Бүгін Шыңғырлау ауданында егін, мал шаруашылығы бойынша 2022 жылдың қорытындысы және 2023 жылға жоспарлар және ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер тақырыбында жиын өтті.
Жиынға аудан әкімі Ә.Мұханбетжанова төрағалық етіп, оған ауылдық округ әкімдері, мекеме, бөлім басшылары, ауыл шаруашылық мамандары, шаруашылық құрылым және АШӨК басшылары қатысты. Күн тәртібінде ауданымыздың егін, мал шаруашылығы бойынша 2022 жылдың қорытындысы талқыланып және 2023 жылға арналған жоспарлар туралы айтылды.
Сонымен қатар баяндама жасаған Шыңғырлау ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Қайрат Төлегенов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Рүстем Еслямов әрқайсысы басқарып отырған өз салалары бойынша жұмыстарынан хабардар етті.
Сондай-ақ қазіргі таңдағы төрт түлік малды көбейтіп қана қоймай, оның құжаттарындырылуы, сырғалау, жұқпалы аурулардың алдын алу үшін ветеринарлық іс-шаралар, келген, сатылған мал басына қатысты кейбір мәселелерді баяндаған аудандық ветеринариялық стансаның директоры Досқанат Сағынбаевқа жиынға қатысушылар тарапынан сұрақтар да қойылды.
Мал шаруашылығындағы жұмыспен қамту пайызы, еңбекақы, жұмысқа тіркеу және мемлекеттік бағдарламалардың ерекшеліктері жөнінде аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Бақытжан Үмбеталиев баяндап өтсе, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы Шыңғырлау аудандық филиалының директоры Бақтығали Нармағамбетов және тағы да басқа да жиынға қатысушылар да өз ойларымен бөлісті.
Көпшілік алдында ауыл, соның ішінде мал шаруашылығы саласындағы қол жеткен жетістіктерді саралаған Рүстем Еслямов ауыл шаруашылығын қолдау үшін берілетін субсидия және «Ауыл аманаты» бағдарламасына көптеп қатысу, оның шарттары туралы да түсіндіріп берді.
Айсұлу Арыстанова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz