Аудандық мәдениет үйінде Шыңғырлау ауданына қонақ болып келген Қазақстан Парламенті мәжілісінің VIII-шақырылымының депутаты, ережесіз жекпе-жектен Қазақстан Республикасының спорт шебері, Азия, Еуропа чемпионы Ардақ Құттықожаұлы Назаровтың "Ұлттық сананы қалыптастыру – мықты мемлекет негізі" атты аудан жастарымен кездесуі өтті.
Ең алдымен осы шараның демеушісі “Qareket Engineering LLP” директоры Санат Құмарұлы сөз сөйледі:
- Еліне, жеріне қызмет ету - әр азаматтың міндеті. Мен де туған жерімнің көркеюі үшін, жерлестерімнің игілігі үшін жұмыстар жасау парызым деп білемін ,- дей келе, келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, ұйымдастырушыларға рахметін айтты.
Ардақ Назаров сөзін "Отанды сүю - иманнан" - деп бастап, ұлтты сүю, елге қызмет ету, жақсылық жасауға ұмтылу, абыройлы өмір сүру, әке мен ана қадірі, отбасы құндылығы, ұрпақ тәрбиесі жайында әңгімесін өрбітті. Өзінің осы кезге дейін білген-түйгенін, жастық кезіндегі есті естеліктерін айтып, өмірлік сабақ болардай көрген көріністерінен мысал келтірді.
Бейбіт Назаров та сөз алып, ұлттық сананың өсуі, әр азаматтың рухани баюы үшін жұмыла жұмыстануға шақырды.
Жиын соңында аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы келген қонақтарға осындай рухани азық болар сұхбат, тағылымы мол кездесу өткізгені үшін ризашылығын білдіріп, алғысхаттарын табыстады.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы