12 сәуір күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев Қазталов ауданының Жалпақтал ауылына арнайы іссапармен келді. Іссапар барысында Жасұлан Жұмашев Үлкен өзенге жоғары жақтан судың келуіне байланысты «Автобаза», «Гүрілдеуік» бөгеттерін аралап, су деңгейінің жағдайымен танысты.
Аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр қазіргі таңда су деңгейінің бірқалыпты екенін айтып:
-Жоғарыдан келіп жатқан судан қауіп жоқ. Су деңгейі үнемі бақылауымызда. Төтенше жағдайлар кезінде кезекшілік қойылып, жіті бақылап отыр. Қараөзенге су молынан келіп, көлтабандарға су шығару жұмыстарын ойдағыдай жүзеге асуда. Ал Жалпақтал ауылындағы оқшау қалған үйлердің тұрғындары мен оқушыларын төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері ауылға судан қайықпен өткізіп отыр,- деді.
Сонымен қатар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы тасқын су кезінде арнайы техникалар жіберіп, қолдау білдіретіндігін жеткізді. Кездесу барысында Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин, «Қазсушар» РМК БҚО филиалының ауданымыздағы өкілі Еркебұлан Ермұханов бірге болды.
Қазіргі күні Ресейдің Александров-Гайдан 90 текше метр су жіберіліп, Қараөзеннің су деңгейі 15 метр 48 сантиметр құрап отыр.
Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ
Жалпақтал ауылы
zhaikpress.kz