5.08.2024, 19:15
Оқылды: 155

Сұлтан Неталиев – ауылын түлеткен атымтай азамат

Бүгін ауданға осы елдің тумасы, №1 орта мектебінің түлегі, кәсіпкер, есімі елге танымал азамат Сұлтан Неталиев келді. Өздеріңізге белгілі, Сұлтан Дүйсенғалиұлы ауданның 100 жылдығына орай ауылдың шеткі аумағына көрік берген «Түлектер саябағын» салып, 1982 жылғы түлектер құрылысын жүргізіп, сыйға тартқан болатын. Биыл, мінекей өзінің түлеп ұшқан білім ордасы ғимаратының сырт келбетін әрлеу үшін суретшілер мен жұмысшыларды жалдап, алғашқы және соңғы қоңырауға арналған салтанатты жиындарды өткізу үшін мектеп жанындағы алаңға өрнектас төсеп, мектепке үлкен сый жасады.

513A2E43-DE17-4CD6-96DE-26D72F2EBE12

– Ауылдың жауһарына айналатын әрбір нысан халық үшін маңызды. Орталықта бой көтеріп тұрған мектепте соған сәйкес болу керек. Ауданның ең алғашқы мектебі – өзімнің білім алған, 42 жыл бұрын түлеп ұшқан мектебім. Мектепке келе жатқан әр ұстаз бен оқушы көңілді кіріп, ол мектептен көңілді шығу керек. Ғимарат сыртындағы суретті аудан әкімдігімен бірлесіп жасап, салдырған болатынбыз. Сонымен қатар жыл сайын мектеп жанында өткізілетін салтанатты шаралар шаң-тозаңсыз өткізілуі үшін жасалған. Барлық жасап жатқан іс ауыл үшін, - деді Сұлтан Неталиев.

Кейін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында аудан орталығындағы №1 мектеп-лицей мен «Түлектер саябағында» көшеттер отырғызылды. Ауданның тумасы, №1 орта мектебінің түлегі, кәсіпкер, есімі елге танымал азамат Сұлтан Неталиев көшеттерді әкеліп, өңірге сый жасады. Тал-теректерді Сұлтан Дүйсенғалиұлы, аудан әкімі Тимур Шиниязов пен оның орынбасары Жақсылық Абдолов отырғызды.

B8086D9D-D764-4E40-B1CF-13CFD605CEAB

Онымен қоса «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздары да атсалысты. Көшеттердің жақсысын таңдап ауданға әкелген Владимир Неждановтың айтуынша, барлығы 60 түп көшет әкелінген. Соның ішінде терек, қайың, жұпаргүл (сирень), шаған және боз қараған ағаштары бар. Владимир Николаевич батыс өңірін, соның ішінде Атырау, Ақтау қалаларын көгалдандырып жүрген өз ісінің майталманы.

Аудан әкімі Тимур Шиниязов өзінің атынан Сұлтан Дүйсенғалиұлы мен жұмыстардың басы-қасында жүрген Аслан Әубәкіровке алғысхат беріп, аудан халқы атынан ризашылығын білдірді. Сол сияқты №1 мектеп-лицейдің директоры Сапар Мәмбеталиев өзінің және мектеп ұжымының атынан алғыс айтып, естелік сыйлық, яғни фотосуреттерден құралған фотоколлажды сыйға тартты.

Гүлзара Мәди

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале