Шыңғырлау аудандық орталық кітапханасында Ұлы Отан соғысының ардагері Андрей Рудьпен кездесу өткізілді.
Кіріспе сөзден кейін ардагер ақсақал естелігімен бөлісті.
- Мен әскер қатарына шақырылғаннан кейін Отан алдындағы борышымды адал атқардым. Басқыншы жаумен айқасқа қызу кірістік. Лида аталатын елді мекенде болған шайқастан соң біздің әскерлер тобы қоршауда қалды.
Ұзақ уақыт тұтқында болып, қиыншылықтарды көп көрдім. Кешке ұйқыға жатқанда таңертең кімнің аман оянатынына сеніміміз болмайтын. Абырой болғанда, соғыс Жеңіспен аяқталып, елге оралдым. Ауыл шаруашылығы бойынша жоғары білім алып барлық өмірімді Шыңғырлау ауданында түрлі басшылық қызметтер атқаруда өткіздім,-деп әңгімесін өрбітті кеш қонағы.
Осынау кездесу сәтінде қатынасушылар ардагерге сан түрлі сұрақтар қойып, жауап алып отырды. Кеште Мұхит Байғалиевтің орындауында әскери әндер айтылды. Л.Қылышев атындағы ОЖББМ оқушылары Гүлбақыт Жалғасбаева, Назерке Жалғасбаева, Диана Сейітова, Аянат Есенова, Мұхамедәли Қуанышкереевтер оқыған өлеңдер әсерлі болды. Галина Гончарова әскери өлең оқып, Гүлсім Қуанаева «Случайный вальс» әнін әсем шырқап берді. Гауһар Мұсаеваның бейбітшілікті сақтауға арналған әні де көпшіліктің көңілінен шықты.
Орталықтандырылған кітапхана диекторы Гүлсім Қуанаева Андрей Иосифовичті Жеңіс күнімен құттықтап, сыйлық ұсынды. Кеш соңында «Жеңіс күні» әні орындалып, ардагермен бірге кеш қонақтары фотоға түсті. Жылдар жылжып өтсе де жеңістің жаңғырығы әлі күнге бізге қуаныш сыйлайтыны қандай ғанибет.
Адақ Шотпанов
Шыңғырлау ауданы