Дәл осы атаумен Бөкей ордасы аудандық мәдени-демалыс орталығында мерекелік концерт өтті. Бірден айталық, көрікті көктеммен бірге келетін ардақты аналар мен асыл әжелер, аяулы аруларымызға арналған салтанатты шара жоғары деңгейде өтті.
Мерекелік концерті аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың құттықтау сөзімен ашылды.
Мерекелік концертте әуезді ән де шырқалды, мағыналы жыр да оқылды, тамаша би де қойылды. Шараға балабақтың былдыр тілді балақайларынан бастап, атпал азаматтарымызға дейін қатысып, аналарына жыр арнады, ән шырқады.
Қобыз бен гитара да керемет үйлесім тапса, ВИА да шара шырайын ашты. Жалпы, концерттік бағдарлама қалың көрерменнің қошеметіне ие болды.
Бұл күні кең диапазонда әншіміз Рауан Қажығалиев, қоңыр дауысты Махамбет Қалыбаевтың шырқаған әндері де ерекше әсерлі шықты. Әсіресе, сексеннен астам мүшесі "Надежда" хоры (жетекшісі Лиза Ерланқызы) шырқаған ән де көптің көңілінен шықты.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы