Қарияның да қариясы бар. Жасы егде тартқан аға буын көп болғанымен елге айтары бар, көрсетер үлгісі барлары аз. Кейінгі айтар ақылы бар, өткеннен түйгені, өмірден көргені бар, қазына кеуде қария көп емес. Сол аздың бірі – Есқайрат Өтепқалиев.
Бисен ауылдық округіне қарасты Көктерек елді мекенінен аудан орталығына келген сайын редакцияға соқпай кетпейді. Сол келгенде құр келмейді, бір мақаланы жазып әкелсе, он мақалаға тақырып әкеледі.
– Елдің руханиятына қызмет ететін редакция осы ортаның қағбасы сияқты ғой. Мұсылман қауым үшін қағба қандай қастерлі болса, мен үшін редакция сондай маңызды мекеме, қасиетті орта. Елдің бүгіні мен ертеңінің, өткені мен бүгінінің арасындағы алтын көпір. Газеттің әр беті ертеңгі тарихтың бір-бір парағы ғой,- деп біздің мерейімізді тасыта сөйлейді.
Мұндайда еркелетіп кететініміз бар. «Ой, ата, сіздей адаммен тіл табысқанымыз қандай керемет! Жолдауға қатысты да сауатты пікіріңіз керек» деп «жабыса» кетеміз.
«Е, қолдаймын», «Ел жазып жатқан қолдауды менің атымнан да жаза салсаңдаршы» дей салмайды. «Осы маған Президентіміз Қ.Тоқаевтың сабырлылығы ұнайды. Жолдаулары да сабырлы. «Дамыған елу елдің қатарынан көреміз», «Қалған жұртты шаң қаптырамыз», «Біз керімбіз» деп асыра сілетп, құр мақтанға салынбайды. Мына салада жетістікке жете алмай отырмыз. Мына сала да жалаң статистика, даму жоқ» деп кемшілікті мойындап, нақты жоспарды айтады» деп бастайды. Өзіндік сараптама бар, әйтеуір.
Қарағайлар туралы да тақырыптың басын бір шалып өттік. «Құм асты суы ащы боп, тұз көтерілді. Сол себепті де қарағайлар өлуде. Су неге ашыды? Себеп іздеуді содан бастау керек!» дейді атамыз.
Арнайы оқу-тоқуы жоқ, жоғары білімі жоқ атамыздың қай тақырыпқа болса да айтары бар. Аңыз әңгімені шебер айтады. «Жолаушы біткеннің бәрі көліктен түсіп, тәу ететін Жанаспай ата туралы не білесіз?» деп сұрасаңыз, «Айтуған, Күнтуған, Жүнісқали, Жанаспай деген бір атадан туғандар екен деп шежіресіне дейін тарқатып береді.
Әсіресе, өзі ақын, әнші, батыр болған Төкел туралы ерекше шабытпен айтады. «Төкел анау ашаршылық кезеңде Астраханның арғы жағынан он екі жылқы айдап әкеп, елді ауқаттандырған. Кәнай байдың алдына келгенді тістеп, артынан келгенді теуіп, жан шыдатпаған қара бурасын он алты өрім дойырмен соғып сұлатқан» дегенді қолмен көрсетіп, жылқыларды судан қалай өткізгенін айтқанда, құдды бір қасында болғандай ғып, егжей-тегжейлі айтып, Төкелдің жырларынан үзінді айтқанда атамыздың жадысының мықтылығына еріксіз тәнті боласың.
Қарттық дендесе де, кітап оқуды, белгілі тақырыптар бойынша ізденуді тоқтатпақ емес. Келген сайын «Пәленшенің түген деген кітабын оқып па едің?» деген сұрағын ала келеді. Күні кеше «Қ.Жұмақаевтың кітабын оқыдың ба?» деп сұрады. Оқымақ түгілі естіген авторым емес екен. «Өлке тарихына қатысты тәуір дүние» деп қояды.
Ағамыз тереңнен қозғап жүрген тақырыптың бірі Мақаш правитель тағдыры. «Бөкей ордасын тұңғыштар отаны дейміз. Осы ізгі қадамдарға, халқының көзін ашып, сауаттандыруға, отырықшы елге айналып, тұрақты кәсіппен айналысуына мол үлес қосқан, өзі бастамашы болып, жол көрсеткен жандардың бірі – Мақаш (Мұхамбетжан) Бекмұхамбетов. Правитель болған кезінде орыс патшасына әлденеше рет хат жазып, Нарын құмы мен Бөкей даласына азықтық шөптер мен бұталы ағаштар егу керектігін баяндап, қаражат пен арнайы білімді мамандар бөлуді сұрайды. Өтініші қанағаттандырылады. Соның нәтижесінде өзіне қатысты территорияның жер жағдайы, қоныстану ерекшеліктері көрсетілген карта жасаттырып, сол карта негізінде ру-руға бөліп жер бөліп, әр учаскенің табиғи жағдайына жауапты етіп арнаулы білімі бар мамандарды бекітеді. Тіпті сол кезеңде жерді нуландырып, құм көшкінімен күресетін арнаулы мекеме де болған көрінеді. Шөлейт жерлерге құм көшкінін болдырмау үшін қияқ, жиде, дүзгін, құба тал, жабайы алма ағаштары егілген. Бір сөзбен айтқанда, Мақаш Жәңгір хан қолға алған өркениетті істі әрі қарай жалғастырып, өзі басқарған округте ойдағыдай жүзеге асырған. Мектеп ашып, ауыл балаларын оқытқан. Ганюшкиндегі екі жылдық орыс-қазақ мектебін бітірген қазақ балалары кейін ұлтына адал қызмет етіп, ұлағатты ұстаз, білікті маман атаныпты. Мақаштың арқасында шоқынудан аман қалған едік. Хан Жәңгірдің ұлы істерінің артында Мақаштай кемел тұлға отырды. Сол Мақаш правительге құм Нарыннан бір елеулі орынға есімі берілмей тұр. Сайқын деген қалмақ атауын дәріптегенше, тұтас ауданды Мақаш елі деп ауыстырса да, артық етпес еді.
Атамыздың әңгімелері ғана емес, өмірінің өзі тұнып тұрған тарих. Нағашы атасы кезінде елге жақсы аты шыққан Мінәй Құлетов деген атақты Жанаспайдың дойыр қамшысын алып, батасына ие болған киелі адам. Сексеннің бесеуіне келгенше сынық салып, бала емдеген.
– Әкем Өтепқали 1942 жылы майданға аттанып, 43-те қара қағаз келген екен. Анам Шәует жастай жесір қалып, қара жұмыс жасаған. Желтоқсанда құдық қазып, салқын тигізіп, жатып қалды. Анам Мінәй атамның жалғызы еді. Сисенбай деген жігіт боп қалған шағында көз тиіп қайтыс болған. Өз заманының сауатты, маңдайалдысы болған екен. Тоғыз баласы шақалақ кезінде шетінеп кетіп, анам ғана аман қалған екен. Сол жалғыз төсек тартып қалған кезде нағашы атам қойдың өкпесімен қағып емдеп, анамды аяғынан тұрғызып алды. Сол атам шау тартқан шағында да қарап жатпастан, тал шауып әкеп, жағып, бетін жауып, өшіріп тастап, көмір қылып, жинап алатын. Сол көмірді заем қылып төлеп отырды. Зейнетақы алмаса да, жиендерін аш қалдырмай, науқас қызын адам қатарына қосты.
– Соғыстың қанқұйлы қияметін, қиындығын, құрбан санының көптігін айтамыз. Ол кезде елдегі халықтың да жағдайы оңып тұрмаған еді. Күні бойы орған масағынан бірер уыс бидай алғаны үшін айдалып, жер аударылып кеткендер туралы көркем әдебиетте айтылады ғой. Сол шын. Ешқандай жазушы қиялынан емес. «Бәрі де жеңіс үшін!» деп қолда барын майданға асырып отырды. Сол кезде біздің азығымыз құмаршық, жиде, желекежуа, майжелкек болды. Қияқ басын қағып жеп, ауқат қылатын едік. Желкекжуа мен майжелкек болса, анамыз құрбыларын қонаққа шақыратын. Шай жоқ, жидені қуырып, шай ғып ішкен кез болды. Аға буын осындай ауыртпалдықты бастан кешірді қой. Сол кезеңнен өткен адам үшін жерде жатқан бір тілім нанның өзі үлкен қасірет. Соғыс балалары тоя тамақ ішпей, аш құұрсақ боп жүріп, ес жиса, қазіргілер тоя секіріп, кешегі нанды малға салып, болмаса, қоқысқа салып, бүгін піскен нанды жейді. Ысырапшылдық қой. Өздерің де жаздыңдар, атаулы әлеуметтік көмек деген керім бір жыр болды. Құдай-ау, осының бәрі елді масылдыққа үйретеді ғой. Күні кеше пандемия дедік, карантин дедік. Дерт дендесе де, Үкімет жәрдемақы беріп, елді демеп отырды. Халықтың хал-жағдайын күйрететін жайт болмай-ақ қойсын, бірақ адам өз күнін өзі көруге, белінен өрбіген ұрпағының жақсы өміріне мүдделі болуы керек қой, - дейді күйіне сөйлеп.
Атамыз бүгінде немер-шөбере, жиен сүйген үлкен әулеттің иесі.
– Ер адамның бағы алған әйелінен ғой. Бағым жанған адаммын. Аллаға шүкір, жұбайым Қаламсия жөні түзу, алған тәрбиесі бар, көрген өнегесі бар жан боп шықты. Туған енесіне қоса екі бірдей үлкен кісіні бағып, өз қолымен жөнелтті. Анамның қос анасын (енесі мен туған анасын), оған қоса Оразақ нағашымды бақты. Осылардың патиқасын алған жан. Құрсағы алтын ана болды. Тоғыз бірдей перзент сүйдірді. Жұмыста менімен үзеңгі қағыстырып бірге жүрді. Екеуміз жасамаған жұмыс жоқ. Мал да бақтық, пункт меңгерушісі де болды, есепші көмекшісі де болдым. Айтпақшы, оның менен озған жері бар. «Батыр ана» боп медаль тақты, депутат боп, мандат алғаны бар екен, - деп күледі.
Естілер ескере жүретін есті әңгіме айтатын Есқайрат атамыз осындай кісі. Бұл атамызды шыңырау десе де болады. Шыңырау болғанда тереңдей берген сайын тәлімді әңгіме шығатын шыңырау.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы,
zhaikpress.kz