Қытымыр қыс табалдырғымызды аттағалы елдің бәрі білегін сыбанып соғым науқанына кірісті. Жылқысы бар, сиыры бар әркім хал-ахуалы жеткенше, қалтасы көтергенше қысқы соғымын сайлап алуға тырысады. Ол шаруаның бәрі реттеліп болғасын жақын-жуықты жиып соғымнан ауыз тигізу дәстүрі басталады. Сол жиынға келгендер үй иесіне «Соғымың сүйкімді болсын!» деп тілек айтады. Алайда көпшілік бұл тілекті дұрысқа санамайды. Осы тұста жиын отырыстарда, әлеуметтік желіде «Соғымың сүйкімді болсын ба!» әлде «Соғымың шүйгінді болсын ба!» деген қос пікір туарсында талас көп. Біздің түрлі пікірлерді талдап, таразылап көрдік.
Суреттің дереккөзі: qarmaqshy-tany.kz
Белгілі журналист Қазбек Құттымұратұлы ағамыз фейсбук парақшасында бір-екі жыл бұрын мынадай жазба қалдырыпты. «Тележурналист Жандос Хамза шешен жігіт қой. Ол бір отырыста «Ет етке, сорпа бетке» емес, «Ет етке, сорпа дертке» деп айту керек», - деп астаналық қонақ құдаларды таң қалдырып еді. Қазіргі уақытта соғымнан дәм татып, не тілек айтарымызды білмейміз. Кейінгі жылдары «Соғым шүйгін болсын» деген сөз шықты, «Соғым сүйкімді болсын» деп те соғып жүрміз. Екеуі де көңілге қонымсыз, оралымсыз тіркес секілді. Осындайда Жандос «Соғым сүбелі болсын» деген нұсқаны ұсынып жатыр. Сыбаға жерде айтар осы орнықты оралымды жаппай қолдансақ, қайтеді?», - деп ойын жазыпты. Біздіңше өте көңілге қонымды нұсқа. Сүбелі сөзінің мағына зор екені даусыз. Демек көпшілік жоғарыдағыдай тартысқа түсіп, талас тудырмайды. Бұл нұсқаны бір деп қоялық.
«Халық үні» ақпараттық порталының шеф-редакторы, журналист Еркеғали Бейсенов өз пікірін былай деп дәлелдейді. «Шүйгін – қазіргі түсінігімізде шөбі құнарлы, суы мол, шұрайлы жер. Ал көне түркі тілінде өзгешелеу мағына меншіктенген: чівгін – тоқ, жұғымды, кенеуі мол ұғымында адам пайдаланатын ас, тағамға да қолданылған. «Чівгін аш» – жұғымды ас. Осы мағынада қырғыздарда сақталған чүйгүн – жұғымды (тамақ жөнінде). Біздің тілімізде де «Соғымың шүйгін болсын!» деген сөз бар. Ол соғымың кенеулі болсын, жұғымды болсын деген мағынада қолданылады» (Википедия).
Әрі қарай кеттік. Осы шүйгіннің мағынасын түсінбей, қабылдай алмаған біреулер «сүйкімді» деп таратып жіберген. Әйтпесе бауыздалған мал мен оның жіліктеп тастаған етінде қайдағы сүйкім?! «Бауы берік болсын!» дегендегі баудың кіндік екенін білмей, «Бауыры берік болсын!» деп ұрып жүргендер де көп. «Сәбиің алқаш болмасын!» дегені ме? «Туған күн» дегенді «туылған күн» деушілер де өз ана тілінің қаймағын қабылдай алмаған, кітап оқымаған біреулердің «сөздік қоры». Жалпы, бұл шүйгін дегеніміз – шөпке қатысты «құнарлы», асқа қатысты «жұғымды» мағынасында қолданылған сөз. Кейін бізде шөпке қатысты ғана болып қалды. Бірақ соғым соярда, яғни жылына бір мезгіл асқа қатысты әлі де қолданып жүргеніміз рас. «Соғымың шүйгін болсын!» деу қолданыстан енді түспейді. Оны бәрібір сұлу, көркем, әдемі сөздерінің «сүйкімді» деген синонимі алмастыра алмайды. Сойылған малдың етін сүйкімді болсын деп тұрған логикаға да қайшы сөз ғой. Ал күйлі, семіз екенін көріп тұрып, сойылып қойғаннан кейін «Күйлі, семіз болсын» деп тұрған тағы ұят. Сондықтан «Жұғымды болсынның» көне түркі тілінен бері келе жатқан «Шүйгін болсынын» қолдана бергеннің еш әбестігі жоқ, ағайын, - деп түйіндейді Еркеғали Бейсенов. Дәлелді сөздің қашан да құны жоғары. Сол себепті бұл нұсқаны да бұрыс деп айта алмайсыз.
Осы тұста тағы бір пікірді қоса кетсек. Елге белгілі филолог Нұрлыбек Саматұлы да бұл талас туралы өз пікірін дәлелді ұсынған екен. Енді соған назар салсақ.
Күзде күздік, қыста соғым соятын қазақтар бүгін «соғым сүйкімді бола ма, шүйгін бола ма» деп, бір тамаша сөз бастаған екен. Біздің түркі жұртында бірімізде мүлде ұмытылған, өзгерген немесе жұқанасы қалған сөз мағынасының екіншімізде жарық жұлдыздай жарқырап тұратыны бар. Біз міне осыған сүйсінуіміз керек. Мәселен қазақ «батыр – аңқау, ер – көдек» дейді. Иә, батырдың аңқау болатынын түсіндік, ал ердің көдек болғаны қалай? Сөйтсек «көдек» деген қырғыз тілінде («көөдөк») «бөбек» яғни бала деген сөз екен. Сонда батыр аңқау болса, ер де бала сияқты деген сөз. Екі тіркес бірін бірі толықтырып тұр. «Көдек» «бөбек»-ке айналған ба, әлде «бөбек» «көдек» болып өзгерген бе, ол жағын анықтау тілші ғалымдардың шаруасы.
Ал «шүйгін»-ге келсек, қырғызшада «чүйгүн» соғымға қатысты айтылса – семіз деген сөз. Ас, тамаққа қатысты айтылса – нәрлі. Олар чүйгүнді отқа да қатысты айтады. «Оттын чүйгүнү» дейді, демек от жақсы мағынасында лапылдап жақсы жанса, онда ол чүйгүн от болғаны. Шөпке қатысты айтқаны бізге жақсы түсінікті. Демек, шүйгін сөзінің мағынасы кең. Тіл ғылымы жағынан келсек «шүйгін» де, «чүйгүн» де дұрыс жазылып тұрған жоқ. Қазақ та, қырғыз да оны «ШҮЙГҮН» деп жазғаны жөн. Өйткені қазақ та, қырғыз да оны айтқанда жәй ғана «ШҮЙГҮН» дейді. Дегенмен қырғыз бізге қарағанда дұрысырақ жазатынын мойындауымыз керек,- деп пікірін білдіреді.
Сонымен қатар көп жастар ақпарат алатын «Масагет.кз» сайты да біз көтеріп отыған тақырып туралы ақпарат ұсыныпты. Олар этнограф ғалымдардан пікір сұрап, «Соғым сүйкімді болсын ба, шүйгін болсын ба?» деген сауалдың қайсысы дұрыстығын анықтап көрген екен.
Қазақ әдетте тілек айтуды «қатырады». Жылы лебіз білдіру үшін жанға шуақ, іске қуат беретін сөз айта білген. Қазір соғым уақыты. «Соғым шүйгін болсын», «соғым сүйкімді болсын» дегенді жиі еститін, айтатын болдық. Алайда кей көзі қарақты қауым «мұндай сөз дұрыс емес, қазақ тілінде ондай жоқ» дегенді айтып жүр. Осының анық-қанығын білу мақсатында тілші ғалымдардан сұрап көрдік.
Белгілі ғалым, профессор Нұргелді Уәли: «Қазақ - этика мен мәдениетті тамаша игерген, түйсіне алған халық. Әрқашан жақсы тілек айтып, сөйлесушімен, айналасымен жағымды қарым-қатынас орната алған. Ешқашан тоң-торыс жүрмеген. Ал тілек айту – бұл шынайы ниеттен туатын дүние. Ешкім қинап, тілек айттырмайды. Кетіп бара жатқанға да, келгенге де тілек айтады. Ендеше соғымың шүйгін болсын деп айту – халқымыздың сөзсаптамына сай қолданыс. «Соғым шүйгін болсын» тіркесі тілдік норма заңдылығы тұрғысынан алып қарасақ, ешқандай теріс қолданыс емес, нормаға сай тіркес». «Шөп көктемде не жазда шүйгін бола алмайды. Шүйгін дегеніміз – шөптің бүкіл нәрі мен қорегінің бетке шығуы. Яғни, ол құбылыс – күзде болатын нәрсе. Күзде шөптің ұшына бар шүйгіні шығып, мал содан семіреді. Соғымның күзде сойылатыны да сол. Малды шүйгінге бағу, шүйгіндету, шүйгіту - құнарлы жерге оттатудың белгісі», - дейді профессор Н.Уәли.
Ғалым, филология ғылымдарының докторы Рүстембек Шойбеков: «соғым шүйгін болсын!» деген тілек қазақта бұрыннан бар. Бірақ сүйкімді болсын дегенге қарағанда шүйгін деп қолданған дұрысырақ. «Соғым шүйгін болсын дегені - соғымның еті жеуге тұрарлық, дәмді, майлы болсын дегені. Соғымның шүйгін болуы – бұл молшылықтың белгісі», - деп түсіндірді ғалым.
Ал жазушы-этнограф Төрехан Майбастың айтуынша, қазақта «соғымың шүйгін болсын» деген де, «соғымың сүйкімді болсын» деген де сөз бар. Екеуі жарыспалы қолданылады. «Қазақ жылқыны сойғанда «шүйгін болсын», ірі қара сойғанда «сүйкімді болсын» дейді. Жылқы малының шүйгіндігі қабырғасындағы қыртысымен белгіленеді. Оны қазы дейді. Оның өзі саусақ өлшемімен өлшенеді. Пышақ сырты, бармақ, елі, екі елі, үш елі, төрт елі, табан, сере деп кете барады. Бұл жерде байқағыш адам сырт тұрған екі өлшемді анық көреді», - деп түсіндіреді этнограф.
Журналист, тіл мамандарының пікірі осылай болды. sozdikqor.kz сайтындағы мәліметке сүйенсек «Шүйгіндік» зат. ауыс. Жомарттық, дархандық, берекелік. Сəкеннің қатынының жылы қабағы, таңсық тағамды үйіп-төгіп тастаған шүйгіндігі көңілін көтерер емес (Т.Əлімқұлов, Сырлы наз, 77) мағына береді екен. Демек біздің пікірімізше «Соғым сүйкімді болсын!» емес «соғым шүйгінді болсын!» деген пікір дұрыс деп топшылауға болады. Бұл біздің пайым ғана. Біздің қарап, сараптап елге қонымды ой салатын тұщымды пікірлерді жинауға тырыстық. Белгілі журналист сөз білгірлерінің уәждері осындай болды. Барлығы дерлік ауызды құр шөппен сүртпей нақты дәйектеме келтірген. Оқырман өзіне жағымды пікірді алып, ортада барынша таратса деген тілегіміз бар. Бәлкім ел ішінде біз естімей жүрген бас да нұсқалар бар шығар...
Мейрамбек Сыдықов
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz