6.12.2023, 9:45
Оқылды: 51

Су, қайдасың? Тамызда тапсырылуға тиіс нысан тұралап тұр

Сырым ауданы Қособа ауылдық округінің әкімі Бейімбет Жайманов ауылдастарымен есептік кездесу өткізді. Жиналысқа Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов қатысты.

PHOTO-2023-11-01-15-11-09

«Жымпитыдан Қособаға ауыз су келеді деген? Үй-үйге тартылады дегенді естіп қуандық. Құбыр салынды деп естідік, үйімізге сарылдап келген су көрінбейді. Су қайда?» деген сауал кездесудің негізгі тақырыбына айналғандай.

Сұраққа Сырым аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Артур Искаков жауап берді.
- Иә, Кеңащы су кен орынынан Жымпиты ауылына су тарту жобасы – тарихи жоба. Жымпиты арқылы Қособа ауылына да мөлдір, таза ауыз келе жатыр.
Қособа ауылдық округін ауыз сумен қамту жобасы - екі жылдық жоспар. Жұмыс былтыр сәуір басталып, бірақ ауа – райына байланысты ерте тоқтады, – дейді бөлім басшысы.
Мердігер «СМУ Шығыс» ЖШС межесін әлі қуып жетпепті. Биыл тамызда тапсырылуға тиіс нысан тұралап тұр. Жымпитыдан Қособаға қарай 27 шақырым құбыр салынған. Ауылішілік жұмыс қар-жаңбырмен жағаласып басталмаса екен деп ел отыр.
- Тамызда қабылдауға тиісті нысанымызды мердігер уақытында аяқтамады. Оған себеп көп. Іс созылып кетуіне жабдықтардың уақтылы келмеуі, еңбек ресурсының тапшылығы әсер етті.
Қаражат елдікі, жоба халық үшін басталды. Сондықтан Сырым ауданы әкімдігі мердігерге қатысты жосықсыз өнім беруші ретінде тану, яғни жауапсыздығына шара қолдануы, жұмысты міндеттеу және жұмысты кешіктірген әр күні үшін өсімпұл қою жөнінде сот органдарына талап – арыз жолданды. 3 сот процесі өтті. Біздің тараптан әлі қаржы аударылған жоқ, – дейді Артур Искаков.

Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов халықтың игілігі үшін қолға алынған жұмыс тиянағына жетеді деп уәде берді.

Тұрғындар Жымпиты – Қособа бағытындағы кіреберіс автожолдың құрылысын да ыждағаттау, су тару кезінде ауыл көшелерін бүлдірмеу, су құдықтарын талапқа сай орналастыру туралы мәселе көтерді.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале