20.11.2020, 23:01
Оқылды: 3083

Соғым сою да ізгі дәстүр

Қазіргі таңда барлық жерде соғым сою маусымы басталып та кетті. Өйткені күз мезгілін аяқтап, қыс жақындаған сайын әр қазақ отбасында соғым сою мәселесі айтыла бастайды. Бұл маусым қонақ шақырып, ет сүрлеп, қазы айналдырудың қызатын кезеңі деуге болады. Қазақта «соғым» деп қысты күні жата-жастанып жеуге арнап, алдын ала сойылған малды атайды. Әр жыл сайын қайталанып отыратын қазақтың сонау заманнан бері үзілмей келе жатқан бұлжымас салты. Ал соғымды қыс мезгіліне орай қараша, желтоқсан айларында бастаған. Соғым сою дәстүрі осыдан мыңдаған жылдар бұрын дәл қазіргідей мұздатқыш жоқ кезде басталса керек-ті. Ол кезде дамыған технологияның тетігін тауып, меңгермесе де, бір жылдық ас-ауқатын дайындап, қазанын майлап алатын өзіндік әдіс-тәсілдері болған.

11B586A0-C0E0-4718-A12E-B580D4E54258

«Қыстың қамын жазда ойла» демекші, ел жаз аяқталысымен-ақ күзгі, қысқы азықтарын ерте ойластырып, мал дайындай бастайды. «Ішсең сусын, кисең киім, мінсең көлік, жесең ас» деп осы төрт түлік малды бағып, пайдаланудың қыр-сыры мен ретін білген дана халқымыз соғымға түйе, жылқы, сиыр сынды ірі мал сойған. Еліміздің кей өңірі өмір сүру салтына байланысты соғымға әртүрлі малды таңдайды. Соғымға сиырды етті болғаны үшін, жылқының еті тәтті болғаны үшін, төрт түліктің ішінде топаны көп Шопан ата қойын қонақ үшін сойған. Соғымға сойылатын мал ерте күтімге алынып, жемге байланады. Ол әбден семіргенше, қазақтар етсіреп қалмауы үшін күн суыта күздік мал сойып алып отырған. Күздік малға қысқа шыдамайтын тана, торпақ, тай, құлын сойылады екен.

Сонымен бүгінгі еттің бағасы қандай? Ауданымыздағы базарда ірі қара еттің келісі – 1600-2000 теңгеден. Ал жылқы еті одан да қымбаттау. Соғымдық ірі қараның салмағы кемінде 150-250 келі болады десек, құны 250 000-340 000 теңге. Жылқы соямын десеңіз, шамамен 200 000-400 000 теңгені шытырлатып санап беруге дайындала беріңіз. Ауылдық жерде де арзан ет жоқ. Мысалы, Көпжасар ауылында соғымдық сиырдың құны 250 000-300 000 теңге екен.

Қазақ салтында көршілер соғымды кезекпен жиналып сояды. Үй іші соғым сойған күні мол қуырдақ қуырады. Ауыл бойынша соғым әбден сойылып болған соң, көршілер, тума-туыс бірін-бірі соғымға шақырады. Оны «соғым басы» деп атайды. Соғым басына шақырылған қонақтар есіктен кірісімен-ақ «соғым шүйгін болсын», «қазан майлы, көңіл жайлы болсын», «бұйыртып жегізсін» деп ақ босағаны ақ тілекпен аттайды. Иен тауда жалғыз үй отырса да адам шақырмай, бата істемей соғым соймайды. Үлкендерден бата алып, туыстарына айтып барып сояды. Себебі, қазақ ұғымында соғым ерекше киелі, ата жолды, ақ сыбағалы кәде, ырымды салт саналады. Оны қыстай ғана жейтін азық қана емес, үйге келетін қонақтарды күтіп, көңілін риза ететін «берекелі дастарқаны» деп біледі.

Жөн-жосықты білетін, жоралғыны толық түсінетін үлкен үйлер мен жас отбасылар да соғымның кәделі жіліктерін ет тұздағаннан-ақ мынау құда-құдағидың, мынау көрші-қолаңның, дос-жаранның, арнайы қонақтың сыйы деп кәде әзірлеп, сыбаға дайындап қояды. Негізі қазақ соғымды өз отбасының қажетінен гөрі қыстыгүні үйге келетін қонақтарды ойлап сояды десек, артық айтқандық емес шығар. Өйткені, қонақжай, дарқан қазақ шаңырағына ат басын бұрған әр қонаққа қазан асуды міндет деп біледі. Ал қақаған қыста дайын, семіз мал тауып сою екінің бірінің қолынан келмейді. Сондықтан да өзі мен құдайы қонақтың ырызғысын бірге санап, қыс азығын күз де дайындайды.

Соғымның басын қазақ ешқашан жеке жемейді, қонақ шақырмай аспайды. Соғым басын жеке жесе, көптен айырылады, жалғыз қалады, береке қашады деп ырымдайды. Соғым басында құт бар, ол үлкен кісілердікі, көптікі, оны көппен бірге жесе, шаңыраққа бақ тұрады, бақыт қонады, береке шайқалмайды, сол үйді ел-жұрт сыйлайды деп нанады да, соғым басына қонақ шақырып, үлкеннен бата алып, бірге жеуді ата салты, ардақты жолы қылып санасына бекіткен. Соғым басын жеп болған соң, ірі қара малдың жілігін шағады да, оны бөлісіп жеп «дастарқан жайлы, соғым майлы болсын» деп ақ тілек айтысады. Жілік майы көп болса, қыстан жайлы жақсы өтеді екенбіз, мал-бас аман болады екен деп қуана-қуана тарасады.

Соғым деген сөз молшылықтың, тоқшылықтың, барлықтың, байлықтың символы саналады. Қазақтың байлары соғым, кедейлері «деңгене» жесе де ет жеуде ешкімге дес бермеген. «Елде бар болсын» деген ерекше нақыл осыдан қалса керек-ті. «Көршің аш, сен тоқ отырсаң мұсылмандығың күмәнді» дейтін пайғамбарымыздың хадисі де осыған байланысты айтылғандай. Ал жоғарыда «деңгене» деп қалдық. Мұның екі түрлі мағынасы бар екенін бүгінгі кейбір қаракөз халқымыз  түсіне бермейді-ау. Бұл қауқары келмесе байлардан қарызға алып жейтін соғым. Екінші мағынасы бір топ жігіттің бай үйіне барып бәстесіп бір жолда бір малдың етін жеп кетуі. Екеуі де бар мен жоқтың арасындағы айырықша байланыс.

P.S.

Қазақ халқы соғымды сойғанда тамақ үшін емес, береке, ырыс үшін де сойған. Әр үйдегі соғым – аждаһадай ақырған қытымыр қыстың азығы ғана емес, берекенің қазығы болуы тиіс. «Заманына қарай адамы» дегендей, заман өзгергеннен бе, әлде адам өзгергеннен бе, кім білсін? Туыс-туған, дос-жаранның бас қосып, қауқылдасып «соғым басын» жейтін салтының сәні қашып кеткен сыңайлы. «Ет дегенде бет бар ма?» деп әзілдейтін біздің ел «өле жегенше бөле жеуді» де тілге тиек етеді. Қазақтың баршасы бай болып, арсасы етке толатын күнге де жетер. Тек пейілі тарылмасын! Сонымен, соғым сою дәстүрі қазақ халқы үшін жылына бір келетін қазақы мейрам десе де болады. Ал осы ұлт мерекесінің, дәстүрдің құндылығын жоғалтпау бүгінгі ұрпақтың еншісінде. Соғым шүйгін болсын, ағайын!

Ж.Шахманова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 Жайна Елемес, ауыл тұрғыны:

- Қазақ халқы бұрынғы кезде соғымға арнап бір жылқы, бір сиыр сойған. Жалқының етін жылылық болса ашып, бұзылып кететіндігінен қыстың аязында жеуге бастаған. Сондай-ақ жылқының еті қысқы салқында күш-қуат жинауға пайдалы. Ал сиыр етін «ұзын сары келеді» деген түсінікпен наурыз айына қарай сақтап қойған. Наурыз айында күн ұзарған сәтте сиырдың етін сорпалап ішуге алып қойған. Етті малдың өзінің қарынына тұздаған. Себебі наурыз айына дейін сақтауға шыдамды болған. Үй-іші соғым сойып болған соң, сыйлы адамдарды шақырып ауыз тигізіп, бата алған.

Бізде жыл сайын соғым соямыз да, қыс бойы отбасымызбен тағамды соғым етінен дайындаймыз. Аптасына 1-2 рет міндетті түрде ет асып жейміз. Ал жаз мезгілінде сиыр, қойдың етіне ауысамыз.

 Арай Әділжан, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Бізде соғымды қараша айының басына таман бір, екі жастағы жылқы немесе түйені сояды. Оларды бір, екі ай бұрын жайылымнан үйге күтімге алып, жем беріп семіртуге тырысады. Оны семіртіп, баптап болған соң, соғым соятын уақытта сол малдың басын асып көршілерді қонаққа шақырады. Жарты етін қысқа деп кептіріп қояды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале