Еркін күрестен әлемдік додада олжа салған тұңғыш қазақ палуаны біздің жерлесіміз. Сырым ауданына іссапар кезінде палуан жігітпен аз-кем уақыт дидарласудың сәті түсті.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов - Бұлдырты ауылының тумасы. Алғашқы ұстазы Асқар Сәукелиннің күрес үйірмесіне үшінші сыныптан бастап қатысқан. 2002-2004 жылдары Алматыдағы Қ.Мұңайтпасов атындағы мамандандырылған спорт-интернатында оқып, 2008 жылы Е.Гумилев атындағы Еуразия университетінің дене шынықтыру және спорт факультетін тәмамдаған. Астанада тұратын Нұрлан Бақытұлы бүгінде белгілі бапкер Асқар Әбдралиевтің қол астында жаттығып жүр.
-Қазақстан құрамасының сапында болғандықтан, үнемі оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстарда жүреміз. Ағаларым мен дос-жарандарым туған күніңнің қарсаңында бір-екі күнге болса да, ауылға келсеңші деген. Өзім де сағынып жүр едім, екі күнге ғана рұқсат алдым. Келсем, тосынсый күтіп тұр екен, - дейді палуан.
Расымен де, белгілі палуанға сырымдықтар тосынсый жасады. Екі күн бойы Жымпитыдағы спорт кешенінде дүбірлі жарыс өтті.
Турнирдің ашылу салтанатына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева арнайы қатысып, даңқты палуан мен оның ізбасарларына сәттілік тіледі.
Нұрлан Бекжановтың жүлдесіне арналған еркін күрестен аймақтық ашық турнирге он үш команда сапындағы 153 спортшы қатысты. Ақтөбедегі спорт мектебінен, Алға мен Қобда ауданынан, Атыраудың Индер ауданынан жас палуандардың келуі жарыс көрігін қыздыра түскені сөзсіз.
2004-2006 және 2007-2008 жылдарда туған жасөспірімдер мен 2004-2006 жылдарды туған қыздар арасындағы облыстық ашық турнирде 12 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды.
2016 жылы Будапешт қаласында өткен Әлем чемпионатында күміспен күптелген жерлесіміздің жүлдесі үшін ұйымдастырылған турнирдің ашылу салтанатынан соң, «тосынсый иесі» әуежайға аттанды. Палуанды алда үлкен жарыстар тосуда.
Сәндібек Жомартұлы,
Сырым ауданы