16.08.2022, 16:46
Оқылды: 39

Шыңғырлаулық әйелдер әлеуметтік жобада

Бүгін Шыңғырлауда республика бойынша өткізіліп отырған «Бір ауыл - бір өнім» жобасының іріктеу кезеңі өтті. Аталмыш әлеуметтік жоба еліміз бойынша 2021 жылдың 12-ші қарашасынан бастау алған болатын. Жобаға қатысып, жақсы көрсеткіштерімен анықталған, танылған 4 өңір бүгінгі таңда өз өнімдерін сатылымға шығарып, бизнестерін дамытуда. Осындай жобаға үн қосқан  шыңғырлаулықтар  да әріптестерінен қалыспай аудандық мәдениет үйінде қолдан шыққан бұйымдары мен тағамдарын, өнімдерін көрмеге қойып, облыстан келген қонақтардың бағасын алды.

26

Нақтырақ айтсақ, көрмеде қыз жасауына қажетті ұлттық киімдер, зерленген бас киімдер,  көрпе-жастық,  қыз-келіншектерге арналған әшекейлер мен ою-өрнекті тұс киіздер, тоқыма бұйымдары,  бисерден өрілген дүниелер,  сондай-ақ, құрт-ірімшік, жент пен май, қаймақ, сүзбе, қайнатылған сары су, суретші қыл қаламының туындылары, тіпті дәрілік шөптен әзірленген шырын, бал мен жақпа май өнімдеріне дейін шығарылды. Сан алуан өнімдердің көрмесін аудан әкімінің орынбасары Азамат Бисембаев салтанатпен ашып, құттықтау сөз сөйледі.

Қызықты да әсерлі өткен көрмені тамашалау нәтижесінде оралдық комиссия мүшелері қатысушыларға  облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры және облыстық іскер әйелдер қоғамының атынан алғысхаттар табыстап, көрмеде топ жарған іскер әйелдердің аттарын атады.

Нақтырақ айтсақ, іріктеуден өтіп жобаға қатысушы құқығы екі әйелге -  көрмеге киізден жасалған өнімдерімен келген қарағаштық Нұржамал Құлмағанбетоваға және  дәмді де әдемі құрт жасап, көзге түскен ақтаулық Самал Құрымбаеваға берілді.

Айслу Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале