16.01.2025, 12:30
Оқылды: 440

Шыңғырлаудан шыққан академик

Біз, қазақ деген халық, өте талантты халықпыз, шамасы. Себебі, қасымызда жүрген таланттарды мойындай бермейміз. Мұхтар Әуезовты мойындау үшін, оны алдымен орыстар мойындау керек боолы. «Абай жолын» орысшаға аударып, содан басқа тілдерге аударылғанда барып, біздің ақын-жазушылар мен ғалымдар мойындай бастады.

Мұхтар Шахановты да Америка, Франция, Германия, Жапония  т.б. елдер шығармаларына таң қалып, әлем проблемасын көтерді деп марапаттай бастағанда және Түркия «Әлем ақыны» деп танығанда біз оған Қазақстанның Еңбек Ері деген атақ бердік.

Мұндай мысалдар көп. Соған қарағанда, біздер өте қабілетті халықпыз, сондықтан ондай қабілет өзімде де бар деп немқұрайды қараймыз. Бірақ өзіміздегі талантты бойымыздан шығара білмейміз...

Ал ғалымдар туралы, тіпті де, білмейміз. Ал әлемді мойындатқан ғалым -  біздің замандасымыз Жүсіпбеков Асқар Жағыпарұлы. Ол 1955 жылы Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Ақбұлақ ауылында (бұрынғы Шілік совхозы) дүниеге келген. Оның әкесі Жүсіпбеков Жағыпар Ысмағұлұлы  соғыс ардагері, өмірін ұстаздыққа арнаған жан. Ол Тасмола орта мектебінде 40 жылдай орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп және оқу ісінің меңгерушісі болған ел сыйлайтын  жан еді. Осындай адамнан Асқардай ұлдың тууы заңды деп білемін. Асқар онжылдықты Тасмола орта мектебінде аяқтап, Ленинград қаласында инженер-құрылысшы мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітіреді.

WhatsApp Image 2025-01-16 at 12.39.12

 

1985 – 1999 жылдары Қарағанды Мемлекеттік индустриялық университеті халықаралық қатынастарының проректоры болып, МҚЖ кафедрасының профессоры қызметін атқарады.

2000-2016 жылдары Гумилев атындағы Евразиялық университеті ғимараттарды жобалау кафедрасының меңгерушісі, геотехникалық институтының  директоры қызметінде болады.

Азиядағы іргетас топырағының механикасы бойынша халықаралық ассоциациясының вице-президенті ретінде іргетас қалау жұмыстарын зерттейді. Бүгінгі күні ол «Геотехникалық орталық» жауапкершілігі шектеулі  компаниясын басқарады. Ол Қазақстанда Халықаралық геотехникалық конференциялар ұйымдастырып, тәжірибе алмасады. Оған Жапония, Ресей сияқты көп ел ғалымдары қатысады.

Өзі ISSMGE бағыты бойынша 150-ден аса халықаралық конференцияға қатысып, Жапония, АҚШ, Германия, Австралия, Жаңа Зеландия т б елдерде ағылшын тілінде лекция оқиды. Студенттердің шетел жоғары оқу орындарында оқып, тәжірибеден өтуіне ықпал жасайды. Ол Жапон елінің геотехникалық ассоциациасының ең жоғарғы марапатымен марапатталды. Оны Жапон геотехникалық ұйымының президенті Юниче Тюсеке ұсынды. Оған себеп Асқар Жүсіпбекұлының басшылығымен Түркия, Тайван, Тәжікстан, Ирак, Үнді т б елдерінің ғалымдарының докторанттары ғылыми дессертацияларын қорғауына көмектескені және ол Жапон елінде жиырма шақты жоғары оқу орны  мен құрылыс орталықтарында да лекция оқуы еді.

Ол сонымен қатар жақсы спортсмен. Ол жекпе-жектен әлем бойынша танымал  спортшының бірі.

Асқар Жүсіпбекұлы биылғы жылы қаңтар айында 70-ке толады. Жасыңыз құтты болсын, ақбұлақтың азаматы! Атағыңыз әлемді шарлап, біліміңіз тыңдаушыны сүйсіндіріп, талантыңыз талай жаңалық ашуға септігін тигізіп, қайда жүрсеңіз де аман жүріңіз. Сіз биіктеген сайын, біздің ауыл да, елің де биіктейді. Шығар биігің көп болғай, ғалым-ұстаз!

 

                                                                                              Мәриям Мәдиқызы,

                                                                                                                        Астана

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале