1.02.2023, 18:42
Оқылды: 42

«Сталинградты қорғаған қазақ ерлері»

Бүгін «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының ғимаратында Сталинград шайқасының жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толуына орай ардагерлер ұйымы, аудандық кітапхана және саз мектебінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Сталинградты қорғаған қазақ ерлері» тақырыбында танымдық шара өтті. Алдымен «Сұрапыл жылдар жаңғырығы» атты Сталинград шайқасы мен осы майданның жақын тылы болған Жәнібек ауданы туралы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Сонан кейін аудан әкімі Азамат Сафималиев сөз сөйледі.

IMG_5500

-Биыл Кеңес әскерлерінің Сталинград шайқасында неміс-фашист басқыншыларын талқандағанына 80 жыл толып отыр. Біздің аудан мен көршілес Бөкей ордасы ауданы Сталинград майданының ең жақын тылы болды. Біздің аталарымыз соғыста ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, Ұлы Жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосты. Бүгінгі өтіп жатқан шара біздің аға ұрпақтың соғыстағы ерлік және тылдағы еңбек дәстүрлерін болашақ ұрпақтың біліп жүруі үшін қажет. Сталинград шайқасындағы жеңістің 80 жылдығына орай біздің ауданнан Волгоград қаласына адамдар бара жатыр. Еліміз тыныш, жұртымыз аман, өткелі жатқан іс-шара оңынан болсын, - деді Азамат Сафималиұлы.

IMG_5507

         Әрі қарай аудандық балалар саз мектебі ұлт-аспаптар ансамблінің (жетекшісі - Гүлмира Қадырбаева) орындауында Бақтыбайдың күйі «Әуен», Н.Тілендиевтің күйі «Әлқисса» кетті әуелеп. Күміс көмей әнші Шынар Каюпова «Огонек», аудандық балалар саз мектебінің Жақсыбай ауылдық филиалы домбыра класының оқытушысы Есім Тұяқбаев «Дариға-дәурен» әнімен тыңдармандардың көңіл қылын тербетті. №1 мектеп-лицейдің 8-сынып оқушысы Бекжан Жұмалиев «Раненная башня» өлеңін мәнерлеп оқыса, балалар саз мектебінің оқушысы Гүлім Биғали (жетекшісі - Асылан Боранбаев) «Әлия, Мәншүк», мәдениет қызметкері Тамара Кафарова «Әке даңқы», Жақсылық Бисенғалиев «Біздің жақтың қарттары», аудандық балалар саз мектебінің Ақоба ауылдық филиалы домбыра класының оқытушысы Ақынбек Мұратов «Ризамын» әнімен көпшіліктің жүрегіне жол тапты. Танымдық кеш «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалы жанындағы «Ақниет», «Надежда» вокалдық тобының орындауында «На Мамаевом кургане тишина» әнімен өз мәресіне жетті.

Асқар Орынғалиұлы,  

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале