Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Наурызбай Қарағойшин, ауылшаруашылық басқармасының егін шаруашылығы бөлімінің бас маманы Асылболат Кубиев, облыстық ветеринария басқармасының талдау, болжау, ветеринариялық есеп және лицензиялау бөлімінің басшысы Берік Иралиев, облыстық жер қатынастары басқармасының жерге орналастыру бөлімінің басшысы Нариман Жұмағалиев, «ҚазАгроҚаржы» БҚО филиалы директорының орынбасары Ербол Сералин, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының БҚО филиалы директорының орынбасары Мақсат Құланбаев,«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалы несие бөлімінің бас маманы Біржан Қажгереев, «Байер Каз» ЖШС аймақтық өкілі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Алдаберген Нұғманов қатысқан семинар-кеңес өтті. Семинар-кеңесте ауылшаруашылық саласындағы өзекті мәселелер және көктемгі-далалық жұмыстарға дайындық барысы талқыға салынды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Усағалиев баяндама жасады. Руслан Қайратұлының айтуынша, 2022 жылдың 1 қаңтарына ауданы бойынша 51297 бас ірі қара, 85938 бас ұсақ мал, 26094 бас жылқы малыжәне 97 бас түйе малы тіркелген. Өткен жылмен салыстырсақ,ірі қара– 7 пайызға, ұсақ малы –4,8 пайызға, жылқы–20,2 пайызға өсіп отыр. Ауданның болжамды егіс көлемі 21605,7 га, (170,1 пайыз) соның ішінде дәнді дақылдар 7353 га,(105,0 пайыз) майлы дақылдар 12034,7 га,(267,4 пайыз) екпе шөптер 2968 га (148,4 пайыз) егіс егіледі деп жоспарлануда. Аудан бойынша көктемгі егіске 34 шаруашылық құрылымы мен 1ГСУ егін егуге ниет білдіріп отыр.
2021 жылы тұқымдық түрлендіру жұмыстарына 17 496 бас аналық ірі қара малы қатысып, аудандағы тіркелген 25166 бас аналық ірі қараның 69,5% құрап, мемлекет тарапынан 179,4 млн. теңгеге субсидияланды.
Ауданның 196 ауыл шаруашылығы құрылымдарына мемлекет тарапынан мал шаруашылығына 440,348 млн. теңге төленді. Сонын ішінде ірі қара малының сапасын арттыру мақсатында өткен жылы ауданның 10 тауар өндірушілері 316,8 млн. теңгеге 706 бас асыл тұқымды ірі қара малын сатып алды, соның ішінде 120 бас голштин, 173 бас герефорд, 413 бас қазақтың ақ бас тұқымды қашарларын әкелді. Сәйкесінше мемлекет тарапынан 114,9 млн. теңге көлемінде субсидия төленді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының орынбасары Наурызбай Қарағойшин:
– Өңірімізден республикаға осы кезге дейін аналық малға субсидия 10 мың теңгеден төленген болса, 20 мың теңгеге, асылтұқымды малға 15 мың теңгеден берілген болса, 40 мың теңгеге көтеру, ұсақ малдарға берілген 2500 теңгені 4000 мың теңгеге, асылтұқымды қой басына төленген 4000 теңгені 8000 теңгеге көтеруге ұсыныс беріп отырмыз. Малдарды бірдейлендіру, сырғалауды иесінің емес, мемлекет есебінен жүргізу керек деп есептейміз. Жыл сайын шаруашылық құрылымдары қандай мал алып, қандай техника алатыны туралы 20 ақпанға дейін ұсыныс түсіруге тиісті болып келсе, ауыл шаруашылық құрылымдары субсидияға ілігу үшін мұндай шекті мерзімді де алып тастау дұрыс деп санап, жоғарыға жеткіздік. Шаруа қожалықтарының жұмысында бір олқылық бар. Ол – өзінің жұмысшыларын есепке алмау. Бір-екі адамнан басқа жұмысшыларды қожалық басшылары ресми тіркетпейді. Субсидииялау кезінде осы мәселе ескерілетін болады. 150 ірі қараға дейін, ұсақ малға 500 басқа дейін, жылқы мен түйеге 100 басқа бір адамға жүктеме беріледі. Субсидияланған малына бағатын адам саны сәйкес келуі керек,- деді.
Бірінші көктемгі далалық жұмыстарға облысқа 12 мың тонна жағармай бөлінді.
«ҚазАгроҚаржы» БҚО филиалы директорының орынбасары Ербол Сералиннің мәлімдеуінше, Сырым ауданына 2021 жылы 588 млн теңгелік 123 техника берілді. 2022 жылы 87 млн 560 мың теңгеге 5 техника алуға келісімшарт бекітілді. Ауданның дамуын көтеруге мүмкіндік бар, сусбсидия берілуде, қаржыландыру жүріп жатыр.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалы несие бөлімінің бас маманы Біржан Қажгереев биылдан бастап «Аграрлық несие корпорациясы» үш шарт бойынша несиелендіреді. Бірінші, көктемгі-далалық жұмыстарға арналған несие. Екінші «Агробизнес» деп аталатын әмбебап бағдарламада мал және егін шаруашылығына несие беріледі. Үшіншісі – «Іскер» деп аталатын кәсібін жаңадан басаған шаруа қожалықтарына арналған несие. Үш бағытта несиелендіру басталып кетті.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы БҚО филиалы директорының орынбасары Мақсат Құланбаев «Ақжайық Атамекен» микроқаржы ұйымының жұмысы туралы айтты. Несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6 пайыз. 12 айға жейін жеңілдік кезеңі қарастырылған. Мал шаруашылығы саласына 7 жылға, басқа салалар бойынша 5 жылға дейін несиелендіру жүргізіледі. Ауылдық елді мекендерге 2500 АЕК, яғни, 7,6 млн теңгеге дейін, қала, моноқалаларға 6500 АЕК – 19,9 млн теңгеге дейін несие беріледі. Несие «Бизнес Бастау», «Бизнес- кеңесші», «Бизнес өсу», «Жас кәсіпкер» сертификаттары бар кәсіпкерлерге беріледі. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында «Ақжайық Атамекен» микроқаржы ұйымына 2,2 млрд теңге несиелендіруге бөлінді.
Ауылшаруашылық басқармасының егін шаруашылығы бөлімінің бас маманы Асылболат Кубиев пен «Байер Каз» ЖШС аймақтық өкілі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Алдаберген Нұғманов жерді көктемгі-далалық егістікке дайындау, екпешөп егу, суармалы жерлерді тиімді пайдалану, мал азығын дайындау туралы айтты.
Одан кейін ауданның шаруашылық құрылым басшылары мен сала мамандары сауал қойып, ұсыныстарын білдірді. «Жібек жолы» ШҚ басшысы Ғанимат Нұрмұханов несиеге берілетін техникалардың бағасы қымбат екенін, оның 12-17 млн теңге несиесін жабам деп жүргенде қожалықтардың дамып, өркендеуге мүмкіндігі болмайтынын, жағармайдың мәселесін, егін шаруашылығымен айналысатын қожалықтар үшін тұқымның жоқтығы секілді қиындықтарды айтты.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz