31.07.2024, 12:45
Оқылды: 231

«Сурет салудан шабыт аламын, күш жинаймын» – Аружан Утяшова

Қоғамдағы әртүрлі құбылыстарды бояу тілімен баян етіп, өнерсүйер қауымды көркемсуреттің тылсым тереңіне бойлататын ғажайып құбылыс иелері – суретшілер. Суретші болу – қиял әлеміне ерік беріп, қызықты дүниелерді көре білу, түстерді сезіну. Бүгінде суретші болуға талпынатын жастар өте көп. Олар әлемді басқа қырынан танып, кез келген заттың әсемдігін бояу арқылы жеткізеді.

35D65246-FF78-453A-9965-A92BA67617E9

Барлық ғажайыпты бір параққа тоғыстыру да үлкен шеберлік екені анық. Осындай әсем дүниені жарыққа шығарып жүрген жас таланттардың бірі – Аружан Утяшова. Ол Ақсай қаласы №3 ЖОББМ-ның 7 сынып оқушысы.

Аружан – жан-жақты, алғыр және дарынды балалардың бірі. Оның – жастайынан суретке жаны құмар. Жас та болса осы бағыт бойынша көптеген үйірмелерге қатысып, аудандық, облыстық сонымен қатар республикалық сайыстардың бірнеше рет үздік жүлдегері атанған.

Атап өтсек, «Бояулар құпиясы» республикалық жас суретшілер байқауының аудандық кезеңінен І орын, аудандық «Қолөнер шеберлері» атты сәндік қолданбалы өнер байқауында «Аралас материалмен жұмыс» бағыты бойынша І орын, «Жас суретшілер» байқауының облыстық кезеңінен ІІ орын сияқты көптеген сурет байқауларында жүделі орындармен, дипломдармен және сертификаттармен марапатталған.

Сонымен қатар Аружан суреттен бөлек қолөнермен айналысып, көптеген әсем туындылардың жарық көруіне септігін тигізіп жүр.

Балалардың көбі балалық шағында сурет салғанды ұнатады.

Ата-анасы «менің балам суретші болады» деп бір қуанып қалады. Олар ғажайып әлемді ойлап тауып, қағаз бетіне түсіреді. Бұл бірте-бірте суретші болуға жетелейтін ерекше сезім. Біздің кейіпкеріміз де сурет салуды бала кезден жанына серік еткен.

36E31725-DA71-4243-8A66-B893D0EF83CD

«Өнерге деген сүйіспеншілік, құштарлық – адам баласының бойындағы ең құнды қасиет. Сурет салу бала кезгі арманым болатын. Мен сурет салудан шабыт аламын, күш жинаймын. Негізі 6 жасымнан бастап осы іспен шұғылданып келемін. Арнайы өнер мектебінде сурет салу бағыты бойынша қосымша сабаққа барамын. Сурет салу – танымның бір әдісі. Бос уақытымның көбін осымен өткіземін. Көбіне табиғат бейнесін салғанды жаным сүйеді. Жинаған туындыларым көп. Айтпағым, ең алдымен бала сурет сала бастаған кезде «оған мынау дұрыс емес» деп үйретпеу керек. Баланың бірте-бірте сурет салуға құлшынысы оянады, махаббаты ашылады. Менің бала кезімде ешкім қателігімді айтып, оны жөндеген емес. Бояуды беталды пайдалануға қарсылық білдіретіндер де бар. Бұл да дұрыс емес. Бала сурет салғанда еркін болу керек. Нені қалайды, соны жасасын. Беттің бәрін толық бояп тастаса да, бұл оның өз еркінде болғаны жөн деп ойлаймын. Егер баланың кішкентай кезінен бастап өз қалауы бойынша өмір суруге үйретсеңіз, ол болашақта өзіне не керегін түсінеді, өзі немен айналыса алатынына көз жеткізеді. Ата-анам бетімнен қаққан емес, қандай сурет салғым келеді, қандай құрал пайдаланғым келеді бәрі өз еркімде болатын. Осылайша суретке деген құлшынысымды арттырдым. Осы үшін ата-анама үлкен алғысымды білдіремін. Менің түсінігімде сурет өнері – қашанда ойды дамытып қана қоймай, сұлулыққа үндейтін бірден-бір өнер түрі. Шыдамдылықты талап етіп, жан-тәнін, бар уақытын бір кескінге арнап, қағаз бетіне телміріп отыру тек суретшілерге тән қасиет деп білемін.

Жүрегіме түйген арманды, көңілдегі қиялды, өткен күн мен келер болашаққа деген ойымды сурет арқылы жеткізу мен үшін аса маңызды. Суретті кез келген уақытта салу қиын, ол үшін шабыт қажет. Қиялға ерік берген кезде қолың жүріп кетеді. Көбіне жалғыз отырып, тыныш жерде жұмыс жасағанды ұнатамын. Сурет салғанда көңіл-күйімнің көтеріңкі болуы да өте маңызды. Ата-анам мені үнемі қолдап, әр жетістігіме қуанып отырады. Менің осы кішкентай болса да белеске жеткенім алдымен ата-анамның арқасы екені рас. Сонымен қатар ұстаздарымның күш жігері, ақыл парасаты жатырғанын атап өткім келеді. Мектептегі ұстазым, ақылшым, маған дұрыс бағыт көрсете білген Рамиз Талғатұлына үлкен алғысымды білдіремін. Осы жолда жеткен жетістіктеріме ұстазымның ерен еңбегі сіңді. Болашақта өнерімді дамытып, үлкен жетістіктерге жетіп, барша Қазақстанға танымал суретші болуды мақсат етемін. Ата-анамның үмітін ақтап, биік белестерді бағындырсам деп армандаймын. Ал армандардың орындалатыны рас», - дейді Аружан.

Өнер – халық тарихының шежіресі. Қазақта өнердің сан алуан түрі бар. Ән өнері, би өнері, күй өнері, қолөнер және тағы да басқа. Жанға тыныштық сыйлап, қиял әлеміне сапар шегуіне жетелейтіні – сурет өнері. Бұл өнер – өнер атаулының ішіндегі көркем де бейнелі қазынасы.

Қазіргі егемен елдің болашағы болар жас ұрпақты ұлттық дүниетаным негізінде тәрбиелеудің баға жетпес теңдесіз құралы. Ұлттың тарихын, салт-дәстүрін өткен тұрмыс-тіршілігін бейнелі әрі ұғымға жеңіл де көрнекті түсіндіретін тек сурет мұрағаты саналады. Бұл өнер түрі тек халықтық болмысты танытып қана қоймай, оқушының жеке тұлға ретінде талғамы мен танымының қалыптасуына мол септігін тигізеді.

Бейелеу өнері – жүректің өнері, ал өнерді сүю – өмірді сүюмен ұштас нәрсе.

Гүлсезім Сүйеуғалиева

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале