Шыңғырлау ауданында терең білімімен, талмас талабымен, өз пәніне деген ерекше ізденісімен тәнті етіп келе жатқан ұстаз Эльмира Сапашеваны білмейтін жан кемде-кем болар. Л.Қылышев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде жұмыс істеп келе жатқан ұстаздың алдынан қаншама шәкірт өтті екен?!

Бәрі де ұстаздарының әр күнгі сабағын асыға күтеді. Әр сабақ түрлі деректермен өрнектеліп баяндалған сәтте 45 минуттың қалай өтіп кеткенін де білмей қалар еді. Эльмира Ибрагимқызы күні бүгінге дейін өз пәні бойынша түрлі аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, өз пәнінің терең білгірі екенін дәлелдеп жүрген ұстаз. Тәжірибелі мұғалім педагогика ғылымының магистрі, «педагог-шебер» біліктілік санатын иеленген. Ол әр жылдарда ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының, аудан әкімінің Құрмет грамоталарына ие болып, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісіне лайық деп танылған мұғалімнің бұдан басқа да алған марапаттары мен алғыс хаттары оның өз саласындағы үздік маман екенінің айқын дәлелі.
Шәкірттері де ұлағатты ұстаз ізімен тарих пәнінен қызықты деректерді зерттеуде аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларда, интеллектуалдық сайыстарда оза шауып, ғылыми жобаларды қорғауда алдарына жан салмай келеді.
Жуырда аудандық білім бөлімі мен жалпы аудан ұстаздарын мақтаныш сезімге бөлеген сүйінішті хабар жетті. Эльмира Сапашева Астана қаласында өткен «Үздік педагог – 2025» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде үздік деп танылды. Салтанатты жиында еліміздің оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова еліміздің озық ұстаздарын жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыс пен жаңа белестер тіледі.
Жеңімпаздарға «Үздік педагог» куәлігі, кәсіби төсбелгі және 1000 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.
Осынау «жүзден - жүйрік, мыңнан - тұлпар» шыққан үздік ұстазды бүгін аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев қабылдады.
Білімнің бүгінгі күннің ең қажетті қазынасы екенін атап өткен аудан басшысы осынау жеңіс үлкен мақтаныш, лайықты өнеге екенін айтты.
- Ауданымызды былай қойғанда облысымыздың өзінде 15 мыңнан аса мұғалімдер бар және осындай қанша облыс, әр облыста қанша ұстаз бар. Солардың арасынан үздік боп танылу орасан үлкен жетістік, -деп тоқталған аудан басшысыжеңімпаз ұстазға алғыс хат табыс етті.
Өз кезегінде бұл байқаудың аса сындарлы, жауапкершілікті болғанын айтып өткен Эльмира Ибрагимқызы қызмет барысының 3 жылдық нәтижесі сарапқа салынғанын, оқушының тек қана пән бойынша емес, барлық біліктілігі, жан- жақтылығы, сабақтағы белсенділігі мен бұған дейінгі 3 жыл аралығындағы біліктілік деңгейі сынға түскенін, сондықтан оқушыларының қай қырынан алғанда да жоғары нәтиже көрсетіп, тиісті талаптарға сай болғанын айта келе, осындай жан-жақты сынаққа түскен тұста барлық мұғалімдер мен мектептің жұмысы сарапталғанын, яғни жеңіс барлық ұстаздарға ортақ екенін айтып өтті.
- Сынның аты сын және ол Елорданың өзінде өтіп жатса, еліміз бойынша қанша тараптан келген ұстаздар біліктілігі сыналатын ең үлкен сынақ алаңы. Осы жерде мен өзімнің мектебім мен әріптестерімінің, жалпы білімнің бүгінгі талаптары мен сұранысын тап басып, тиісті қолдау мен әдістемелік шеберлігін сіңіріп жатырған аудандық білім бөліміне, біздің күткен үмітімізді ақтап, тиісті нәтиже көрсете алған шәкірттерімізге аса риза сезімде болдым.
І және ІІ кезең аудандық облыстық деңгейде құжаттар тапсырып, сабақтар өткізумен өтеді. Үздік үміткерлер ІІІ-ші кезеңге, яғни, республикалық сынға даярланады. Бұл кезеңнің қиындығы - алдын ала хабарланбайды, сынақ өтетін күннің алдында бір күн бұрын кешкілік нешінші сабақ, қай сыныпқа өтетіні және тақырыбы хабарланады, осы уақыт ішінде дайындалып үлгеруің керек және өзің көрмеген бейтаныс сыныппен өткізесің ашық сабақты.
Осындай сыннан өттік, тақырыпты мейлінше аша алдым, оқушылармен жұмыс жасай отырып, өзін-өзі бағалауы, сыныптағы өзара бағалау элементтерін де кірістіре отырып, сағатты дәл уақытында аяқтап шықтым. Оқушылар ұнап қалды, шетінен білімді, білсем деген құштарлықтары басым балалар екен, сабақ біткеннен кейін де олар менің қасымнан кетпей қалып қойды. Мұның барлығы сынақта ескеріледі екен. Иә, жеңімпаз болу бақыты бұйырды, бірақ мен мұны біздің ауданның, мектептің, әріптестерім мен шәкірттерімнің жеңісі деп білемін, - дейді жеңімпаз ұстаз.

Болмысынан қарапайым, кішіпейіл, өзінің емес әрдайым өзгенің жетістігіне қуанып жүретін Эльмира Ибрагимқызы бұл жеңісін дүниедегі ең асыл жандар, аналары - Дамира мен Тойындықтың аруақтарына арнайтынын айтады. «Екі анамның да менің өмірімдегі орындары ерекше болды. Олар менің алаңсыз білім алып, жұмыс істеуіме, жаңа ізденістерімді ұштауға көп еңбек сіңірді. Олардың арқасында мен отбасы, балаға аса алаңдаған жоқпын, қай жерден қандай жетістікке жетіп келсем де әрқашан дастархандарын жайып, ағайын-туманың бастарын қосып, қуанып қарсы алатын еді. Осы соңғы байқау уақытында да менің ойым екі саққа бөлініп тұрған болатын. Жан анам ауырып жатыр, мына жақта үлкен байқау, сынақ тұр. Бір ойым үйде болса, екінші ойым сыныптағы сабақты өз дәрежесінде өткізу. Анам менің бұл сыннан да сүрінбей өтеріме сенімді болып кеткеніне шүбәсізбін», -дейді қимастық сезіммен.
Гүлназ Мұқан,
Шыңғырлау ауданы