Қазақстаным туған жерім, елім деп мақтан тұтатын туыстас ұлттың өкілінің бірі шыңғырлаулық Зубаржат Адигамова. Кіндік қаны тамған жерінде өмір сүріп, еңбек етіп, енді, міне, бүгінде зейнеткерлікке шығып, мамыражай тірлік кешуде.
Шыңғырлау ауданының соғыстан кейінгі өткен белестері мен даму кезеңдері де Зүбаржат әженің көз алдында. Жерлестері үшін «Зоя Мингашевна» деп аталып кеткен әженің өмір жолы қызықты да күрделі. Мектеп табалдырығынан шығысымен кітапханшы болып еңбек еткен, содан жас бойжеткенді арманы жетелеп, Орал қаласының кооператив техникумына оқуға түсіпті. «Білсем, үйренсем» деп тұратын қыз біліммен сусындап, сауда саласының теориялық тұрғыда барлық қыр-сырына қанығып, оқуын оқып, қызыл диплом алып шығады. Жас келсе-іске деген, оның жастығына қарамастан Ащысай совхозында дүкен меңгерушісі, аз уақыт ішінде Шыңғырлау тауар тұтынушылар одағының аға тауармен қамтушы маманы етіп тағайындайды. Сөйтіп еңбек жолын жалғастырған жас маман көп ұзамай Шыңғырлау сауда базасының директоры болады.
Кеңес дәуірінде біртіндеп-біртіндеп тұтынушылар одағы құрылып, сауда-саттық және тұрмыстық қызмет көрсету саласы қарыштап дамыған заман болатынды. Халықтың азық-түлік түрлеріне, сонымен қатар тұрмыстық техника мен үй, кеңсе жиҺаздарына деген сұраныстары күннен - күнге арта бастаған кез. Тұрғындардың әл - ауқаты көтеріліп, тұрмыстары да түзелген кезде тауар айналымының көрсеткіштері өте жоғары болған. Осы заман тұсында еңбек еткен Зүбаржат әжеміздің жұмысы өте қауырт, жауапкершілігі зор, тынымсыз еңбекті талап еткен уақыт еді. Әйтсе де бойындағы пысықтығы, біліктілігі, кез келген мәселені шеше алатындай ынталылығы оны талай жұмыстың үдесінен шығуына септігі тиді. Қым-қуыт жұмыстың бел ортасында жүріп, қоғаммен тығыз байланыста, үнемі ұжымының қақ ортасынан табылған.
Сөйтіп, тұрғындардың қажеттіліктеріне орай базаны толтырып, барлық сауда нүктелерін тауармен жабдықтау жұмысын жақсы жолға қойып отырған. Оның іскерлігі мен табандылығы, халықпен де, басшылықпен де жұмыстана білетіндігін көрсеткен Зүбаржат әжеміз күні бүгінге дейін ел алдында айтар сөзін сөйлеп, жастарға деген ақыл-кеңесін айтып отырады. Өмір тәжірибесі мол, өмірден көрген түйгені де жетерлік, қазіргі күні ақ жаулықты әже болып отырған жан, әсіресе, мына бейбіт өмірдің қадірін біліңдер, айналайындар дейді.
Туған жерге деген ыстық ықыласы мен сүйсіпеншілігі мол әжейдің мына бір әңгімесі ойға ой саларлықтай.
Тұтынушылар одағы басқарма басшысының орынбасары болып еңбек еткен жылдар болса керек. Аудандағы сауда нүктелерінің мәселелері бойынша, тіпті Министрліктің өзіне барып, қабылдауға жазылады. Жап-жас, өзі өткір тілді, оның үстіне ол кезде ешкім білмейтін, кішкене ғана ауданның сауда нүктерелі үшін өтінішпен келгені үшін министрліктегілер ең алдымен аң-таң болады. Әйтсе де Шыңырлау деген сөзді тілдері бұрмалай айтып, тиісті ауылдық дүкендер үшін шырқырап отырған Зүбаржат Мингашқызының тілегін орындайды. Және өздерінің де бір ұсыныстарын да алға тартыпты.
«Қарағым, жас болсаңда бір ауданның мәселесін арқалап келіп отыр екенсің, жарайды, біздер көмек етеміз. Өзің сауда институтын Москвадан бітірген екенсің, бізге нағыз керек мамансың. Қуана отырып, саған ұсыныс жасамақпыз. Ұсынысымыз мынадай, тез арада бізге жұмысқа орналасасың, сондай-ақ жұмыспен бірге пәтерің де әзір, өйткені қазіргі уақытта кадр мәселесі өте өткір тұр. Сол себепті жұмысқа еш алаңсыз кірісу ішін барлық жағдайың жасалады. Ұсынысымызды қабыл ал!» дейді төтесінен бір кесіп.
Ал Зүбаржат болса, мүдірместен «Жоқ!» деп жауап береді. Өзінің ауданға тез арада оралуы қажет екендігін, жұмысы, отбасы бар екендігін, әрі оның артында барлық ұжым өзінің келуін тағатсызданып күтіп отырғандығын, ал сіздер маған тегін пәтер, жұмыс дейсіздер, маған өз айданымда еңбек еткен ұнайды. Туып өскен жеріме еңбек сіңірсем деймін. Өйткені бұл менің борышым деп басшылықтың ұсынысын қабыл алмайды.
Міне, өзінің сүйікті мамандығына деген адалдығы, ұжымына деген құрметін осылай көрсете білген Зүбаржат әжеміздің өмірлік жолына көз жүгіртсек, көпке сыйлы, көп жылдар бойы аудандық тұтынушылар одағы басқармасы директорның орынбасары болып еңбек етті. Кеудесінде «Еңбек ардагері» төс белгісі жарқырап, сауда саласына өзінің 36 жыл саналы ұмырын арнады. Әсіресе, жалпы мұсылмандардың мерекесі саналатын Наурыз тойына ерекше мән береді. Мерекеге орай жерлестеріне деген жүрек жарды тілегі де бар. «Жерлестерімді ерекше қадір тұтамын. Осы жерде туып, осы жерде өсіп-өндім. Еңбегім де бағаланды. Бар айтарым елімізде тыныштық болсын. Әмәнда, дастарханымызда ас көп болсын! Жастарымызда жұмыс болсын, еліміз көркейе берсін!» - дейді.
Айсұлу Мұса,
Шыңғырлау ауданы