Жайық және Шаған өзенінің деңгейі көтеріліп, қауіп төндірген округтің бірі – Көшім. Ауылдық округке қарасты 5 елді мекен бар. 4-уін Шаған жайылып үрейлендірсе, 1-уін Жайық көтеріліп, әбігерге салды.
- Бүгінде Шаған өзені деңгейінің ең биік межесі 797см, ал Жайық 857 см-ге көтеріліп тұр. Тасқынға тосқын қою мақсатында 14 сәуірден бастап ауыл тұрғындары және түрлі техниканың көмегі мен қауіпті тұстарға бөгеттер салынып, бекіту жұмыстары жүргізілді. Олар – Үлкен Шаған ауылындағы Набережная, Колесов, Көшім ауылындағы ЖОББ мектеп орналасқан көше мен Көшім каналының жағалауы, Ақсу ауылындағы Әйтеке би, Өтемісов және Абай көшелері. Бөгет биіктігін бүгінде 4-5м көтеруді қолға алдық. Бұл көшелерге аудандық ТЖ бөлімінен 2500 қап, 3 орам целлофан материалы бөлінді. Әр бөлімшеге кешкі кезекшілікке бір қызметкер қайықпен қойылып, көмекке берілуде. Бөгеттерді бекітуге ауыл тұрғындары, еріктілер және арнайы Қызылорда қаласынан келген 9 сарбаз атсалысты.
Сонымен қатар Алматы, Атыраудан жеткізілген техника күші мен Орал қалалық ТЖ бөлімінен 14 қызметкер және Үлкен Шаған ауылына 5 КаМАЗ, 2 жүк тиегіш көлік, 1 экскаватор берілді. Айту керек, Көшім ауылындағы эвакопунктке орналастырылған сарбаздарды аудандық «AMANAT» партиясының филиалы азық-түлікпен қамтамасыз етті. Қазіргі таңда өзен деңгейінің төмендеуіне байланысты қауіп азаюда. Сақтықтықта қорлық жоқ. Бөгеттерді бекіту жұмыстарын тоқтатпаймыз, - дейді ауылдық округ әкімі Ауған Ғарифоллаұлы.
Салтанат Зұлқарнаева,
Бөкей ордасы ауданы