13.04.2022, 12:00
Оқылды: 18

Судың да сұрауы бар

Биылғы келіп жеткен Барыс жылы Казталов ауданы үшін берекелі болмақ. Олай дейтін себеміз – қыстың өзі жайлы болып, қардың суы мол, көктемгі ылғалда жақсы болып тұр. Ағын судан аудандағы барлық сай-саламыз толғандай. Ендігі кезекте жоғарыдан қос өзенге келетін ағын судың жағдайы болмақ. Осы орайда кеше Казталов ауданының әкімі Рүстем Зұлқашев ауданға қарасты Сарыөзен мен Қараөзен бойында орналасқан бөгет, лимандарды аралап, «Қазсушар» мекемесінің өкілдерімен кездесті. Аудан үшін маңызы зор сапары барысында аудан басшысы ағын судың жәйі туралы біраз түсінік берді.

7

- Бүгінгі таңда Сарыөзен мен Қараөзенге Ресейден келетін ағын су бір қалыпты ауданымызға жетіп жатыр. Сапарымыз барысында Сарыөзендегі Казталов-1 су қоймасы төңірегіндегі лимандарға судың шығуын қарадық. Әзірге жаймен ағып жатыр. Солдат көліне және Әжібай елді мекені бағытында су шығарып жатырмыз. Сарыөзенге секундына 10 текше метр су жіберілуде. Ал Қараөзенде 11 сәуірге дейін секундына 10 текше метр су келсе, күні бүгінде 30 текше метр су ағып келуде. Мақсатымыз – осы ағын суды мүмкіндігінше тиімді пайдаланып, Қараөзен мен Сарыөзен бойындағы көлтабандарға, жайылмаларға шығарып алу. Қазір Қараөзен бойында орналасқан Гүрілдеуік бөгетінде судың көтерілуі байқалуда. Суды көлтабандарға шығару арқылы Гүрілдеуік бөгетіне баратын судың жүктемесін азайтуға жұмыстанудамыз. Ағын су төменде жатқан көршілес Жаңақала ауданына да жетуі қажет. Біздің болжамдарымыз бойынша ағын су 4-5 күн, әрі асса бір жұма ағатын болады. Судың бағытын өзгерту, лимандарға жіберуді реттеу үшін «Қазсушар» мекемесінің мамандары тиісіті шешім қабылдап, барлық жұмыстарды өздері атқарады. Олар жуырда Жаңақала ауданына су жеткізу үшін Дүкен бөгетін ашып отыр. Біз тек өз ұсыныстарымызды айтамыз. Әзірге өзен бойында орналасқан елді мекендердің суға кету қаупі жоқ,- деді Рүстем Мүлкайұлы.

9

Аудан басшысы «Қазсушар» Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының міндетін уақытша атқарушы Рауан Құсайыновпен кездесіп, Жалпақтал ауылындағы Автобаза көпірінің басына барды. Осы жерде округ тұрғындарымен ақылдасып, ағын судың көпірді жырып кетпеуі туралы шешім қабылдады. «Судың да сұрауы бар» демекші, ағын суды дұрыс жобалап, бөлетін болса суға тәуелді жайылмаларда шөпің де шығымы жаман болмас.

10

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале