20.07.2021, 12:01
Оқылды: 61

«Смарт-Ақсай» жобасына жергілікті жұрттың ықыласы ерекше

Жуырда өткен Бөрлі аудандық мәслихатының  кезекті алтыншы сессиясында аудан әкімі Миржан Сатқановтың Бөрлі ауданының 2021 жылғы алғашқы алты айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі тыңдалып, ауданның әрі қарай дамуының кешенді мәселелері талқыланды.

63CC6A99-FF3B-4778-99D5-373C0EDF2744

Нақтылай кетсек, ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша аудандық бюджет 13,5 млрд.  теңгені құрады. Оның ішінде даму бюджеті 5,3 млрд. теңге, ағымдағы бюджет көлемі 8,2 млрд. теңгені құрап, бюджет игерілуі 100% орындалған.

Жарты жылдың қорытындысына сәйкес бюджеттің кіріс бөлігі жоспарлы 4,7 млрд. теңгенің орнына 6,5 млрд. теңге құрап, 138% орындалғаны да үлкен жетістік екені сөзсіз.  

Елімізде тұрғын үй мәселесі қашан да өткір қойылып келеді. Қаншама мемлекеттік бағдарламалар жасалып жатқанына қарамастан, елімізде бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Ауданымызда да бұл мәселеге ерекше назар аударылуда. Ақсай қаласының 10-шағынауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша үш 9 қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатқаны, біреуі жергілікті атқарушы құрылымның кезегінде тұрған азаматтар үшін, қалған екеуі «Отбасы» банкінің (бұрынғы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі) салымшылары үшін екені, бұл жұмыстарға бюджеттен 4,3 млрд. теңге көлемінде қаржы бағытталғаны әкім баяндамасында атап көрсетілді.

Қазіргі уақытта жоғарыда аталған үйлердің біреуінің құрылысы аяқталып, иелеріне пәтер кілттері табысталған. Ағымдағы жылы қалған екі үйдің құрылысы аяқталып, жалпы аумағы 16 мың шаршы метрден астам тұрғын үй қолданысқа берілетін болады. Ал бұл дегеніңіз 324 пәтер. Демек, сонша отбасы баспаналы болады деген сөз. Сол шағынауданнан тағы да 2 көп қабатты үйді салу жоспарлануда.

Жеке үй құрылысын жүргізу үшін жер телімін алу да күйіп түрған мәселелердің бірі екені белгілі. Аудан бойынша 10 603 тұрғын кезекте тұрса, оның 7794-і Ақсай қаласынан жер алып, үй салғылары келеді. Аудан әкімі өз баяндамасында осы мәселеге де арнайы тоқталып өтті. «Бүгінде бұл жұмыс та қарқынды жүріп жатыр» дей келе баяндамашы: «Аралтал» шағынауданынан 1200 жер телімі беріліп жатыр. Қазіргі таңда  700-ден астам учаскенің тиісті рәсімдері өткізіліп тұрғындарға үлестірілді. Қалған 500-дей жер теліміне үлестіру жұмыстарын жүргізудеміз» - деп нақтылады. Сол сияқты «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында ауданымыздың ең үлкен ауылы Бөрліде кезекте тұрған тұрғындар үшін 680 учаскеге арналған егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстары жүргізілуде.  

Бұған қоса «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақсай қаласының шығыс бағытында 1186 жер учаскесіне арналған «Жилой массив-2» тұрғын үй алабы жобасын газдандыру, электрлендіру және көшені жарықтандыру жұмыстары бастау алды. Жалпы, аудан әкімінің баяндамасында  биылғы жылы жолдарды жөндеу мен абаттандыруға көп көңіл бөлінгені байқалады. Ауданымыз бойынша 45 шақырымға жуық аутокөлік жолына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда 150%-ға  артық.  

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 2 млрд. теңгені құрайтынАқсай қаласы Қызылтал шағынауданының 17 көшесін, Бөрлі ауылдық округінің және Приурал ауылдық округінің көшелерін күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар «Моноқала» мемлекеттік бағдарламасы  негізінде жалпы құны 1,4 млрд. теңгені құрайтын 2 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар.  

Ақсай қаласының 10 мыңнан астам халық тұратын №4 шағынауданның көше жолдары  және Қанай, Бумакөл, Жарсуат, Ақсу, Ақбұлақ, Кеңтүбек, Достық ауылдарының кіреберісі жөндеуден өтпек.  

Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, халық тұрмысына қолайлы жағдай жасау әрқашан басты назарда. Әсіресе, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жобалар көптеп жүзеге асырылуда. Биылғы жылы «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бағытында жалпы ұзындығы 29 шақырымды құрайтын Қарағанды (Кирово) және Облавка ауылдарына су тарту жобасының Ақсай қаласы бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы»мемлекеттік бағдарламасының аясында Бестау су тоғанынан Ақсай қаласының №10 шағынауданына дейінгі резервті су құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде.

Тағы да бір ерекше айта кететін жайт, Жарсуат ауылдық округі аумағындағы Жайық өзенінің жағасын нығайту жұмыстары. Бұл шаруа үшін  республикалық бюджеттен 2 млрд. теңгеқаралып, жұмыс қарқынды жүргізілуде.

Экономиканың маңызды саласының бірі – ауыл  шаруашылығы саласында да іргелі жұмыстар атқарылуда. Ауданымызда 320 шаруа қожалығы, 32 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 5 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген. Түліктің қай-қай түрі де көбейе түскен. Мал асылдандыру жұмысына 54 шаруашылық белсенді қатысуда. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы жоспарға сәйкес 53 мың гектар белгіленіп,  59 мың гектар егіліп,  орындалуы 111,6%-ды құрап отыр.

Аудан экономикасына жеке инвестициялар тарту қанат жая түсуде. Жалпы құны 18 млрд. теңгеден асатын 31 жеке инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл – 600-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін жоба.

Шағын және орта бизнестің әлеуметтік-экономикалық дамуда маңызды рөл атқаратыны баршаға мәлім. Аудан экономикасының құрылымында ШОБ үлесі 88,8%-ды құрайды. ШОБ саласында жұмыспен қамтылғандар саны 12 096 адамды құраған, бұл – ауданның  барлық белсенді халқының 38 пайызы.

«Бизнестің жол картасы 2025» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» жобалық кеңсесінің ықпалымен 2021 жылдың жартыжылдығында Бөрлі ауданы бойынша 9 несие мақұлданып, жалпы сомасы 213,8 млн. теңге игерілген.

«Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 52 адам оқып, кәсіпті бастау үшін 30 млн. теңге қайтарымсыз 52 грант берілген. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» бойынша жалпы мөлшері 42 млн. теңгелік  8 несие берілген. «Жұмыспен қамту жол картасы» негізінде былтыр басталған бұл жұмыстар таяу күндері аяқталмақ. Ал Ақсай қаласының №13 шағынауданында көптен күткен жаңа мектеп бой көтермек. 600 орындық мектеп құрылысын жүргізу үшін жеке инвестиция тарту көзделуде.

Биыл  «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы Қызылтал шағынауданында балаларға арналған мәдени-спорттық кешен құрылысын бастау көзделуде.

Аудан аумағындағы қосымша  білім беру өнер  және спорттық үйірмелерді жандандыра  түсетін аталмыш нысанның жобалық құны – 238 млн. теңге.

АӘК және қайырымдылық көмек бойынша жүзеге асырылып жатқан ауқымды шараларды айта келіп, аудан әкімі Миржан Сатқанов жақын арада басталатын өрт сөндіру депосының, әскерге шақыру пунктінің, 120 пәтерлі жатақхана ғимараттарының жай-жапсарына тоқталып өтті. Соның ішінде қаланың инфрақұрылымын жетілдіріп, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған заманауи «Смарт-Ақсай» ақылды қала жобасына жергілікті жұрттың ынта-ықыласы  ерекше.

Сессияның күн тәртібінде басқа да мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале