10.05.2023, 12:15
Оқылды: 32

Сүрінбеңдер, Сырымның сәйгүліктері!

Көктем табиғаттың ең тамаша кезеңі. Айнала – айна көл, көк кілем, дауалы ауа. Құдды құдаңның төріндей, жантайып жата кеткің келеді.

Жүлде -Шымырбелде!

Даланың алғашқы шаңын шабарман жүйріктер көтеріп үлгерді. Биылғы бәйгенің маусымашарын Жайықтың бергі бетіндегі Базаршолан бастады. Тайпаққа кілең тайпалғырлар жиналыпты. Атырау, Ақтөбе және Маңғыстаудан келген кіл жүйріктің арасынан сырымдық Мұратбек Мұхамбедиевтің тұлпары Ардакөк арқыраған күйі мәреге бірінші болып жетті.

Сол Ардакөк ентігін баспастан басқа бәйгеге аттанып кетті дегенді естіп, тақым қысып отыр едік. Күткендей, ақжолтай жаңалы жетті. Атырау облысы, Индер ауданында өткен аламан бәйгеде Ардакөк алдына қара салмай, сызықты бірінші болып кесті.

Мұратбек жерлесіміздің қолы құтты болып тұр. Өйткені, қос жирені де қосқан жерден жүлде жұлуда. Бапкер Оңғар баптаған Шымырбел Жаңақала ауданы, Қызылоба ауылында өткен 9 шақырымдық сында топ жарды.

Іле-шала Ілбішінде де үлкен бәйге өтті. Ол жарыста тағы бір жиренқасқа - Жебе екінші келіп, қуантты.

Айта кетейік, жүйріктермен бірге біздің ауданның атышулы шабандозы Ершат Нариманның бағы өрлеп, даңқы жайылуда.

Ершат – бүгінгі таңда Қазақстан бойынша ең сұраныстағы жокейлердің бірі.

Тасқұдықта тұратын атбегі Мұхтар Шулеовтың да дөнені де шапқан жерінде дүбір салуда. Бөрлі ауданында өткен топ бәйгеден бірінші келген Берденкөк кеше Қаратөбе ауданы, Қалдығайты ауылындағы аламанда сол жетістігін қиналмай қайталады.

Сүрінбеңдер, Сырымның сәйгүліктері!

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале