26.05.2020, 11:11
Оқылды: 152

Сіз көктемді сағындыңыз ба?!

Көктем жайлы өлең жазбаған ақын кемде-кем. Шіркін, тап-таза ауаға кеудеңді керіп тыныстаудың жөні бөлек-ау. Қыстай бұлқынған ойлар да жан сарайыңа орнығып ап, санаңа сілкініс әкелетіндей. Биылғы көктем кешікті. Қырқаларға шығып гүл теретін кездер де алыстап кеткендей. Әйтеуір, мен биыл сол көктемді асыға күттім. Иә, мынау дөңгеленген әлем де осы жайма-шуақ көктемнің бір күнінде жаралғандай... Куат сыйлар ерекше мезгіл төрімізге әлдеқашан енсе де, күннің қабағы сынық. Табиғаттың осындай тылсым сәті не деген керемет еді десеңізші!

12C74F2B-21C3-4A1E-B79B-3D564B63883D

Әр адамның бала кезі керемет, мөлдір сезімге толы. Мен де өзімді ерекше жақсы көріп, ерекелететін әжемнің аяғына оратылған кішкене кезімнен табиғатпен үндесіп өстім. Неге екенін білмеймін, көктем мені көп ойларға жетелейтіндей. Әлденені сағынамын. Ән салғым келетіндей. Кейде сол бір қимас жандардың ақыл кеңестері есіме түсіп, еріксіз көз жасыма ерік беремін. Биыл әлі ұйқысынан ояна алмай тұрған күн райы осы жайма-шуақ кезге деген аңсарымды оятты. Сұп-суық боп тұратын бұлтты күндегі жаңбыр тамшыларына үнсіз қарап қоямын. Олар да мұңайып, маған сыр ашқысы келетіндей. Бүгін тағы қою бұлт аспан төрінде тұрып алды. Сәлден соң жаңбыр себелей жөнелді. «Кетіп бара жатқан ауруды шақырасың» деп анам күлетін. Тағы тұмау тигізіп алып, жасаураған жанарыммен терезе әйнегіне үңілдім. Иә, мен қанша сағынғаныммен көктем кешікті. Иә, кешікті. Бұрындары ауыл үлкендері малын өріске айдай салып, белін жазып, үй алдында шуақтап отыратын.

Шындығында табиғат пен жәндік атаулының рух пен сезімнің «ұйқысы» ашылып, «керіліп оянатын» мезгілі де осы – көктем ғой. Алғашқы аптасының өзіңде, ағаштар жапырақтары әдемі болып гүл атады емес пе? Қарасаң көз тоймайды. Кекіліңді сүйген самал жел көңіліңді жаңа бір тап-таза дүниемен толтырып тұрғандай. Тіпті кеуде кере дем алып, айқай салғың келеді. Анау маңда күннің суықтығына қарамай доп қуалаған балапандар көзге шалынды. Жүрістерін-ай. Бір-біріне доп лақтырып мәз. Шіркін, өздерінің ең бақытты сәттері жайлы ойлады ма екен деген ой келді басыма. Әй, қайдам?! Өз ойыма өзім күліп жібердім. Керемет мезгілде серуендеудің өзі бір ғанибет қой. Бұл мезгілде табиғат толығымен оянады. Біз кішкене кезімізде күтпесек те, көктем келгенін қуана қарсы алатынбыз. Ауыл іргесіндегі суға түсіп, аяғымыз балшық-балшық күйде малмаңдай су боп, мәз-мейрам болушы едік. Қайран балалық десеңізші. Есіме түссе, еріксіз езуіме күлкі ұялайды. Биылғы көктем ерекше көрінді. Жеп-жеңіл киіммен күн шуақтайтын кезімізде осынау індеттің кесірінен бетперде киіп жүрміз. Арты қайырлы болғай деп отырады үлкендер. Бұл тілек барша адамды жақсылыққа үндейтіндей. Тағы да жанарым терезе әйнегіне үңілді. Көшеде көліктер көп-ақ. Бір-біріне қарамай, зырылдап жүрген бір адам. Сырттай қарап отырып езуіме тағы күлкі ұялады. Ойым тағы көктем туралы ойға ойысты. Иә... Қарап отырып, жалпы тіршілік иелерінің жандануы, тірілуі басталғанын бақылап отырғандаймын. Жәндіктер мен хайуанаттар қысқы ұйқыларынан оянып, тіршілікке кіріскен. Аз уақыттан соң мал төлдеп, жыл құстары жылы жаққа оралады. Жер бетіне көк шығады.

Көктемді жаны сүйетін Аяулым (кейіпкеріміз) ауа-райы жылынғанын тағатсыздана күтетінін айтады. Ол: "жаңбырдың жауғаны мен найзағай жарқылының өзі көктемге сай көңіл күйдің бір сипаты іспетті. Осының бәрі адамның жан дүниесіндегі жып-жылы сезімге ұласатындай. Бұл табиғаттың керемет тылсым күшінің әсеріндей көрінеді маған. Көктем соңы жайдарлы жазға ауысады. Ал мен бала кезімдегі жұпар иісі аңқып тұратын көктемді сағынамын. Ой, қандай ғаламат десеңізші! Жаңбыр жауса кемпірқосақ та түрлі-түсті болып көрінеді. Ең нәзік мезгілдің бірі көктемде күзге, қысқа, жазға қарағанда ауа райы да тап-таза боп тынысыңды кеңейтеді. Ең әдемі шақ осы кез іспетті көрінеді маған. Иә, қыстан аман-есен шығып, жер аяғы кеңейетін мезгіл ғой. Мен көктемді сағындым", – деп ағынан жарылды.  Шынында да әр жаратылыс иесі өз тіршіліктерін жасайды. Осы шақта ауыл тұрғындары бау-бақшасына түрлі-түсті жеміс ағаштары мен жұпар иісті гүлдер егеді. Көкөніс отырғызады. Соның күтімін осы кезден бастап сайлай бастайды. Бір тыным таппайды. Қарап тұрсаңыз, өсімдіктердің бәрі су және күннен нәр алады. Ал диқандар дәнді дақылдарын егуге асығады. Әйтеуір, тынымсыз тірлік. Ақиқатында бұл мезгіл қайнаған еңбектің көрінісі сияқты маған.  Адамдар да аула ішіндегі оны-мұны жұмыстарына кірісе бастайды. Әртүрлі шаруаларымен шұғылданып, кейде далада жүріп алады.

40969F3B-AA17-439F-B20F-3A938E55A444

 Тағы бір айта кететін нәрсе, 8 наурыз – Халықаларлық әйелдер күні де көктемнің алғашқы мейрамы. Көңілді марқайтатын Ұлыстың ұлы күні де осы мезгілде тойланады. Адамдар жадырап, жарқырап бір жасап қалатын сәт. Үйімізбен қоршаған ортамызды тазалап, көшет отырғызып, бұлақ көзін ашып, ұлттық дәстүрімізді жандандырып көппен бірге той тойлайтынбыз. Бұл адамдар бір-бірімен емен-жарқын жүздесіп, өкпе-реніштерін тарқатып татуласатын күн. Жыл сайын осы уақытты тағатсыздана күтетінбіз. Тал-теректен аңқыған жұпар иіс не деген керемет еді десеңізші?! Мен көктемді сағындым. Менің ең жақсы көретін мезгілім көктем. Бұл кез маған қуаныш сезімін және ерекше көңіл күй сыйлайды. Көктем – өзгерістер уақыты. Ол ересекті де, баланы да қуанышты сезімге бөлейді. Шаттандырады. Шалқытады. Көктем – күшіне еніп, күн шуағын молынан төгетін, қазақ даласы қызыл-жасыл кілемдей түрленіп, ерекше сұлулыққа бөленетін шақ. Адамдар бұл сәтте өздерін бақытты сезінеді. Қар еріп, күн көзі әлдеқашан жылытып үлгерген жерлерге алғашқы көктем гүлдері қылаң береді. Нәзік, көкшіл гүлдердің үлбіреп, жарық пен жылуға мойындарын созып талпынуы көзімді қуантатын. Жұлуға қимайтын әсем гүлдерді тамашалағанның өзі сондай керемет. Шынында көктем көп күттіріп келетін мезгіл. Жаңбырлы күздің, салқын, аязды қыстың артынан күлімдеп келетін көктемде ағаш отырғызып, түрлі гүлдер егетін ек. «Тазалық – денсаулық кепілі», – деп қазақ атам тегін айтпаған-ау. Айналаның жайнауы, түрленуі көктемді сүюге жетеледі. Бұл – менің көкейіме жиналған ойлар жиынтығы. Ал сіз көктемді сағындыңыз ба?

Гүлмира Мақанова

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале