3.04.2024, 16:15
Оқылды: 75

Суретімен тәнті қылған Алуа

Жақында Ақсай қаласындағы «Art masters» өнер орталығының тәрбиеленушілері халықаралық жарысқа барып, еліміздің атын шығарып, сурет байқауынан жеңіспен оралды. Солардың бірі - Алуа Ұбайтжан. Алуа Ақсай қаласының №2 мектебінің 9-сынып оқушысы.

алуа (1)

Қазіргі уақытта Алуа мамандық таңдау үстінде, бірақ әлі нақты шешпеген. Алдағы уақытта ол дизайнер немесе медицина саласында оқығысы келеді екен. Алуа кішкентай кезінен көптеген үйірмеге қатысыпты. Мысалы, тілшілік, гимнастика, сурет, қолөнер, және тағыс басқа. Анасының айтуы бойынша, Алуа бисер мен моншақтан әр түрлі бұйым жасағанды және тамақ пісіргенді ұнатады. Алуа мектеп бітіргеннен кейін шетелде оқығысы келетіндіктен алдағы уақытта ағылшынға және қосымша биге қатысуды да ойластырып жүр.

алуа (2)

Алуа өнер орталығының сурет үйірмесіне 2 жылдан бері барып жүр екен. Осы уақыт аралығында бірнеше жарысқа да қатысып үлгерген. Ол ағымдағы жылдың 19-23 наурыз күндері Түркия елінің Стамбул қаласында өткен «ALASH STAR» musiс festival деп аталатын жарысқа барыпты. Жарыс хореография, вокал, аспапта ойнау, дәстүрлі ән, көркем сөз, актерлық шеберлік және бейнелеу немесе қолөнер бағытын қамтиды. Бұл фестивальдің басқа байқаулардан ерекшелігі суретті сол жарыс кезінде отырып салуында. Қатысушылар осы жарысқа ұсынатын туындыларын байқау әділқазыларының алдында, үш сағат уақыт ішінде салған. Басқа жарыстарда біраз уақыт бұрын салынған, ұстазының тексерісінен өткен суреттер жіберілетін болса, бұл жарыс басқалардан өзгеше болған. Осынысымен де қатысушыларды қызықтырған екен. Байқауға орталық атынан Алуа Ұбайтжан мен Римма Нұрмұқанова барып, екеуі де жеңіспен оралды. Нақтырақ айтсақ, Алуа І орын алса, Римма бас жүлдені еншілеген.

алуа (3)

Сонымен қатар Алуа 2023 жылдың 16-24 қыркүйек күндері Испания елінің Лорет Де Мар қаласында өткен «Жерорта теңізінің аңыздары» атты халықаралық фестивальге қатысқан болатын. Бұл жарыстан да өнер орталығының тәрбиеленушілері құр алақан қайтпаған екен. Аталған халықаралық байқауға орталық атынан Алуа, Римма және Аделя атты оқушылар қатысыпты. Жарыс қорытындысы бойынша Алуа мен Аделя І орын алса, Римма ІІ орын алып, жүлдемен оралған. Бұл жарысқа Алуа 10-14 жас аралығындағы балалар арасында қатысып, жұлдегер атанды. Испаниядағы жарыс қатысушыларға тек өз өнерін, шеберліктерін көрсету ғана емес, сонымен қатар үлкен тәжірибе және естен кетпес естелік болып қалған. Себебі жарыстан бөлек қатысушылар Испания, Италия, Франция және Монака елдерінің қалаларын аралап, саяхат жасаған. Орталық жетекшісі Ляззат Күшекбаева бұл жарысқа бару арқылы қыздар шабыт және ерекше әсер алғанын айтып өтті.

алуа (4)

-        Оқушыларымның жетістіктеріне мен өте қуаныштымын. Әрбір жетістік олардың біршама уақыт дайындалған еңбектерінің арқасында. Олар әр түрлі жанрдағы суреттерді салғанды ұнатады. Жақында өткен Стамбул қаласындағы жарыс оқушыларыма жаңа тәжірибе болды. Олар осы кезге дейін жарыстарға алдын ала дайындалған жұмысын жіберетін. Ал бұл жолы олар байқау барысында бірінші рет сурет салды. Сол жерде салып, өзіңнің шеберлігіңді көрсету – әркімнің қолынан келе бермейтін батылдық деп ойлаймын. Шәкірттеріме қазіргі жеткен жетістіктерімен тоқтап қалмай, тек алға, жаңа шыңдарды бағындыра берулерін тілеймін және сенемін, - дейді «Art masters» өнер орталығының негізін қалаушы, ұстаз, суретші және жетекші Ләззат Есенқұлқызы.

алуа (5)

Қазіргі уақытта «Art masters» өнер орталығында 120 тәрбиеленуші білім алуда. Оның 109-ы «Дамубала» платформасында мемлекеттен жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы бойынша тегін оқиды екен. Орталық балаларға және ересектерге арналған заманауи өнер мектебі. Бұған дейін орталық оқушылары Лондонда өткен жарыста да өз суреттерімен шетелдіктерді таңғалдырып, жүлделі жетістерге жеткен болатын.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале