19.10.2021, 9:33
Оқылды: 20

Сүйінші! «Сырым елінің» №3-інші үйі!

Газет редакциясына былай оқырмандарды айтпағанда, жазып – сызуға икемі бар, өлеңқұмар жандар жиі келеді. Аңсар Жетпісқалиев – сондай жыр қонған оқырманымыздың бірі. Өлең алып келеді, сәлем беруге соғады, әйтеуір газеттен алыстамайды.

1Кезекті санның беттерін түгендеп, мақаланың бірін жаңадан жазып, бірін түзетіп, қорытып, абыр – сабыр болып жатқанда, әдепті түрде есігімізді қағып, «ақырын жүріп, анық басып» ішке Аңсар кірді.

– Газетті өлеңге қарық болатын болды – ау!? – деп күліп қарсы алдық бауырымызды. Бірақ, Аңсардың жүзі сынық екен. Былайғы уақытта да томаға – тұйық, біртоға болып жүргесін, жүзінің сынықтығына аса алаңдамадық.

Аға! Өзімнің ауданымнан менің де үй алуға қақым бар ғой! – деп дүрс еткізді. Салмақты, сырбаз адамның түйіліп сөйлегені ауыр болады екен. Інімізден мәселесін анықтап айтуды сұрадық. Сөйтсек, өзі аудандық демалыс орталығында мәдени – демалыс жұмыстарын ұйымдастырушы болып еңбек етеді екен. Лауазымы – жарты бірлік қана. Мәдениет саласының қызметкері ретінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша баспана алайын десе, ол толық штатта қызмет етуге міндетті екен.

Жасыратын ештеңесі жоқ, өзімнің құлақтан кінаратым бар. Әкем мен анамның да денсаулығы мәз емес. Ескі үйді жамап, жасқап, жалдап тұрып жатырмыз. Менің де арманым бар, мақсатым бар. Бір баспана неге бермейді екен?! – деді ол. Ойланып қалдық. Қой болмас деп, інімізді ертіп, тұрып жатқан үйін көрдік. Әкесімен жолықтық. Шатыры шұрық тесік, төбесінен топырақ саулаған үй екен мекендері.

Газетшінің қолынан не келсін. Үйге келе сала, әлеуметтік желіге «Бақты байлаған  0,5 бірлік!» деп тақырып қойып, пост жаздық. Аңсардың мәселесіне биліктің назарын аудару ісі осылай басталды.

Кейін «Nur Otan» партиясы Сырым аудандық филиалының қабылдау бөлмесінде аудандық мәслихат депутаты ретінде қабылдау жасайтын күнімізге Аңсарды және беттесіп, сөйлесу үшін аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Ерлан Ғалымов пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Ержан Махмет мырзаны алдырдық. Қос бөлімнің қос маманы мәселені түсініп, шешу жолдарын қарастыруға уәде етті. Штаттық лауазым толықтырылмаса да, жұмыс орынының кепіл хатымен де «Дипломмен ауылға!» бағдарламасына қатысуға құқы бар екен маманның. Оны естіп бір қуандық.

Содан басталған шабыс, содан басталған жүріс өзінің сәтті аяғына жеткендей. Елде еңбек етіп жүрген маманымызға, бауырымызға қолдау білдірейік деп аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мұса Шалабаев пен оның әріптесі Ерлан Ғалымов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Салауат Нұрпейісов пен бас маман Ержан Махмет, «Демалыс орталығы» мекемесінің басшысы Динара Ихсанова шаруамыздың оң шешілуіне өз үлестерін қосты. Әсіресе, Ерлан Ғалымов ағамыздың мемлекеттік қызметкер ретіндегі табандылығын, ұқыптылығын айту ләзім. Тіпті керек жерінде, мәселені Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев пен оның орынбасары Асланбек Сарқұлов та назарға алып, міндеттерін адал атқарды.

Енді міне, ақжолтай хабар келді. Құжаттары мақұлданып, таңдаған баспанасы бағаланып, сұраған қаражаты шотына түсіп, Аңсар Жетпісқалиев «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша Жымпитыдан зәулім үй алып жатыр. Аңсар аңсаған күніне жетті.

Бұл жерде бәрі қалыпты көрінуі мүмкін. Маман жұмысқа тұрып, оп – оңай мемлекеттік бағдарламаға қатысып, оп – оңай баспаналы болған сияқты. Мүмкін солай да болар. Бірақ, мәселенің газет арқылы назарға ілініп, газет арқылы шешілгені де бізді жақсы істерге құлшындырады. «Сырым елі» «Газеттен жасалған үй» жобасы аясында қазақтың баспаналы болуына барынша – ақ атсалысқысы келді. Екі жыл елдің жинаған қаржысына екі үй алғанбыз. Осы жол есепшот ашпадық, жарияға жар салмадық. Дегенмен, Аңсардың жаңа үйін «Сырым елінің» №3 үйі деп қабылдап, бауырымызбен бірге қуанып жатқан жайымыз бар!

Менің ең үлкен арманым орындалды! Орындалмай жүрген мәселе еді. Оны шешуге көмектестен басшыларға рахмет! – деп хат жазып жіберіпті Аңсар. Оның үнін естіртуді жөн көріп, осы хабарды жазып отырмыз.

Қоныс құтты болсын, Аңсаржан!

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале