Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Альназарова және облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жұмыс сапарымен Қаратөбе ауданына келді. Сапар барысында эвакуациялық пунктте болып, су тасқынынан зардап шеккен Қоржын ауылының тұрғындарымен кездесті.
Көктемгі су тасқыны салдарынан ауданымыз бойынша Қоржын ауылын су басып, тұрғындары аудан орталығындағы Қ.Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясының интернатындағы эвакуациялық пунктке орналастырылған болатын.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық министрлер өңірлерде жүр. Еліміз бойынша тасқын судан зардап шеккен ауыл тұрғындарын эвакуациялық пункттерге орналастырып, мемлекет тарапынан түрлі көмек көрсетіліп жатыр. Біздің тарапымыздан эвакуациялық пункттерде орналастырылған адамдарға медициналық көмек, тегін дәрі-дәрмектермен қамту, су тасқыны болған аймақтарда жұқпалы аурулардың таралып кетпеуін қадағалау, ауыз су мәселесі, тазалық мәселесін қадағалау, тиісті медициналық көмекті ұйымдастыру бағытында жұмыстар жасалып жатыр. Бүгін өздеріңізбен жүздесу, жағдайларыңызды білу, біздің тарапымыздан қандай да бір медициналық көмек қажет болып жатырса, қосымша ем қарастыру, санаториялық ем қажет болып жатырса, соны ұйымдастыру мақсатында өз орталарыңызға келіп отырмын. Барлығы да орнына келеді. Еш уайымдамаңыздар. Мемлекет тарапынан тиісті қаражат бөлініп жатыр. Кәсіпкерлер тарапынан да түрлі көмек ұйымдастырылып жатыр. Түсінемін, жағдай қиын. Бірақ барлығымыз біргеміз, ауызбіршілікте болып, осы қиындықты да еңсереміз деген сенімдемін. Өздеріңіздің қандай ұсыныстарыңыз бар, - деді Ақмарал Шәріпбайқызы.
Өз кезегінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов мемлекет тарапынан барлық азаматтарға көмек ұйымдастырылатынын жеткізді.
– Бүгін денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы сіздермен жүздесу үшін арнайы келіп отыр. Қандай ұсыныстарыңыз бар? Қандай да бір емделу мақсатында, санаториялық ем алу мақсатында облыс әкімдігі тарапынан тұрғындардың жолын көтеріп, Қазақстанның кез-келген жеріне апаруға дайынбыз. Денсаулық сақтау министрлігі сол жерлерге жайғастырып, емделулеріңізге толық мүмкіндік бар. Еңбек министрлігі де санаторияларда ем ұйымдастырып жатыр. Сонымен қатар мектеп оқушылары сауықтыру лагерлеріне жолданып жатыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, -деді Бақытжан Хаберұлы.
Кездесу барысында Қоржын ауылының тұрғыны Маратова Бақтыгүл қызының еріні қоян жырық екені, оған ота жасату үшін қазіргі уақытта жағдайы болмай отырғанын, соған жәрдемдесулерін сұрады. Қайрекенов Қуанышқали ағамыз аяғымның тамырлары 70-80 пайызға тарылып тұрғандығын, соны тазартуға қол ұшын берсеңіздер деген ұсынысын айтты. Ақжан Айтқали апамыз «Бізге жанашырлық танытатын, бізді іздеп келетін адамдардың бар екенін біліп жатырмыз. Біздің мында жағдайымыз жақсы. Менің айтайын дегенім төрт жасар Серғазы Қуанышқали деген балам жөнінде айтайын деп едім. Баламның бір бүйрегін алып тастаған. Анализдері жақсы деп бір жылдан кейін мүгедектігін алып тастады. Қазіргі күні ешқандай жеңілдікті пайдалана алмай отырмыз. УЗИ-ға түсіргенде мына жақ бүйрегіне салмақ түсіп тұр. Бала әлі жас, жүгіреді, секіреді, әлі ештеңені түсінбейді. Санаторийге барып ем алуды айтып отырсыздар. Рахмет! Барғымыз-ақ келеді. Алайда, көңіліміздің қошы жоқ. Жолдасымыз екеуміз де есепте тұрамыз, ауырмайтын жеріміз жоқ. Ол жаққа барғанда артымыз жайрап жатыр. Мына балалар қайда қалады? Мемлекет тарапынан болатын жеңілдікті алуымызды шешіп беріңіздер» - деген ұсынысын жеткізді. Кенжеғали Айжан апамыз 1988 жылғы қызы Кенжеғалиева Гүлфайруз туа бітті ДЦП екенін, сол қызына облыс көлеміндегі санаторияларға жолдама берсеңіздер деген ұсынысын жеткізді. Ауылдың басқа да тұрғындары су тасқыны кезінде тізеден су кешу салдарынан бүгінгі күні буындары ауыратындарын жеткізді. Соған аудандық ауруханадан күндізгі стационарда ем алуға ұсыныстарын жеткізді.
Өз кезегінде денсаулық сақтау министрі Ақмарал Альназарова тұрғындардың медициналық ем алу, санаториялық ем алу, басқа да қосымша ем алу бағытындағы ұсыныстары толығымен қабылданып, шешімін табатынын жеткізді. Сонымен қатар министр аудандық аурухана директорына және облыстық денсаулық сақтау басқармасынының мамандарына арнайы тапсырмалар жүктеді.
Қоржын ауылының тұрғындары атынан Бақытова Ақгүл «Қайырымдылықты ту етіп, осындай қиын жағдайда бізге келіп, көмек қолын созып жатырған адамдарға көп-көп рахет. Біздің ортамызға келсе, өзіміздің әке-шешеміз келгендей қуанып, қарсы алатын болдық. Ең бастысы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі ортамызға келгенінің өзі біз үшін үлкен мақтаныш. Осылай келіп көңілімізге қуаныш ұялатып жатырсыздар. Шипажайға барып ем алу, болмаса басқа да қосымша ем алу деп жатырсыздар, барлығына рахмет! Біздің жағдайымыз мұнда да жақсы» - деп өз көңілінін толқыныспен жеткізді.
Кездесуден соң денсаулық сақтау министрі эвакуациялық пункттегі тұрғындар тамақтанатын асханаға барып, тазалығы, тамақтың ұйымдастырылу жайымен танысты. Министр аудандық ауруханаға да бас сұғып, аудандық аурухананың жай-күйімен танысты. Сонымен қатар аурухана дәрігерлерімен кехдесіп, пікір алмасып, ұсыныстарын тыңдады.
Бекжан Қойшекенов,
Қаратөбе ауданы,
zhaikpress.kz