24.07.2024, 15:16
Оқылды: 179

«Соңғы жылдары қымыз сұранысқа ие» – Арман Ахметов

Шілденің ми қайнатар ыстығы қайтар емес. Әрине, бұл түсінікті. Біздің өңір аптап ыстықтан айналып өткен емес. Осындай ыстықтан аңқаң кеуіп, шөлдегеннен «өліп кетуге» шақ қалғанда мейіріңді қаңдыратын сусын болғанға не жетсің?! Әсіресе қымыз болса тіпті жақсы.

3B395AA5-E051-4B3B-AE7A-F8A0C1552531

Бүгінде «Мышым» қыстағының тұрғыны Арман Ахметов дертке дауа сусынды халыққа ұсынып отыр. 2023 жылдың маусым айында «Бие сүті» жобасымен мемлекеттік грантқа қатысып, жобасы оң нәтижеге ие болды. Қаражатқа құлынды бие, бие сауатын аппарат, қымыз дайындайтын күбі және сақтайтын тоңазытқыш сатып алды. Ережеге сай кәсібін заңды түрде тіркеп, «Кәусар» жеке кәсіпкерлігін құрды.

Арман ағамызбен кездесіп, біраз әңгімелестік.

– «Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей суалмас» демекші, бие сауып, қымыз сатқаныма көп уақыт бола қойған жоқ. Соңғы жылдары қымыз сұранысқа ие. Кез келген ауруға ем. Сусынның құрамында 28 дәрумен бар. Шелегімді ала шауып, сағат сайын қораға барамын. Өзім сауып, артылып жатқан саумалдығымды сатылымға шығарамын. Күніне 1 бас биеден 2-4 литрдан астам қымыз аламын. Қымыз тұтынушылардың көңілінен шығып отыр деп ойлаймын. Қымыздың 1 литрі – 1 500 теңге. Ал 0,5 литрі – 700 теңге. Тұтынушылардың қалтасына көп зиян келтіреді деп айтуға болмас. Бие байлап, қымыз өндіру оңай шаруа емес қой. Болашақта жылқы басын көбейту жоспарымда бар, - деді.

60DBB0A1-2664-41EF-8C98-79F254E53FF6

Мұздатқышта тұрған қымыздан дәм татып едім, шөлдегенімді басып, қапырық ыстықтағы шаршағанымды ұмыттырып жібергендей болды.

Беу, шіркін-ай! Биенің сүті сары бал, қымыздан асқан дәм бар ма?! Таза ауа, жасыл жайлауда отырып ішкен қымызға не жетсін!

Нағыз қазақтығымыздың бейнесі осындай да жарқырамағанда, қай кезде сәулелі болатыны ешкімге аян емес. Ұлаңғайыр жерімізден құлын, күбімізден қымыз үзілмесін.

Кейіпкеріміз тек бие сауып қана қоймай, қыстақтағы үйдің шаруасын дөңгелетіп, нәзік жандылар атқаратын істі өзі-ақ ұршықтай иіріп отырған нағыз азаматтың өзі.

Атакәсіптің жалауын жықпай, бабалар мұрасын жалғастырып келе жатқан Арман ағамыздың еңбегіне береке тілейміз.

Әсем Болат

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале