Үй мен жұмыс, жұмыс пен үй. Оның үстіне үңілмесіңе қоймайтын телефон мен компьютердің машақаты тағы бар. Әйтеуір, күйбің тірлік. Кейде осының бәрі адам баласын мезі қылатыны да жасырын емес. Осындайда адамды тек спорт құтқара алады. Ішкі күйзеліс пен сыртқы толғаныстарды адам баласына жеңіп беретін тек спорт екенін ұғынсақ та, соған келгенде желкеміздің қыры жібермейтіні анық.
Спорттық жүріс (спортивная ходьба) немесе жүгірудің адам баласына тигізер пайдасы зор. Ол бұған дейін де дәлелденіп үлгерген. Тек соны жүзеге асырып, ерінбей, тұрақты түрде айналысқан жандардың жүздері жарқын, көңілдері сергек болады.
Тасқала ауданында спортпен күнделікті шұғылданып, дене жаттығуларын тұрақты түрде жасап жүрген жандар бар. Солардың бірі – Назым Құрмышева. Ол – қазіргі таңда аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты. Екі қыздың анасы.
«Басты байлық – денсаулық» демекші, денің сау болса, өзге мақсаттарға да қол жеткізуге болады деген қағиданы ұстанған кейіпкерімізбен жақын арада жолыққан едік.
– Жүгіруді өткен жылдың сәуір айында бастадым. Содан бері тұрақты түрде айналысып келемін. Аудан орталығындағы «Жастар» стадионына барып, жүгіруден жеті айналым жасаймын. Барлығы үш шақырымды құрайды. Әуелден өзім спортты жаныма жақын тұтамын. Жүгіру мен секіруге жақсы бейімделдім. Жүгірмеген күннің өзінде скакалка секіремін. Оны күніне 700-800 секіремін. Әуелі қыздырынып аламын, сосын 100 рет отырып тұру жаттығуын жасаймын. Осы орайда туған ауылымды сөз етпеуге болмас. Ауданымызға қарасты Атамекен ауылында 1984 жылы дүниеге келгенмін. Бірақ мектепті Мереке ауылынан аяқтадым. Әрдайым жаттығу жасағанды жақсы көремін. Жолдасым Руслан Қожантаев та дене жаттығуымен айналысады.
Зілтемір көтергенді ұнатады. Оның да адамға тигізер пайдасы зор екенін жолдасым әрдайым айтып жүреді. Өткен жылдары облыстық зілтемір көтеруден жарысқа қатысып, жүлделі үшінші орынға ие болды. Оның өзі біздің отбасымыз үшін зор мақтаныш. Қазіргі таңда үлкен қызымыз да спорттық гимнастикамен айналысып жүр. Қалада спорттық гимнастикадан бірнеше жаттығуға қатыстық. Бүгінгі күнде үлкен қызымыз Зарина үшінші сыныпты тәмамдап жатыр. Ал кіші қызымыз Амина үш жаста. Бізбен бірге анамыз да тұрады. Ол кісі жеті баланы дүниеге әкелген «Алтын алқа» иегері. Стадионға барған кезде қасымда туысым Динара Шынболатова да бірге жүгіреді. Екеуміз бір-бірімізге серік боламыз. Жүгірудің де өзіндік ережелері бар. Соны берік ұстансаңыз, еш қиындыққа кезікпейсіз. Өзімді әуесқой спортшымын деп айта алар едім. Жалпы, жүгіру жүрек соғысы мен тыныс алуды жақсартады. Өкпең тазарып, өзіңді күшті сезінесің. Басында аяқтарың мен тұла бойың ауыртпалықты сезінетіні рас. Күнде жүгіріп, дағдыға айналдырсаң, басында ауырған жерлеріңнің бәрі жазылып, керемет бір күй кешесің. Жүгіруге әбден дағдылансаң, сол жүгіретін кезді сағынатын боласың. Өз-өзіңді тік ұстап, тың сезінесің. Жүгіру дене мүшелеріңнің бәріне әсер етеді. Ораза ұстап жүрсем де, жүгіруді тоқтатпадым. Керісінше, кеш түскенін күні бойы күтіп жүретін күйге жеттік, – дейді Назым Ерболатқызы. Жалпы, адам баласы өзінің сүйікті ісімен айналысса ғана қарттықтың ауылынан алыс болады екен. Спортты жанына серік еткен жандардың көздерінен от ұшқыны мен өмірге деген құштарлығы байқалады. Тәтті ұйқысынан ерте оянып, спорттық киімін киіп алып, жүгіру алаңына қарай асығатын Назымдай әуесқой спортшылар көбейсе, ол да біздің жетістігіміз. Әсіресе, жастардың құлағына «алтын сырға». Жастайынан денсаулыққа көңіл бөлетін жандардың қарасы қалың болса, еліміздің өркендеуіне үлесін қосары сөзсіз.
Темірболат Әнуарұлы
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz