Төрт жылда бір өтетін 17 жасқа дейінгі ауыл спортшылары арасындағы еркін және әйелдер күресінен ҚР чемпионатында биыл аудан намысын қорғаған жас спортшы Зармина Қазиева жүлделі 2 орынға қол жеткізді. Бұл спорт жолындағы қадамдарын енді басып жүрген жас спортшы үлкен жетістік.
Додаға облыс атынан қатысқан спортшылар арасында екі шыңғырлаулық спортшы болды. Дильназ Жантлешова екі қарсыласын жеңіп, финалдық кезеңде жарақатына байланысты жарыс жолынан шеттетілді. Бұл додаға спортшыларды жаттықтырушы Ақманар Саргенжиева дайындаса, өкіл ретінде чемпионатқа Алтынбек Ерболов апарып келген болатын.
Ауылына жүлделі оралған аруларды жерлестері құшақ жая күтіп алды. Сондай-ақ Зармина Қазиева жаттықтырушысымен, ата-анасымен аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевтің қабылдауында болды.
Жас күресші мен осы жетістікке жетуге үлес қосқан жандарға республикалық додада жүлдегер атанып, ауданымыздың мерейін көтергендері үшін алғысын білдірген аудан әкімі алғысхат, гүл шоқтары мен сый-сыяпат табыстады.
– Бұқаралық спортты дамыту – жарқын болашақтың кепілі. Себебі спортшылардың қатарын көбейтсек, дені сау ұлт боламыз. Спорт саласында қандай да бір нәтижеге жету үшін үлкен жол жүріліп, қаншама тер төгіледі. Кішкене жеңістің өзі биік белестерге жетелейді. Сондықтан біз әркез қолдау білдіруге дайынбыз, - деп сөзін түйіндеді аудан басшысы.
Жәнібек Ишекенов
Шыңғырлау ауданы