22.04.2024, 12:02
Оқылды: 68

Шыңғырлаулықтар балалар ойын алаңының игілігін көріп жатыр

Шыңғырлау ауылы Көкжайлау көшесінде былтыр салынған балалар ойын алаңының игілігін халық көріп жатыр. Жұмыстан кейінгі уақытта үй маңынан балалардың ойнап-күлген дауыстары, шат-шадыман күлкілері жарқын естіледі. Осы көше маңындағы Ақсай, И.Тайманов, С.Датұлы және тағы да басқа көшелерден үлкен-кішінің барлығы кешкі уақытта алаңға жиналады. Екі-үш баласын әкеліп, ойнатып жүрген ата-аналардың алғысы шексіз. Олар қазіргі заман балаларының телефонға телміріп отырғанынан, далада шаңдатып тұрып ойнағаны дұрыс деп санайды. Осыған мүмкіндік сыйлайтын алаңқайдың болғанына дән риза. Бір ауылдың балалары бір-бірімен араласып, алаңсыз, шаттанып ойын құрғандары, шынымен де тамаша көрініс.

WhatsApp Image 2024-04-22 at 00.30.06

Былтырғы жылы барлық көшелерде ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп, жолдарға асфальт төселген болатын. Бұл - ауданымыз үшін үлкен жетістік. Алайда, халықтың қолындағы жеке көліктің көбеюіне байланысты, соңғы кездері шығып жатқан дыбыссыз жүретін электроскутерлер мен электросамокаттардың толып кетуіне байланысты жолда қауіп көбейіп тұр. Әсіресе, кішкентай балалар жол үстіне шығып ойнайтынын білеміз. Сол қауіптің, балалардың жолда ойнауын азайтудың бірден бір тетігі осы балалар алаңы болып тұр. Сондықтан алаңқайларды көптеп салуға тұрғындар тарапынан сұраныс көп. Мұны Көкжайлау көшесінің бойындағы алаңға осы маңдағы барлық көшелерден жиналған балаларға қарап аңғаруға болады.

WhatsApp Image 2024-04-22 at 00.30.08

- Балаларымызды алып келіп, осы жерде ойнатамыз. Сырғанақтары, әткеншектері, жалпы неше түрлі ойын жабдықтары бар. Бұл баланың өзі таңдау жасауына, қалағанымен ойнауына үлкен мүмкіндік береді. Алаң ішіне толығымен құм төселгені өте жақсы болды. Құлап қалып, бір жерін ауыртып алады деп алаңдамаймыз. Балаларымызды бақылап отырып, үлкендер қауымы әңгіме-дүкен құрамыз. Кешкі уақытты осылайша көңілді серуенмен өткіземіз,- деп алғысын білдіріп отыр, қос немеренің әжесі Алтынай Игильманова. Жалпы айналадағы барлық ата-аналар осындай пікірде, барлығы да алғыстарын жаудырыа жатыр.

WhatsApp Image 2024-04-22 at 00.30.07 (1)

Гүлжазира Асу,

Шыңғырлау ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале