Айналамызды қымбатшылық кеулеп, бағаның бағамы күн санап өсіп отырғанда өз аулаң, өз өнімің болғанға не жетсін!Табиғи таза өнім әрі отбасының азық-түлік қоржыны толық деп осыны айтар болар. Мал шаруашылығымен айналысып, оның өнімін өндіретін ірі шаруашылықтарды айтпағанның өзінде, бау-бақша мен жеке аула шаруашылығының сан алуан жетістігін және өнімін әрбір сенбі сайын аудан орталығында өтетін ауыл шаруашылық тауар өнімдерінің жәрмеңкесінен көреміз. Айтқандайын, жыл сайын ауыл шаруашылығы өнімін өндіру ауданымызда еселеп артып келеді. Мал басы көбейіп, оның пайдасын көрген ауыл тұрғындарының тұрмысы да, әлеуметтік әл ауқаты да жақсарары сөзсіз.
Фото дереккөзі: review.uz
Цифрларды сөйлетсек, Шыңғырлау ауданының биылғы ауыл шаруашылық саласынан алынатын жалпы өнімінің көлемі 4 598,5 млн теңге. Бұл 2021 жылдың қаңтар-маусым аралығындағы деңгейден 2,1 пайызға өскенін көрсетеді. Ал, 2022 жылдың 1 қыркүйектегі жағдайы бойынша қарасақ, ірі қара мал басының саны 49114 немесе 2021 жылмен салыстырғанда 119,2 пайызды құрады,сондай-ақұсақ мүйіздімал саны - 47771, жылқы - 9396, құс - 52213. Соның ішінде, жеке тұлғаның мал санының үлесі төмендегідей: ірі қара - 15 997, ұсақ мүйізді (қой мен ешкі) - 27923, жылқы - 1978, құс - 50322.
«Осындайда мемлекет тарапынан берілетін көмектің бар екендігін ескеру артық болмас. Аудан көлемінде ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін сектор бойынша 251 тауар өндіруші заңды түрде тіркелген. 427 адам осы салада еңбек етуде. Сондай-ақ, асыл тұқымды етті бағытта ірі қара өсіріп отырған 24 шаруашылықтың еңбектері жемісті, қазіргі таңда 3265 бас мал тіркелген.Атап айтсақ, ірі шаруашылық саналатын «Ерқанат Групп» ЖШС, «Логистик Премиум» ЖШС, «Ақсуат» және «Басурманов» шаруа қожалықтары»,-дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Әлібек Жұппұлов.
Ал, асыл тұқымды қой өсірумен 4 шаруашылық айналысып келеді, қолдарындағы мал саны-1862. Әсіресе, «Бердібай-Бекзат», «Ақтөбе Асыл тұқым» ШҚ, «Бекманов»ШҚ жұмыстарын жолға қойып алған. Асыл тұқымды жылқы өсірумен 1 шаруашылық жұмыс атқаруда, олар көшім сұрыпты 59 бас жылқы көбейтуде.
Мал басын көбейткені және асылдандырып, оның өнімін алғаны үшін Үкімет тарапынан мол қолдау берілетіндігіне сенген әрбір шаруа мемлекет тарапынан алатын әрбір субсидиядан үміткер. Және оған қолы жетіп, шаруасын одан әрі дөңгелетіп отырған шаруалар да жетерлік. Қалай болғанда да бәрі де ауыл, адамдар үшін десек, субсидиялардың берері мол. Нақтырақ айтсақ, үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіндегі есеп бойынша аудан көлемінде берілген субсидия 333,9 млн теңге болса, оның 304,8 млн теңгесі тек қана мал басын асылдандыру бағытындағы атқарылған шаралар үшін берілген, ал 29,1 мл. теңгесіауыл шаруашылық техникаларын сатып алуға төленуде. Демек, шаруасын оңтайландырып,құжаттарын реттеген, жұмысын тиянақты жүргізген әр шаруа үшін субсидия өте қажет және тиімді екенін біле жүрейік.
Айсұлу Мұса,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz