Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұлов жұмыс сапарымен Болашақ және Қайыңды ауылдық округтеріне барды.
Сапар аясында Аққурай елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында орнатылған блок модуль кешенінің жұмысымен, Көпкүтір елді мекеніндегі клубтың құрылысы, Жаңатаң елді мекеніндегі жол жөндеу жұмысы, Болашақ және Қайыңды ауылдарындағы таза ауыз су мәселесімен танысты.
Аққурай елді мекенінде аудан әкіміне аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен салынған, аталған елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатындағы блок модуль кешенінің жұмысы таныстырылды.
Облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған жобаны «Qeruen XXI» ЖШС жүзеге асырды. Қазіргі уақытта нысанның барлық құрылысы аяқталып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ал Көпкүтір елді мекенінде аудан әкімі 1978 жылғы түлектердің бастамасымен, ауыл тұрғындарының қолдауымен салынып жатқан клубтың құрылысмен танысты. Ғимаратта шағын концерттік залы, ауыл кітапханасы орналасады деп жоспарланып отыр.
Аудан әкімі сапар барысында Болашақ ауылының тұрғындарымен кездесіп, ауыз су және техникалық су мәселесін талқылады.
- Су – тіршілік көзі. Біз қолда бардың қадірін біліп, таза ауыз суды үнемдеуіміз қажет. Сондықтан, мен барлық округ әкімдері мен жауапты бөлім басшыларына әр ауылды техникалық сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырдым. Егер әр аулада техникалық су болса үй шаруашылығына да тиімді, әрі таза ауыз су да үнемделер еді. Жалпы ауданымызда ауыз суға қолы жетпей жүрген ауылдар мен елді мекендер бар. Алдағы уақытта оларды ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. Сол себепті, суды үнемдеп, бақылауды күшейтуіміз керек, - деді аудан әкімі.
Асланбек Ахметоллаұлы тұрғындармен кездесуінде 10 шілде күні орын алған өрттің шығындары есептеліп, зардап шеккен шаруалар мен денсаулығына зақым келген азаматқа қолдау көрсетілетіндігін баса айтты. Ауыл тұрғындары тарапынан ауыл ішіндегі бағаналарды қалпына келтіру жөніндегі ұсыныс айтылып, аудан әкімі аталған мәселе шешімін табатындығын жеткізді.
Ауданымызда бірқатар ауылдың ауылішілік жолдары жөнделіп жатыр. Соның бірі - Жаңатаң елді мекеніндегі жол жөндеу жұмысы. Аудан әкімі Жаңатаң елді мекеніндегі ауылға кіреберіс 0-8,8 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер «Табын 2007» ЖШС-ның жұмысын сынға алды. Құны 580,5 млн теңгені құрайтын жол жөндеу қарқыны баяу екенін баса айтқан аудан әкімі мердігер мен Казталов ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Артур Берденовке жұмыс қарқынын арттыруға 10 күн мерзім беріп, жұмыс баяу жүргізілетін болса тиісті шара қолға алынатындығын ескертті. Сонымен қатар, Болашақ ауылдық округінің әкіміне округке қарасты ауылдар мен елді мекендердің тазалығын қамтамасыз етуді тапсырды.
Қайыңды ауылында аудан әкіміне ауылды таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары, техникалық су өткізу жоспары таныстырылды.
Аудан басшысы жұмыс сапары кезінде шаруалармен де кездесіп, қысқа мал азығын дайындау жұмыстарымен танысты. Ауыл шаруашылығы саласының мамандарына қысқы мал азығын дайындау жұмыстарының қарқынын арттыру, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін ескертті.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz