Бүгін ауданымызда азаматтық қорғау қызметтері мен эвакуациялық органдардың көктемгі су тасқынына дайындығын тексеру мақсатында жиын оздырылды. Іс-шараға БҚО төтенше жағдайлар департаментінің Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Асхат Қадеров қатысты.
Далалық жиын барысында күштік құрылымдар техникаларының, мамандардың шұғыл әрекет ету іс-қимылдары қадағаланды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Ерген Тасқалиев аудандағы құрылымдық күштер су тасқынына дайын екендігін атап өтті.
- Көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары үнемі жүргізіліп, техникалар арнайы тексерулерден өтіп тұрады. Сонымен қатар, аудандық құрылымдық күштердің дайындығы да пысықталып, мамандардың шұғыл әрекет етуге оқу-жаттығу жиындары өткізіледі. Сондай-ақ, қар суы уақытылы шығарылып, су басу қаупі бар ауылдардағы өзен арналары биіктетілді, - деді бөлім бастығы.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz