22.05.2020, 12:09
Оқылды: 204

Соқ жүрек, бұзбай соққын ырғағыңды!

Қазақстанда жылына жүректің түрлі ақауымен 3000 бала туады. Әрі оның 80%-ы хирургиялық көмекке зәру. Бар болғаны 16 мыңдай халқы бар Бөкей ордасы ауданында осы диагнозбен 27 бала диспансерлік тіркеуде тұр.

43E8C89F-25E2-4179-9D16-2FF859CABEEE

Қазіргі таңда шақалақтың жүрегінде кінәрат бары анасының құрсағында жатқан кезінен-ақ анықталады. Сәби жүрек ақауымен дүниеге келді делік, ата-ана дүние есігін жаңа ашқан сәбиін хирургтің қолына апарып салуға тәуекел етпейді. «Мүмкін, өсе келе жүрек ақауы бітісіп, сауығып кетер» деген үмітпен уақыт өткізіп алады.  Сол үмітпен жүріп, кеш қалатын да жайттар болады.

Сандар сөйлейді

Иә, өткен жылы осындай қайғылы жайт орын алды. Демікпемен дәрігерге жүгінген ордалық тұрғын аудандық аурухана, кейін облыстық мамандарға жолданып, емделген болатын. Алайда туабітті жүрек ақауының ауыр түрінен бес айлығында сәби жүрегі соғысын тоқтатты. Ауданында туабітті жүрек ақауымен 2016 жылы алты бала, 2017 жылы үш, 2018 жылы төрт, 2019 жылы екі бала арнайы есепке алынды,- дейді аудандық аурухананың педиатры Ақлима Ишанова.

«Статистикалық деректер жүрек түршігерлік болғанмен, уақыт жоғалтпай емделсе, сауығатын ауру» дейді аудан педиатры.  Әрине, ол алдымен ақаудың қаншалықты қиын екендігіне байланысты. Көп жағдайда  дәрігердің жедел араласуы қажет болады. Сондайда ата-аналар сәбиіне ота жасатудан қорқасоқтайды екен. Бірақ «сол операция – оның сауығып кетуі жолындағы бірінші қадам» деп қарау керек. Соңғы кезде, нақтырақ айтсам, өткен жылы хирургиялық операцияға келісіп, баласын Нұр-Сұлтан қаласындағы ұлттық ғылыми кардиоорталығына апарған бөкейліктер саны көбейген. Өткен жылы алты бала барған болса, жалпы есептегілердің оны хирургиялық көмек алған. Есепке алынғандардың арасында отаны қажет етпейтіндер де бар. Қазіргі таңда ұялылық бір сәбидің гемоглобині төмен болуы себепті отасының күні белгіленбей отырған көрінеді. Осы ақаумен диспансерлік тізімге алғандарды жылына екі мәрте облыс орталығында тексерістен өтеді. Тексерісті арнайы келетін астаналық әріптестер жүргізеді. Бүгінде медицина едәуір дамып, сәбилерге көмек мейлінше жасалуда ғой. Өкініштісі сол, арамызда әлеуметтік жағдайын алға тартып, белгілеген ота уақытында бармайтындар да бар екен. Солардың бірі бұл күнде 17 жасқа келіп қалса, екіншісі 13-ке толмақ. Біріншісі туабітті жүрек ақауымен қоса Дауна синдромына шалдыққан. Екіншісінің жайы өскен сайын қиындап барады. Тыныс алуы нашарлап, тез шаршап, тұншығады,- дейді тәжірибелі маман.

Жүрек неден дертті?

Қара танығанның бәрі жүректің адам өміріндегі маңызды орган екенін біледі. Ал медициналық тілмен айтқанда жүрек – іші қуыс, бұлшықетті мүше. Сонымен бірге қанайналымның орталығы.   Өкінішке орай, ол кез келген сәтте сыр беріп, адам өмірін өзгертіп жібереді. Әрі жүрек ауруы жас талғамайды. Тіпті, туабітті жүрек дертіне шалдығатындар бар. Сол туабітті жүрек ақауымен дүние есігін ашқан сәбидің ертеңі тіптен бұлыңғыр. Өйткені елімізде балалар өлімі тізбегінде туабітті жүрек ақауы дертінен көз жұмғандар саны алдыңғы қатарда болып тұр. Статистикалық мәліметке сүйенсек, туабітті жүрек ақауымен туылған нәрестенің 80 пайызы бір жасқа толмай көз жұмады екен. Оның 20%-ы алғашқы апталықтарында болса, алғашқы айдағы сәби өлімі 27%-ды құрайды.

Туабітті жүрек ақауына шалдыққандарда жалпақ тілмен айтқанда жүрекаралық қалқа, жүректегі қарынаралық қалқалардың дұрыс дамымауы себепті тесік пайда болады. Сол тесіктердің орналасуына, оның көлеміне қарай бұл дерттің ауырлығы бағаланады. Яғни анау тесіктің салдарынан ағзадағы қан айналымының тәртібі бұзылып, ол өзге ағзаларға кесірін тигізеді. Мәселен, жүректегі тесік салдарынан өкпеге оттегімен қоректелмеген қан барып, науқасқа дем жетпейді. Сондайда сәбиде көгерулер пайда болады. Оны мамандар цианоз деп атайды. Ол негізінен ағзаға оттегінің жетіспеушілігін байқатады, ағзадағы өзгерістен хабар береді дейді мамандар. Жаңа туылған сәбиде емгенде тез шаршау, салмақ қоспау, тынысы терең болу сынды белгілер көрінеді. Айта кету керек, бұл дерттің уақыт өте пайда болатын түрлері де бар. Сондықтан әсіресе, жас аналар баланың дем алысына, жалпы денсаулығына қарағанда сәл өзгерісті байқаса, балалар дәрігеріне хабарлауы керек. Өйткені дәрігерлер диагнозды үнемі баласының жанында болатын анасының айтқаны, бақылауы негізінде тұспалдап, арнайы тексерістен соң қояды. Ақау уақытында анықталмаса, сәби өміріне қауіп төнеді.

Сәбилердің мұндай дерті дүниеге келмес бұрын анықталады. Яғни ультрадыбыстық тексеру уақытында белгілі болады. Бір жағынан бұл ата-ананы қорқытқанымен, екінші жағынан моральдық дайындығына көмегі барын ұмытпауымыз керек. Алдын ала ақпараттанған ата-ана өздерін іштей дайындап, бала өмірі үшін күреске әзір болады.

Бұл турасында аудандық аурухананың акушер-гинекологы Күләнда Абдулова:

Шаранада туабітті жүрек ақауы жүктіліктің 12 апталығында өткізілетін жоспарлы ультрадыбыстық тексерісте байқалып, екінші скринингтік тексерісте нақты шешімін айқындайды. Аудан бойынша осындай диагноз бойынша жылда кем дегенде 2-3 факті тіркеліп жатады. УДЗ қорытындысынан кейін тиісті мамандар қарап, шешім қабылдайды. Яғни құрсақтағы сәбидің өмір сүруге қабілеттілігі анықталады. Жарық дүниеге келген соң өмір сүре алса, анасы оны ары қарай көтеріп, дүниеге келтіреді. Кейін ем-домын жасайды дегендей. Ал зерттеу нәтижесі шарананың өмір сүруге қабілеті мүлдем жоқ дейтін жайттар кездессе, ата-анасымен сөйлесіп, жасанды түсік жасатуға кеңес береміз. Дәл осындай жағдай былтыр орын алған. Әрине, бойына біткен шаранадан айырылу оңай емес. Дегенмен маман ретінде мән-жайды бүкпесіз айтып, түсіндіру міндетіміз. Өйткені ондайда шарана жатырда жүрегі тоқтауы әбден ықтимал. Тіпті дүниеге келгеннің өзінде өмірі ұзаққа созылмайды, -дейді.

Жүрек ақауы неден болады? Бұл сауалға педиатр Ақлима Кәрімқызы:

-Құрсақта жатқан баланың жүрегі төртінші аптадан бастап дамып, қалыптаса бастайды. Осы кезде сырттан және іштен нәрестенің жүрегінің жетілуіне ықпал ететін факторлар бар. Туабітті жүрек ақауы тұқымқуалаушылықтан, экологиядан, инфекциядан, тағы да басқа көптеген себептен пайда болады. Бұл дерттің уақыт өте өзі қалыпқа келетін, яғни жүректегі ақау (тесік) болса, өсе келе бітіп кететін жеңіл түрі де, хирург көмегінсіз емделетін жағдайлар да кезігеді,-деп жауап қатты.

Уақыттан ұтылмаңыз!

Бүгінде жас жарымнан асқан сайқындық Мәриям Ғабифтің жүрегіндегі бір тесігі осылай өздігімен бітеліпті. Оны ата-анасы бір ай бұрын ғана отадан соңғы жоспарлы тексерісте біліп, қуанып  қапты. Қалайша қуанбасын?! Анасының жатырында жатқанда-ақ мамандардың шақалақтың денсаулығында кінәрат бар деген болжамдары дүниеге келгенде жүрек ақауы боп нақтыланған. Анықтаған бойда ота жасауға ниеттенгенмен, сәбидің салмағы аз боп кейінге қалдырылған. Сөйтіп, екі ай бұрын ғана бас қалада Мәриямның сәби жүрегіне алғашқы ота жасалған. Ота сәтті өтті. Астаналық хирург Данияр Маратұлы араға уақыт салып, екінші тесікке ота жасату қажеттігін айтқан. Алайда айтқанымыздай екінші тесік бітеліп қалған. Ғажайып емес пе?! Жастан асқанша жетілмеген жүрегі бір айда ретке келді. Мәриямның әкесі Еламан Қазиев айтқандай: «Дертті беруші де Алла, шипаны сыйлаушы да Алла» деген осы.

Немересі Айнамкөзде шаршау, тұншығу белгілерін байқаған сайқындық зейнеткер Жеміс апа Танашева бақылауын үдете түседі. Сөйтсе, немересі емгенде әлі келмей, тез шаршап қала береді екен. Жүктілігі қалыпты өткен, денсаулығы да бұрын сыр бермеген келінімен ауруханаға бет алады.

Айнамкөз Серікті қабылдаған педиатр Ақлима Кәрімқызы жүрек ақауы болуы ықтимал деп облысқа жолдама береді. Дүниеге келгенде сап-сау деген бөбегінің жүрегі дұрыс істемейді дегенде есеңгіреген әже шыбын жанын шүберекке түйіп, «бәлкім қате шығар», «бәлкім олай болмас» деп немересінің дем алысын бейнетаспаға түсіріп, облыстағы таныс дәрігеріне де жолдаған. Ондағы ойы ауылдағы дәрігердің біліміне деген сенімсіздігі емес, бүлдіршінінің жүрегі емес, басқа жері ауырады деген басу сөз есту болатын. Дегенмен ауылдағы ақ халаттының болжамын қалалық дәрігер де құптады. Осылайша облыс орталығына жол түзеген сайқындық Айнамкөз Жәңгірқызы анасы және әжесімен шұғыл түрде Нұр-Сұлтан қаласындағы кардиоорталығына жеткізіледі. Ондағы бөбектерді көріп, жүрегі езіле түседі. Орталыққа барғанмен отаға келісім беру, бастысы өз қолыммен жаманат келсе, ақ халаттыларға кінә артпаймын деп жауапкершілікті өз мойнына алу тіптен қинап жіберген. Оның үстіне ауылда қалған ұлы Жәңгірдің «мүмкін дерті өсе келе бітіп, пышаққа түспей-ақ емдеуге болар» деген сөзі, екінші жағынан орталық дәрігерлерінің кеңестері Жеміс әжесінің санасын сан-саққа жібереді. «Жалғызымның тұңғышынан айырылып қалсам, қалай ғана өмір сүрем?» деген ойлар жегі құрттай маза бермеген. Тіпті бұл моральдық қысымға шыдамай, «Мен ауылға қайтайын, бала сенікі өзің кел, отаға келісім берсең де, бермесең де өзің біл, балам» деп айтқан кезі де болған. Арада ұлы хабарласып, анасынан кешірім сұрап, қобалжығаннан қандай шешім дұрыс боларын білмей жүргенін түсіндіреді. Көп ойланып, сын сағат келгенде Жеміс апа келісімін береді. Келіні енесін, енесі келінін демеп бес сағатты әрең дегенде өткізеді. Сол кезде, әшейін, көз ілеспейтін минуттар, сағатқа пара-пар көрінген. Иә, бұл күнде сергелдеңге салған сол сәттер, Айнамкөздің жансақтауда жатқан күндер артта қалды. Бүлдіршінін бауырына қайта басқан әже жүзіне рең кіріп, көздерінде өмірге, жақсылыққа деген сенім пайда болды. Ауылдағы, астанамыздағы ақ халаттыларға деген ризашылығы шексіз.

D13DCD3F-F48D-4B63-BED8-203D89C516C1

Есімін атамауды өтінген тағы бір респондентіміз елде жүрек ақауына шалдыққан балаларға жасалған жағдайға дән риза. Оның баласында бұл ақау алты айлық кезінде байқалған. Ентігу, терісінің көгеруі тіптен білінбеген. Мамандар ол жүрек ақауының ең жеңіл түрімен ауыратындықтан деп түсіндірген. Баласын үнемі облыс орталығында жүргізілетін бақылау шараларына апарып жүрген кейіпкеріміз биыл бас қаламыздағы арнайы орталыққа емделуге барғанда жүректегі тесік ұлғайып кеткенін естігенде аң-таң болған. Осы кезге дейін ота жасаудың қажеті жоқ деп жүргенде астаналық мамандар жедел түрде көкірегін ашып ота жасау қажеттігін айтқан. Ота сәтті өтіп, алты жасқа келіп қалған балапан екінші күні-ақ шауып кеткен. Ойын баласы ғой, ойда жоқта ата-анасы үлкен қобалжуды бастан өткергенін қайдан ұқсын.

Осыдан 10 жыл бұрын сәби жүрегіне жасалатын оталарды тек шетелде атқаратын. Әрі оның құны 20-30 мың долларға бағаланатын. Бүгінде елде медицина алға жылжып, олар бас қаламызда ғана емес, облыс орталықтарында да жасалып жүр. Ең бастысы, бәрі де тегін жасалады. Тіпті, жол шығыны да толық көлемде төленеді.

Жүрегінің кінәраты бар баласының сәл ауырсынса да, дәл қазір қасында аман жүргеніне шүкіршілік жасап, отасына апаруға сан ойланып, мың толғанып жүрген ата-аналар, тірліктің мың сан күйбеңін кедергі көріп, жағдай жоқ деп бейқамдыққа басып жүргендер жүрек ақаулығы уақыт күттірмейтін, айналып соқса, алмай тынбайтын ауру екенін ескерсе екен. Ақырын соққан ауру жүрекке дер кезінде салынған жамау сәбиіңіздің өмірін жалғарына сеніңіз. Сәби жүрегіне дем беріңіз!

Раушан Бақытова

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале