27.05.2020, 5:51
Оқылды: 85

Шыңғырлаудың Ақбұлақ ауылына мәдениет үйі салынады

Ақбұлақ ауылының тұрғындары үшін биыл жағымды жаңалық бар. Он жылға жуық уақыт күткен ауылдық мәдениет үйінің мәселесі биыл түбегейлі шешілмек.

2DBD2933-47AE-4B1D-BC43-2F8E4A76B678

Естеріңізде болса, 2011 жылы 4 тамыз күні сол кездегі Тасмола ауылының мәдениет үйі бір түнде отқа оранып, көзді ашып-жұмғанша күлге айналған болатын. Содан бері ауыл тұрғындары рухани орынды аңсап, жыл сайын әкімдердің есептік кездесулерінде жаңа мәдениет үйінің мәселесін жиі-жиі көтеретін еді. Енді, міне, халықтың сұранысын жүзеге асыру мақсатында «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 210 млн.теңге қаражат бөлініп, 26 мамыр күні құрылыс жұмыстары басталды.

72618C4B-E91C-403B-8F75-738F24D48AE2

 1957 жылы бастапқыда асхана ретінде бой көтерген ғимарат кейін үлкейтіліп, Мәдениет үйіне «айналады». Жарты ғасырға жуық тарихы бар ескі нысан Ақбұлақ ауылының бар өмірінің куәсі болғандай.

«Осы ауылда туып-өсіп, саналы ғұмырымды осы ауылдың мәдениет саласына арнаған жанмын. Сол себепті, мәдениет үйіміздің жоғы жанымызға қатты бататын. Дегенмен ескі интернат ғимаратында дайындық жұмыстарын жүргізіп, ауылдық мектептің салтанат залында түрлі мәдени шараларымызды жүзеге асырдық. Мәдениет үйі болмаса да, барлық мерекелерді жоғары деңгейде атап өтуге тырыстық. Енді, міне, қуанышымызға орай, ауылымызда мәдениет үйінің алғашқы іргетасы қалануда. Біз де, халық та риза. Жалпы жаңадан салынған үй болсын, ғимарат болсын, болашаққа үлкен сенім береді», - деп Ақбұлақ ауылдың мәдениет үйінің музыка жетекшісі Аман Сұлтанғалиев өз қуанышымен бөлісті.

Заман талабына сай үлгіде бой көтеретін мәдениет нысанының құрылысын мердігер «Риал Техно» ЖШС жүргізеді. 1281 шаршы метрді құрайтын мәдениет үйінің жұмыстары 11 ай мерзім ішінде жоспарға сай жүзеге аспақ. Мердігері «Риал Техно» ЖШС-нің учаске бөлімінің басшысы Мұқанғали Мейрам: «Талапқа сай берілген уақыт ішінде мәдениет ошағын салып бітіреміз деген ойдамыз. Барлық техникаларымыз бен құрал-саймандарымыз дайын және заман талабына сай. Атап айтқанда, кран, КамАЗ, каток, бетон араластырушы, т.б. түрлі 10 шақты техника жұмыс жасайды. Жұмысшылар да жеткілікті, келісімшартқа сай Ақбұлақ ауылының 26 тұрғынын жұмыспен қамтимыз. Дегенмен жұмыс жасауға ниет білдіргендер болса, артық жұмысшы қолы бізге артық етпейді. Жұмыстың түрлеріне байланысты айына 80 мыңнан жоғары жалақы төленеді» дейді.

«Ауыл халқы жаңа құрылыс нысанының басталғанына дән риза. 10 жылға жуық мерзім ішінде мәдени ошақсыз жұмыс жасау өте қиын болды. Экономикалық жағдайлар, әлемдік дағдарыстар орын алғанда халыққа ең алдымен жылу, жол, су мәселесі басты орын болған. Енді, міне, рухани орынға қол жеткізетін күн де алыс емес», - дейді ауылдық округ әкімі Е.Айшуақов.

Жаңа ғимаратта 150 орындық көрермен залы, кітапханасы, мұражайы мен үйірме бөлмелері, қызметкерлердің кабинеттерімен қоса, медициналық, т.б. бөлме болады. Болашақта жаңа нысанда талай ауыл өнерпаз жастарының жұлдызын жағатын орынға айналатынына сенім білдірейік!

Ал жұмысшыларға іске сәт дей келе, сапаға аса мән беруді ұмыспаса дейміз.

Аман Ізмұхан

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале