Қардың көбесін сөгіп, қырдың төбесін көрсеткен көктеммен бірге Отанымызға Наурыз қадам басты. Барша табиғаттың оянуы, барша тіршіліктің тамырына нәр енген әдемі мерекені - Әз-Наурыз келді деп тойлайтын жұртымыздың тағы бір думанды шағы басталды. Былтырдан бастап Наурыз мерекесін 10 күн тойлау туралы еліміздің деңгейінде шешім қабылданған еді. Соны қуаттаған жұртшылық түрлі ұлттық рухани шараларды жиі өткізіп жүр.
Міне, биылғы жылға Шыңғырлау аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастамасымен Наурыз мерекесін көше-көше болып тойлау ұсынылды. Көңілді мерекенің мұндай форматы көпшілік қолдауын таба кетті. Осылайша, Шыңғырлау ауданы орталығында бірнеше көше Ұлыстың ұлы күнін өз көшелерінде атап өтуге қамданды. Алғашқы наурыз тойы Көкжайлау көшесінен бастау алды. Көшеде 78 үй, 7 түрлі ұлт өкілдері, сондай-ақ, жасы 85-тен жоғары 8 тұрғын тұрады. Ең жасы үлкен тұрғын 95 жаста.
Тұрғындар ортақ істі құлшына қолдап, тез ұйымдасты. Осылайша, Көкжайлау көшесінде Әз-Наурыз бірыңғай тұрғындардың өз күшімен өткізілді. Мерекеде осы көшенің қариясы Сейілхан қария Қыдыр ата рөлін сомдап, Алтынай Игильманова «Жер Ана-Ұмай Ана» боп көпшілікке тілек айтып, шашу шашты. Осынау театралды қойылымдарды ұйымдастырған көше тұрғыны Надежда Павлова осы Наурызбен тұспа-тұс келетін құс келу құбылысын «Жаворонки» рәсімімен жалғастырды. Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Саида Бркенова көңілді көпшілікті көктем мерекесімен құттықтап, Ұлыс оң болсын деген тілегін жолдады. Осы көше тұрғындары Айдас Исекенов пен Бекайым Әубакирова, Ахат Қалиев концерттік бағдарламаны жүргізіп, тұрғындар Ольга Лисун көше татулығы мен көршілік ауызбіршілік хақында өлең оқып, көше жасөспірімі Қали Ерхан Наурыз өлеңін көпшілікке ұсынды. Бағдарлама өзге көшеден келген қонақ Жұмбай Байғалиевтың Наурыз-батасымен жалғасып, көше тұрғындары Надежда Павлова, Айдос Исекеновтың шырқаған тамаша әндерімен жалғасты. Ерлер арасында, одан соң әйелдер арасында, соңында әйелдер-ерлер арасында өткен арқан тартысы, қыздар арасындағы қол күресі ерекше көңілді өтті.
Осы тұста той алаңына піскен астың, дәмді қуырдақ пен Наурыз-көженің де жұпар иісі жетті. Көпшілік киіз үй төріне жайғасып, асқа отырды. Әндер шырқалып, тілектердің тиегі ағытылды. Мерекеге атсалысып, тойдың өтуіне қол көмегі мен қолдауын аямаған жандар алғыс хаттармен, сыйлықтармен марапатталды.
Мереке соңында жігіттер садақ тартып, көпшілік естелік суретке түсті.
Дәл осы күні түс қайта Наурыз тойы аудан орталығының Ғ. Мұратбаев көшесінде жалғасты. Бұл көше де көркем етіп киіз үй тігіп, көше өнерпаздары сахнасын ән-би, көркем өнермен сәндеді. Көше сәбиді «Бесікке салу» рәсімін көрсетті. Қанымызға сіңісті қазақы дәстүр қызықты болды. «Науырызымыз құтты болсын, елде тыныштық, ауылымызда ауызбіршілік болсын» деген көпшілік тілегі ұлан-асыр мерекеге, көңілді думанға астасып жатты. Көше тұрғындары түгел дерлік атсалысқан «Қара жорға» биі биленді. Балалар арасында лақ көтеруден жарыс болып, жеңімпаз өзі көтерген марқа лақты жүлдеге алды. Спорттың «Табан тартыс», ерлер мен әйелдер аралас арқан тартысы, әйелдер арасында гір тасын көтеру сайыстары өтіп жатты.
Тойды жүргізген Нұрқанат Бекберлиев пен Сымбат Жұбаниязова той барысын ерекше сәнді ете білді. Бір айта кетерлігі бұл көше көпшіліктен жиылған қаржының басым бөлігін спорттық ойындардағы жеңімпаздарға үлестірді. Көжесін көтеріп, бауырсағын үйген барша аналар мен әпкелер, жеңгелерге де алғыс айтылды той төрінен.
Биылғы Наурыз айлардың сұлтаны-Рамазан айымен тұстас келіп жатырғаны баршаға белгілі. Ұйымдастырушылар күндізгі тойдың соңын кешкі «ауызашар» рәсімімен жалғастырғысы келген. Алайда, киіз келесі көшелерге тігіліп, дайын тұруы керек еді. Сонымен, көше тұрғыны өз үйінің төрін ұсынып, «ауызашар» осы азаматтың шаңырағында жалғасын тапты.
Осындай Наурыз той Амангелді көшесінде де өтті. Көркем тігілген киіз үй, сәнді сахна, жағалай ас пісіріліп жатырған қазандар өз сәнімен аудандық денешынықтыру-сауықтыру кешені ауласында жайғасыпты. Бірыңғай ұлттық киімдер киген ұйымдастырушылар да көз тартады. Той аудан басшысы және осы көшенің тұрғыны Мұрат Өмірәлиевтің ақжарма Наурыз-тілегімен бастау алды. Әрі көпшілікке той шашуы шашылып, әнші-бишілер өнерлерін төкті. Ауданымызға белгілі «Әжелер» тобы да осы сахнадан мерекеге әндерін ұсынды. Бір шеттен жау жарағын асынған атты сарбаздар да көрініс берді.
Сәбидің тұсау кесу рәсімі оздырылып, көп болып «Қара жорға» биленді. «Ел аман, жұрт тыныш болса екен, бала-шағамыз аман болсын, жаңару күнінде өкпеназды еріген қар суындай ұмытып, ауызбіршілікте болайық. Саналы ұрпақ берсін!» дескен жұрт мейлінше мерекелеп, тойды тартымды ете түсті. Ауыл әжелері ас дайындаушы келіндер тобына сақина-жүзіктер тағып, орамал тақты, ырым етіп үйленбей жүрген көшенің сүрбойдақтарына да гүлді келіншек орамалдар тарту етілді. Сырттағы дастарханнан көпшілік ыстық көже, тәтті бауырсақ, бал-қаймақ дәм татты.
Мұнда да арқан тартыс, асық ойыны, ерлер арасындағы қол күресі өткізіліп, жеңімпаздар анықталды. Көпшілік тойды жүргізіп шыққан Асылбек Меңдіғалиевпен Роза Өсербаеваға алғыс білдіріп жатты.
Біріне-бірі жалғасқан Шыңғырлаудағы Наурыз мерекесінің келесі кезегі Дидар Хамитов көшесінде жалғасты. Мұнда да сәнді киіз үй, Наурыз тойға арналып тігілген сахна, көшенің тек қана өз тұрғындарынан құралған әнші-биші өнерпаз топ, түбіттей түтін созған қазан-ошақ маңы, пісіп жатырған дәмді ас, бауырсақ иісі ауаны тойлы көңіл-күйге толтырып жіберген. Көпшілік көңілді.
Шыңғырлау ауылдық округ әкімі Саида Бркенованың құттықтау тілегінен соң басталып жүре берген концерттік бағдарлама көпшілікті көше өнерпаздары, әнші-биші тұрғындармен таныстырды. Концерттік бағдарлама Айдос Исекенов пен Жанат Байғалиеваның шебер және тартымды басқаруымен жалғасып, көшенің ең кішкентай тұрғыны Жібек Өтепбергенованың тұсауы кесілді.
«-Ел аман, жеріміз бүтін болсын! Тойымыз көп, уайым жоқ болсын. Алдағы жылдарға да аман жетейік» деген тілегін төккен ағайын арқан тартысы, қыздар арасындағы қол күрес, жігіттердің гір тасын көтеру қызықтарын тамашалады.
Бұл көше тұрғындардан жиылған қаржыны бірыңғай жүлде алғандарға ұсынды.
Наурыз тойын «Тың игеру», «М.Ержанов атындағы көше» және «Ю.Гагарин» көшелері де біріге тойлады. Таң жаңбырмен басталса да көпшіліктің көңіл-күйлері мерекелік қалыпта еді. Көп ұзамай жаңбыр басылды, той дүрілдеп басталып кетті. Ауылдық округ әкімі Саида Бркенованың құттықтауынан соң жалғаса кеткен көше концерті тартымды еді. Еркін, емен- жарқын ауылдың қарапайым әзіл-қалжыңымен астарласа өрбіген бағдарламада көже тұрғындары ән салып, көпшілікті билетті. Көптің көңілінен шыққан әндер көп болды.
Сәбидің азан шақырып, атын қою рәсімін көрсеткен тұрғындардың азаншысы да, қазаншысы өз орталарынан шықты.
Осындайда көп біліне бермейтін бір жайды көңілімізге жеткіздік, ел ішінде біз білмей жүрген, танымай, танылмай жүрген өнер иелері көп екен. Бірінің көжесі тәтті, бірінің бауырсағы ерекше, енді бірі әнші, келесісі термеші. Көптің тілін тауып, тойды басқарып жүреген бірнеше қыз-жігіттерді аңдадық. Халықтың өз тойын өздеріне жасатудың бір пайдасы осы болды деп ойладық.
Көпшілік арасынан шыққан білекті жігіттер қол күресте күш сынасты. Қанша қарсыласты қирата жеңген әкелі-балалы Илияс пен Дияс Сатқановтар соңында жекпе-жекке келді. Алайда баласы әкесіне жол беріп өзі екінші орынды иеленді. Бұл тұсты отбасылық құрмет пен сыйластықтың тамаша көрінісі деп қабыл алды барша көпшілік.
Жеңімпаздарға сыйлық және қаржылай жүлдерелер ұсынылып жатты.
Үш көше біріккен бұл тойдың ерекшелігі-осы дастарханды кешкі ауызашармен жалғастыруы болды. Көше тойын таза қазақы, ауыл форматында тартымды, тамаша жүргізген көше тұрғыны Сансызбай Сұлтанғалиев мұны былай түсіндірді:
-Біздің өз көшеміз қысқа болған соң үш көше боп біріктік. Тұрғындарға көп алғыс, бәрі бірауыздан қолдады, атсалысты. Енді, қазір қарап тұрсам көп адамдарымыздың аузы бекітулы, ораза. Олар мында қатыса алмай отыр. Көп болып ұйғара келе оларды кешкі ауызашарға жинап алғымыз келді. Ауыз ашарымыз жақсы өтті 40-тана аса тұрғындар келді. Көп болып әдемі атқарып шықтық».
Соңы сауапты іспен жалғасқан Наурыз тойы көптің көңілінен шықты.
Маршалл Георгий Жуков көшесінің Наурыз тойы округ әкімі Саида Бркенованың құттықтау тілегімен басталды. Ізгі шараға көше тұрғындары түгелге жуық атсалысыпты.
Кәдуілгі Наурыз-бата, көше тұрғындарынан құралған өнерпаздар концерті, ұлт спортының арқан тартысы, әйелдер арасындағы қол күресі түрлері өтті.
Жуковтық ағайын «Тұсау кесер» рәсімін көрсетті. Көше тұрғындары Асхат пен Гүлім Исановтардың бүлдіршін қыздарының тәй-тәй басқан қадамына көпшілік көрімдігін ұсынып жатты. Осы көшенің қыз-келіншектерінен құралған қарапайым хордың орындауында ән тиегі ағытылды. Жиналған халықтың қатысуымен «Қара жорға» биленді.
Көше тойы тойға лайық бай дастарханымен, көше тұрғындарынан басқа той көруге келген қонақтарды да төрге шақыруымен ерекшеленді. «Еліміз тыныш, халқымыз аман, той-мерекеміз көп болсын» деген көпшілік тілегі киіз үйдегі дастарханда да жалғасып, көпшілік көктем мерекесін көңілді тойлап жатты.
Одан кейінгі М.Маметова, М.Қуантаев көшесінің бірлескен Наурыз мерекесіне де тұрғындар көп жиналды. Округ басшысы Саида Бркенованың наурыздан-наурызға аман жетейік деген тілегінен соң, концерттік бағдарламаға кезек берілді. Тұрғындар арасынан шыққан әншілер, бишілер сахна төрінен өнер төкті. «Бесікке салу» рәсімін көпшілік назарына ұсынған көше әжелері әдемі рәсімді барлық жөн-жоралғысымен орындап берді.
Одан әрі 33 көліктен құрастырып «Наурыз» деген сөз жазылыпты. Көліктермен жазылған бұл жазу өз кезегінде дронмен суретке түсіріліп алынды. Бұдан әрі қазақы ұлттық спортқа кезек беріліп, сайыс жеңімпаздары марапатталды. Той соңы мерекелік дастарханмен жалғасты.
Жалпы, Ұлыстың ұлы күнін тойлауды халықтың өзі еркіне беру жаңашыл, тың идея болды десек қателеспейміз. Өйткені, бұған дейінгі жергілікті атқарушы ұйымдардың ұйымдастыруымен өтіп келген бұрынғы стреотиптен шығып кетеміз. Бұл негізгі аудандық үлкен наурыз тойының алдындағы көпшіліктің өз көшесінде тойлауына мүмкіндік.
Тағы бір айта кететін жайт, атқарушы орындардың көше Наурыздарын лайықты қалауынша өткізуге толық қолдау көрсетіп отырғандары. Бұл жерде барлық көшелерге киіз үйін тігіп, сахнасын құрып берген, музыкалық аппараттар мен жауапты адамдарын ұсынған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне, барлық керек спорттық жабдықтарды кідіріссіз тауап беріп отырған аудандық денешешынықтыру- сауықтыру кешені мекемесіне барша ағайыннан алғыс мол.
Осы тұста білгеніміз ауылымызда алтыбақан аз екен. Мұны да көпшілік көп жерде өздері істеп алып, мәселе ауызбіршілікпен шешілді.
Қаршыға Асу
Шыңғырлау ауданы