Бәйтерек ауданының Сұлукөл ауылында ауылдық округ әкімінің сайлауы өтуде.Ауылдық округ орталығындағы №192 сайлау учаскесі таңғы сағат 7.00-де есігін айқара ашып, жұмысын бастады. Алғаш болып дауыс берген ауыл тұрғындарына арнайы сыйлық берілді.

Сұлукөлде 536 тұрғын болса, соның 321-і сайлау құқығына ие. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, сағат 10-00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 10,9 пайызы, яғни 35 тұрғын келіп өз таңдауларын жасады.

Дауыс бергендердің ішінде былтыр «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жергілікті мектепке мұғалім болып келген Мұхамбет пен Ұлдай Тұрашевтар да бар. Бірі дене тәрбиесі, екіншісі география пәндерінің мұғалімдері болып табылатын олар – бес баланың ата-анасы. Отағасының сөзіне қарағанда, Сұлукөлдің табиғаты ғана емес, әлеуметтік-экономикалық дамуы да жақсы. Дегенмен де кезегін күткен жайттар да жоқ емес. Осы бағытта ауыл әкіміне жүктелер міндет зор. Сол себепті ауылға жанашыр, қолынан іс келеді деп сенген үміткерге дауыстарын берді.
Айта кету керек, ауыл әкіміне үміткер ретінде 3 азамат бақтарын сынап жатыр.
Қуаныш Қали
Бәйтерек ауданы