Ежелден мал баққан халқымыз ешкіні төрт түліктің қатарына қоспаса да қадірін жақсы білген. Себебі ешкі ерекше күй талғамайды әрі қойға қарағанда тез көбейеді. Бұған қоса ешкінің сүті де, еті де шипалы қасиетке ие.
Жалпы ешкінің сүті мен етінің қасиетін түсінген дамыған елдер бұл істі бір ізге қойған. Швейцарияда туберкулез, қан аздық, рахит, буын, тері ауруына шалдыққандарды әу бастан-ақ ешкі сүтімен емдеген. АҚШ секілді дамыған мемлекеттер ешкі сүтін жас нәрестелерге беру үшін арнайы дайындайды. Сондай-ақ ешкі өсіріп, одан тәуір табыс тауып отырған елдердің де қатары көп. Деректерге сүйенсек, жер бетінде Сексек ата тұқымының оннан аса түрі бар. Оның етті, етті-сүтті, түбітті-жүнді түрлері әлемде кеңінен таралған. Мәселен, ангор ешкісінің түбіті ұзын жібектей болса, заанин ешкісі сүтті келеді. Ешкінің етті тұқымы Қытай мен Үндістанда, сүттісі — араб елдері мен Еуропада, түбіттісі — АҚШ, Түркияда көп өсіріледі екен. Мүйізді жануардың басты ерекшелігі – күй талғамайды.
Тоқсан тоғыз аурудың емі
«Қойдың сүті — қорғасын, ешкі сүті — ем» демекші, оның сүті — А, С, В, Д, Е дәрумендері мен басқа да микро және макро элементтер қорының қайнар көзі болғандықтан адам ағзасына өте пайдалы өнім. Бұл түліктің сүті сонымен қатар белгілі бір аурумен ауыратын науқастар үшін ең тиімді табиғи дәрі. Жіпке тізсек, ешкі сүтіндегі май түйіршіктері сиыр сүтіне қарағанда өте төмен. Сондықтанда адам ағзасына түскен сүт тез қорытылып, сіңетіндіктен, түрлі факторлардың салдарынан әлсіреген ағзаға өте пайдалы. Сонымен қоса ешкі сүтінің құрамында калийдің мөлшері өте көп. Бұл элемент әлсіреген ағзадағы жүрек-қан тамыр жүйесі жұмысына өте қажет. Сонымен қатар сүйек тіндерін қатайтатын кальций және Д тобындағы дәрумендер қоры жеткілікті. Дәрігерлер балаға бір жастан бастап рахит ауруының алдын алу және оны емдеу үшін ешкі сүтін беруді ұсынады. Дәрігерлер мен ғалымдардың дәлелдеуінше, сүтті сүйегі сынған адамдар күніне 1 стақаннан ішіп тұрса, сүйегі бітіп, қалпына келу процесі 2 есе жылдам болады. Асқазан және ішек аурударының кез келген түріне ешкі сүті шипалы. Оның құрамындағы лизоцин асқазан және ішектегі шырышты қабық жараларын емдейді. Асқазан сөліндегі қышқылды бейтараптандыратын ерекше қасиетке де ие. Дәрігер-педиатрлардың анықтауынша, ешкі сүтін жиі ішетін балалар диатез дертіне шалдықпайды екен. Ешкі сүтінің ұйқы безінің қабынуында (панкреатит) да пайдалы екендігі дәлелденген. Бұл дертке шалдыққан науқас күніне 0,5 стақан шикі сүтті тамақтың алдында 2 ай бойы ішуі қажет. Халықтық медицинада қант диабетімен ауыратын науқастарға ешкі сүтімен жүргізілетін емдік тәсілдер өте көп. Соның бірі күніге әр 2 сағат сайын ешкі сүтін үзбей ішуге кеңес береді. Бірақ мұндай ем жүргізген кезде дәрі-дәрмек ішпеу қажет. Ешкі сүтінің қатерлі ісік ауруының алдын алып, оның жеңіл түрлерінен айықтыратын қасиетке де ие. Сүттің құрамындағы дәрумендер, микро және макроэлементтері ана ағзасы мен жатырдағы бала үшін де өте пайдалы. Ал сүт құрамындағы кальций баланың сүйегін дұрыс қалыптастыруға септігін тигізсе, болашақ ана тістерінің түсуін және тырнақтарының сынуын болдырмайды. Емізулі ана күнделікті ешкі сүтін пайдаланса өзінің ағзасымен қоса баланың ағзасын дәрумендер қорына байытып, жаңадан қалыптасып, дамып жатқан сүйектерін қатайтады.
Сондай-ақ, ешкі сүтін үзбей ішетін емізулі ана қан аздық дерті мен дәруменнің жеткіліксіздігінен сақтандырылады.
Косметологияда да өз орнын тапқан ешкі сүті терідегі түрлі бөртпелер мен дақтарды кетіруте табиғи тазартқыш құрал. Сонымен қоса теріні ағартып, шаштың түсуін тоқтатады. Ол үшін әр шашты жуған кезде, ешкі сүтімен шайып тұру қажет.
Ана сүтінен асқан азық жоқ, алайда…
Әмбеге аян, жаңа туған нәрестеге ана сүтінен асқан азық жоқ. Алайда анасы белгілі себептермен баласына омырау сүтін бере алмаса ше? Оған балама ретінде ешкі сүтін берген абзал. Ешкі сүтінің арқасында нәресте салмақты жақсы қосады Ешкі сүті балаға жақсы сіңеді, аллергия туғызбайды. Қалай берген дұрыс?
– Алты айға толмаған бала омырау еме алмаса, оған қоспа берген абзал. Алты айдан асқан балаға ғана ешкі сүтін бір шай қасықтан беріп бастап, ағзасын ақырын үйреткен жөн. Уақыт өткен сайын аз-аздан мөлшерін көбейтіп отырып бір жасқа жеткенде 100 мл дейін беруге болады, бір жарым жасқа келгенде бұл көрсеткішті 200 мл-ге көбейтсеңіз болады. Оны да ыстық сумен 1:5 қатынасында қосып бересіз. Екі жаста 1:2 қатынасында 200-250 мл, 3 жасында 400 мл сүтке дейін көбейтесіз. Бала ботқа жеуге үйренген кезде ботқаға қосатын майды ешкі сүтімен алмастырсаңыз болады. Балаға беретін ешкі сүтін тоңазытқышта не мұздатқышта 24 сағаттан аса сақтауға болмайды, - дейді мамандар.
Айтпақшы, үйде ешкі болмаса, сүтті өзіңіз толық сенетін адамнан ғана алу керек, ал пісіргеннен кейін міндетті түрде көбігін алып тастау қажет екен. Сүт құрамындағы пайдалы таурин аминқышқылы баланың иммунитетін жақсартып, өсуі мен дамуына көмектеседі. Тұмау болса, инфекция тараса, онымен жақсы күреседі. Ешкі сүтін ішіп өскен баланың тісі тез шығады, сау әрі берік болады. Өйткені бұл сүт А, В дәрумендерін, калий мен кальцийді жақсы сіңіреді. Ағзаға тез сіңетіндіктен ешкі сүтін ішкен бала жиі құспайды.
Табиғи өнімді тұтынар едік
Ешкі сүтінің немесе оны қосып жасаған өнімдердің денсаулыққа берері көп. Мәселен, белгілі швейцариялық ірімшіктердің құпиясы — ешкі сүтін қосқандығымен ерекше. Бүгінде балалардың сүйікті асына айналған йогурт ең алғаш ешкі сүтінен жасалған екен. Демек, ешкі сүтін өндіруді қолға алсақ, одан түрлі азық-түлік өнімін жасап шығаруға болар еді. Сөйтіп, құрамында жасанды қоспалары бар йогуртты емес, табиғи ешкі сүтінен жасалған өнімді тұтынар едік.
Сексек ата түлігінің пайдасы мол
Редакцияның орналасқан ғимаратында Мәриям есімді апай бар. Кіші қызметкер болып жұмыс істейді. Қашан көрсеңіз де асығыс жүреді, қимылы шапшаң. Бір сөзбен айтқанда, еңбекке епті екені көрініп тұр. Сол кісі құрт сатады. Бір күні әріптесім алып жатыр екен, мен де дәмін татып көрдім. Әппақ, тап-таза. «Құртыңыз айрықша дәмді екен» деп апайды сөзге тарттым.
— «Ақ мол болсын, қораң малға толсын» деген атам қазақтың батасымен өскен елміз. Әуел бастан мал шаруашылығы оң жамбасымызға келетін іс. Менің марқұм әкем кезінде ешкі баққан кісі. Бала күнімнен ешкінің етін жеп өстім. Қазіргі уақытта жолдасым екеуміз қой-ешкі ұстап отырмыз. Ешкінің еті, сүті ем екені белгілі. Отадан шыққан жандар сорпасын ішсе, шипа дариды деуші еді. Қос ешкімді таңертең және кешке сауамын. Сүттің 1 литрі – 1 000 теңге, жарты литрі – 500 теңге. Тапсырыс берушілердің үйлеріне дейін тегін жеткізіп беріп жүрміз. Сүтпен қоса, құрт та сатамын. Оның 1 түйірі – 100 теңге. Ал ешкінің өзін бұрын 20-25 мың теңгеге, сойып сатқан еттің 1 келісін 1600 теңгеге саттық. Келілеп сатқан етке сұраныс өте көп болды, - дейді Теректі ауылының тұрғыны Мәриям Досқазиева.
Иә, ешкі малы ежелден-ақ қазақ тұрмысында ерекше бағаланған. Оны көп жағдайда түлік басын көбейту мақсатында өсіреді. Өйткені, ешкі өте өсімтал жануар. Қой, сиыр орта есеппен жылына бір рет төлдесе, ешкі жылына екі рет, көбінесе егізден лақтайды. Қонақжай халқымыз ертеректе қонағына қой сойғаны болмаса, былайғы кезде шыртылдатып бөрте лақты жығатын. Ешкі еті қой етіне қарағанда тез қататыны рас. Бірақ, ол сіңімді әрі жеңіл, кенеуі де мол тағам. Себебі, ешкі – табиғатынан шөптің шүйгінін, яғни 550-ден аса түрін жейтін, судың тазасын ішетін өте талғампаз мал. Алғашқы қар түскенде «аяз түсіп, соғым сойғанша» деп, халық ерекше күтімде тұрған бес-алты жасар серкені соятын.
Әңгіме барысында кейіпкеріміз мал басын көбейтіп, кәсіп ашып дамыту үшін қор-қопсы, жем-шөп қажет екенін, осының бәрі қаржыға келіп тірелетінін тілге тиек қылды. Қазақта «Қойлы бай – қоралы бай, ешкілі бай – есепті бай» деген мәтел бар. Бұл халқымыздың ешкіні арнайы бір мақсатпен ұстайтынын, өсіретінін білдіріп тұрғандай. Енді халық ешкіні қандай мақсатпен ұстағанына тоқталсақ, біріншіден – сүті, екіншіден – еті, үшіншіден – терісі, төртіншіден – жүні мен түбіті үшін өсіреді.
Жайық ауылының тұрғыны Байболат Дүйсекенов бүгінгі таңда 20 ешкі бағып отыр.
– Ешкі – ұсақ мал болғанымен, қасиетті түлік. Мұны біз ертеден-ақ білеміз. Етін жеп, сүтін ішу мақсатында ұстап отырмыз. Ғаламтордан ешкі малын өсіру жөнінде көптеген мәліметтерді қарап жүремін, байқағаным, бұл кәсіппен шұғылдансақ, қайткен күнде де ұтылмасымыз анық. Ешкілерімді бағып, өсіріп жүргеніме үш жыл болды. Пайдасы шаш етектен, - деген Байболат негізгі жұмысынан қолы қалт еткенде ешкіні өзі сауып алады екен.
Ал Аңқаты ауылының тұрғыны Галя Мәмбетәлиеваның «Карамель», «Зита» деген сүтті тұқымды ешкіні өсіріп отырғанына төрт жыл болған.
– Жолдасым сырқаттанып қалғандықтан, дәрігерлер «ешкінің сүті мың да бір ем болады, соны пайдаланып көріңіз» деген соң, ешкі ұстап, сүтін ішуді ұйғардық. Әр сауған сайын 2 литрдей сүт шығады, - деді өз сөзінде.
«Сүті ағып тұрған бұлақ, еті тамағыңа бап» демекші, Сексек ата түлігін бағып отырғандар бір ауыздан «пайдасы мол» екенін айтты. Ендеше, ешкі бақ та, кәсіп баста!
Самал Жамет
Теректі ауданы