткен нысанның ашылу салтанатымен құттықтап, әлемге танымал спортшылар қатары арта бергін деген тілегін білдірді.
Келесі сөз кезегін алған спорт саласының ардагері Әскербай Саматов салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, осындай барлық жағдайы жасалған нысанда шынығатын балалар қатары көп болсын десе, жобаның бас мердігері «Батыс Котло Монтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілі Қадырбек Нығметов шыңғырлаулықтарды мерекемен құттықтады.
Балалар мен жасөспірімдер мектебі ғимаратының ашылу лентасын аудан әкімі Әлия Биғазықызы мен Әскербай Саматов салтанатты түрде қиып, жиналған халық нысанды аралады. Салтанатты қуаныш ауыл өнерпаздарының шағын концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz