Македония астанасы Скопье қаласында халықаралық балалар және жасөспірімдер арасындағы халықаралық ән байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды.
Аталмыш ән байқауында 15-18 жас аралығындағы қатысушылар ішінен еліміздің намысын қорғаған теректілік Айсезім Тілекқабыл жүлделі ІІ орынды жеңіп алып, мерейімізді асырды. Ол жөнінде Айсезімнің ұстазы, үлгілі "Өркен" балалар вокалды ансамблі жетекшісі Гүлназ Құсайынова хабарлады. Теректілік жас таланттың алдына тек Ұлыбритания мемлекетінен келген әнші түссе, үздік үштікті Словениядан келген қатысушы түйіндеген.
Байқауда Айсезім Латиф Хамидидің "Бұлбұлын" орындап, ерекше қошеметке бөленген. Әлемнің мықты деген музыка мамандары теректілік әншіге жоғары баға беріп, Айсезім Италияда өтетін тағы бір халықаралық деңгейдегі байқауға шақырту алған.
Естеріңізде болса, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Ақжайықтың ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгереева осы Айсезімнің өнеріне тәнті болып, "Ақжайықтан Бибігүл - Бұлбұл шықты" деп тамсанған болатын. Үкілеген үміт ақталып, теректілік Айсезім Айбекқызы Батыс Қазақстан облысының мәдениеті деңгейін әлемге паш етті.
Осылайша, жыл Теректі ауданы үшін елеулі оқиғамен басталды! Қуан, Ақжайық!
Әділет Әлібекұлы,
Теректі ауданы,
zhaikpress.kz