Жуырда ауданымызға Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Көркемсурет Академиясының мүше корреспонденті, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының бас суретшісі Қайыр Оразғалиев келді.
Әрине, кім болса да, қай салада жүрсе де өзінің туған жеріне асығып тұрмай ма? Қ.Оразғалиев Ақжайық ауданы, Көнеккеткен ауылында өмірге келіп, осы ауылдан қанат қаққан түлек. Әйгілі суретші аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен балалар шығармашығы орталығы бірлесіп ұйымдастырған «Жақсымен жарты сағат» жобасының қонағы болды. Ол алдымен аудандағы сурет өнеріне талаптанған оқушыларға шеберлік сыныбын өткізді. Сонымен қатар шарада оның өнердегі досы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, елімізге танымал суретші Бақытқали Оразов болды.
Көрермендер қойған суалдарға байланысты өзінің балалық шағын, өнер жолына қалай келгенін, сурет өнерінің қыр-сырын әңгімеледі. Суретшінің сурет салудан басқа да сүйікті ісі көп екен. Айталық, саятшылық, балық аулау, мергендік, асық ойнау немесе музыка аспаптарында ойнау оны өзге қырынан таныта түседі. Шара барысында ол асық ойынын ойнап, гитара аспабыбен ән орындады.
Шараға қатысқан аудандық туризм және экология орталығының басшысы Максим Үмбетәлиев сөз сөйлеп, меймандарға естелік сыйлық табыстады. Суретшілер ауданда біраз күн болып, көрікті жерлерді бейнелемек.
Бекболат ҚАЛЕНОВ
Ақжайық ауданы
Суреттерді түсірген Абзал ЕСІРКЕПОВ