31.10.2022, 11:01
Оқылды: 126

Сүмбіл терек, аққайың көрік береді...

Ақжайық ауданына қарасты Қарауылтөбе ауылында жаңадан салынып жатқан мешіттің жамағатқа есігін айқара ашатын күні жақын. Өткен жылы қыркүйек айында ауылдың тілеуқор азаматтары бірігіп, мұсылман баласы үшін қасиетті ғимараттың іргетасын көтерген еді. Енді, міне, қыс айының жақындап қалғанын ескерген Асылбек Жұмағалиев пен Дастан Ихсанов осынау ғибадатхананың салынуына үлес қосқан азаматтардың атынан келіп, мешіт айналасына жасыл теректер отырғызды.

4

Күні ертең мешітке көрік берер қарағай, шырша, аққайың, сүмбіл  терек сынды жас өскін топыраққа сіңірілді. Айта кететіні,  осынау сауапты іс-шараға қарауылтөбеліктер өз еріктерімен келіп, көптеп қатысты. Олардың арасында үлкендермен қатар, жастардың, оқушылардың жүргені көңіл қуантты. Ағаш отырғызушылар жұмысты қыздырып жатқанда Мерует Қанатқызы бастаған Әйгерім Самиғоллақызы, Айғаным Маратқызы сынды волонтер бойжеткендер жігіттерге тәттілер мен шай әзірлеп, жақсы шараны одан сайын шырайландырды. Қарауылтөбеге жас маман болып келіп жатқан жас сәбилі Ерболат пен Хатима да бұл шаруадан шет қалмады. Анадай жерде қол арбада уілдеп жатқан жас сәбидің періште көңіліне қарауылтөбеліктердің осынау бір сәттері мәңгілік қонақтап қалған шығар, бәлки...

4

Ауыл әкімі Жәнібек Абиров ылғи ортасында жүретін осындай ауызбіршілікті жұмыстар Қарауылтөбеде жыл өткен сайын көбейіп келеді. Ауыл қамын қамдаған, ортақ шаруаны ойлаған сауапты істер молая бергей!

Е.Қыстаубаев,

Ақжайық ауданы

Қарауылтөбе ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале