17.09.2025, 10:45
Оқылды: 293

Сол күні Жымпитыны бетке ал қауым…

Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов Батыс Қазақстан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз мәслихатын өткізді. 

PHOTO-2025-09-16-12-16-13 (1)

Негізгі тақырып - ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына орай өтетін мәдени-көпшілік іс-шараларға туралы.

- Қадыр жыры - халық жүрегінде. Ақын үшін де басты бақыт осы болса керек. Жас ұрпақ Қадыр жырынан тәрбие алып, байып келеді. Ақынның 90 жылдық мерейтойы – тек мереке емес, руханиятқа тағзым, елге үлгі, - деген аудан әкімі 20 қыркүйек күні өтетін бірқатар мәдени-көпшілік шараларды таныстырды.

Қадыр күні Тоғанас ауылының тұсында Сырым төбе маңына аялдап, кесенеге гүл шоқтарын қоюмен басталады.

Жымпитыдағы ақын ескерткішінің алдында құрметті қарсылау өтеді.

М. Есламғалиұлы атындағы орталық кітапхана ғимаратында «Қадыр әлемі – руханият белгісі» тақырыбында шара ұйымдастырылып, Қадыр Мырза Әлі атындағы әдебиет және руханият залының ашылады.

Қадыр атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің қасбетіне мурал салынды.  Ол да салтанатты түрде таныстырылады.

Әрі қарай тойтөбедегі дала қызықтарын - арғымақтар бәйгесі, қазақ күресі мен арқан тартысты тамашалауға болады.

Осы күні Жымпитыда ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер, драматург Нартай Сауданбекұлының «Қадыр-Адам» драма реквиемінің тұсаукесері өтеді.

Жұмагелді Батырниязов Қадыр  – қазақ жырының жүгін арқалаған алып тұлға екенін, оның шығармашылығы тек поэзия ғана емес, елдің тарихы мен тағдырын сыйғызған құндылыққа айналғанын айтты.

- Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Қадырды ұлықтау, жырын жаңғырту - рухани жаңғыру жолындағы үлкен қадам, - деді әкім.

“Сол күні біздің үйді бетке ал қауым,

Нысанаға ап қуаныштың тоқталмауын!” - деп Айбергенов жырлағандай, сол күні Жымпитыны бетке алыңыздар!

 

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале